Күз – көңілдің пернесі
Әр мезгіл өз сұлулығымен таңдай қақтырады. Соның ішінде күз – бұл өте тамаша мезгіл. Күз мезгілі адамның көңіл-күйі секілді құбылмалы. Бірде жаңбыр жауып жатса, енді бірде күн шайдай ашылып тұрады. Ешнәрсеге таңғалмайтын болдық. Таңертеңмен жақсы көңіл-күйде жүрсең, әп-сәтте ренжітетін, жылататын, жүрегіңді ауыртатын, тыныштығыңды бұзатын жаңалық күтіп тұрса да таң қалмайсың.
Жылдың әр мезгілінің өз сыры бар. Күзде ағаш жапырағы сарғайып, айнала алтын түске боялады дегендей, өмірімізде де түрлі сары жолақтар пайда болып жатады. Бұл дегеніміз жаныңның жарты бөлшегін сарғая сағына күту. Күн күңіренгенде көңілің құлазып, жаның жай таппағанда күзде табиғат аясында демалудың өзіндің сыры бар. Және бір күздің артықшылығы – салқындығында. Ғалымдар 5 минут күзгі таза ауада серуендеу – көңіл-күйді көтеретінін айтады.
Күз мезгілін шығармашылық маусым кезеңі деп те айтуға болады. Осы уақытта жаңа туындылар шыға бастайды. Жазбада әдемі туындылар, өлеңдер осы кезде өмірге келеді. Жазушылар үшін таптырмайтын маусым. Небір әдемі проза, эсселер, жан тебірентерлік қызыққа толы әңгімелерде осы мезгіл кезеңі тамаша суреттелген. Яғни, осы маусымда керемет дүниелер өмірге келеді деген сөз.
Ауыл өміріне көз салсақ, диқаншылар егіс даласында дән жиса, ауыл адамдары отын, көмірлерін түсіріп, қыстан қысылмай шығудың қамын жасауда. Мұның өзі сәнімен болып жатқан қарбалас сәттерге толы кезең. Нақты айтқанда, күз – сиқырлы, сұлу мезгіл. Күз қоңыр болса да, сәттілікке толы болсын.
К. ЗДЕНОВА