Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көңіл – нәзік сезім

Көңіл – нәзік сезім

         Көңіл – адам табиғатының ең қымбатты асылы, рухани болмысының айнасы, қанат бітіріп, алға жетелейтін сезім мен сенімнің серігі, адам рухының тереңіне бойлайтын даңғыл жол, әрі осы жолдың  ең алғашқы қақпасы. Адам бойындағы  адамгершілік  қасиеттердің барлығы  көңілдің  көкорайында қылт етіп бүршік жарып, бейне бір  жапырағын жайған мәуеше  жайқалары сөзсіз. Имандылық, сүйіспеншілік, мейірімділік, рухани ләззат секілді асылдар – көңіл бағының  тәтті жемістері іспеттес. Көңілінің өрісі тарылған пенденің ойы, сана-сезімі, білімі де құлазып, қу тақырға айналады.
         Бұл өмірде адамдарға не жетпейді? Көңіл жетпейді. Осы бір ауыз сөздің астарында қанша мағына жатыр десеңші. Көңіл деген дипломатия, тактика, гуманизм.  Өмірде еленбейтін  ештеңе жоқ. Айтуға тұрмайтын ең ұсақ деген нәрсенің өзіне білдірілген көңіл кейде адам жанын жадыратып, шабытын тасытып, еселі еңбек­ке себепші болатыны белгілі. Адамнан адам­ның көңілінің қалатыны бір сәттік кез. Адам көңілінің шарықтауы да, қанаттануы да  бол­машы нәрседен: бір ауыз жылы сөзден үлкен салтанатты жағдайға дейінгі аралық.
         Адамның еңбегін, адам қызметін баға­лау­дың  өзі де көңілдің ең үлкен түрі. Қазіргі таңда адам еңбегін бағалауда біздің қоғамымыз әділ. Біздің елімізде еленбейтін еңбек жоқ. Құрмет көрсету, құрметтеу, мадақтау, алғыс білдіру, жазбаша түрде алғыстар айтылып, адал еңбек еткендерге ынталандыру сыйлықтарын беру. Мұның барлығы адамның көңілін аулау, құрмет көрсету болып табылады. Құрмет! Еңбекке жарам­сыз, асыраушысы жоқ, жасы асқан қарт­тарға, еңбек және Ұлы Отан соғысының арда­гер­лері мен әр топтағы зейнеткерлерге, көп балалы аналарға қандай құрметпен қарайды біздің мемлекет! Бәрі көз алдымызда, назарда. Бәріне ала-құласыз адал көңіл, қамқор көңіл! Адамдар арасындағы көңілге келетін болсақ, көңіл ұйытқиды, көңіл құбылады. Бірде шай­дай ашық аспан секілді жарқырап тұрса, бір­де айналаны қара түнек басқандай бұлт  тор­лайды. Ол да өзінше  аумалы-төкпелі ауа райы іспеттес. Көңіл – нәзік сезім.
         Сонымен адамдарға не жетпейді?  Әрине, көңіл жетпейді.
         Аспанда ай болмаса адасады,
         Көңілді көтермесе кір басады.
         Кеудесі жақсылардың алтын сандық,
         Сандықты кілт болмаса кім ашады?
         Әрбір арайлап атқан таң әрбір пенденің ал­дына жаңа проблема әкеп  тізіп қояды. Бірі­нің шешімін тапсақ, бірін таба алмай жата­мыз. Біріне үлгірсек, біріне үлгірмейміз. Бір қарбалас өмір! Осындай қым-қуыт тірші­лікте бірінің көңілін қалдырсақ, бірінің көңілінен шы­ғып отыратынымыз тағы бар. Жан-жағымыз­дағы жора-жолдастарымыздың қуанышына ор­тақ­тассақ, енді біріне аяғымыз жетпейді. Жет­кен күннің өзінде  «ертең», «кейінірек» деп жүріп, уақыт ұттырып аламыз. Мұның арты қаптаған өкпе, қаптаған қыртыс маңдай, сал­қын қабақ, ашу-ыза, салқын амандасуға әкеп соғады.
         Өмір, әрине, сол қарбалас тірлігімен қы­зық, қайнаған қарбаласымен мәнді. Көп нәр­сенің қадірін өтіп кеткеннен соң түсініп, аһ ұратынымыз да бар. Ойымыз жетіп тұрған нәрсеге мойнымыз жар бермейтіні және шындық. Соның бірі – көңіл аулау.
         Шынайы көңіл байлыққа, атақ-даңққа қарамайды, айналып келгенде адамына қарай көңілі емес, көңіліне қарай адамы: ақжарқын ақкөңіл, ақжүрек адамдар бар, жүзінен нұр төгілген, жүрген жері береке мен мерекеге толы, шат көңілді болса, енді бір топтағы адамдар қабағынан қар жауып, жүрген жері ызы-шу, қым-қуыт, сары уайым, көңілсіз жан­дар. Көпті көрген үлкендерден қалған өсиетті сөздерге мән берсек, тұнып тұрған тәрбие.
         «Ай көрмесе – ағайын жат, жыл көрмесе – жекжат жат». Осы бір сөздерді ой елегінен өткізген сайын, бірге туып өскенмен, арасы суыған жат көңілді жандар көз алдымызға елестейді.  Қуанышқа да, қайғыға да адамның қызметіне, лауазымына, билігіне, атақ-даңқына қарай сыйласатын, қатысатын адам­дар бар ала бұлт секілді. Мұндай адамдарды ала  көңіл адамдар тобына жатқызуға болады. 
         Сөзіне  қарай – көңілі. Адамның сөзіне қарап та өзін де, көңілін де танимыз.
         Адамның  жан мен  тән сұлулығы, рухани байлығы құбылуға құмбыл көңіл әлемінің сан қырлы, бір сырлы көрінісі болып табылады. Адамның жүзінен шуақ шашқан сырт келбеті мен нұрлы кескіні жарқырай көрініп, ішкі жан дүниесінен сыр шертеді. Кейде көңіл де жағаға соққан толқындай буырқанып, ойыңды әр қиырға самғатады. Адамның ішкі және сыртқы жағдайын жай ғана бір  әскерлерге теңесек, ал жүрек осы әскерлерді басқарып отырған  әскербасы іспеттес. Ендеше, адам баласы көңілге қашанда биіктен қол бұлғайтын  барлық сезім атаулыны өз бағытына қарай бағындыруы тиіс. Әркім өз көңілінің  басшысы.
         Қоршаған ортада қою тұмандай мұң мен ғашықтықты арқалаған киелі сапарда көңіл – біздің жол бастар адастырмас серігіміз. Өмірден өткенше, осы жол сілтеушінің соңынан қалмауға өмірдің ыстығы мен суығында, ойпаңы мен қыраттарында  осы бір бағыттан адаспауымыз керек.
         Көңіл... Көңіл тасу, көңіл көтеру, көңіл айту, көңіл білдіру, көңіл қою, көңіл жарастыру, көңіл хошы, көңіл  ризалығы....
         – Бәрі  көңіл. Бәрі қажет, бәрінің орны бар. Ең қиыны: көңіл табу, көңілден шығу, көңіл қимастық, көңіл жықпастық, көңілшектік. Кей  адамдарда  жақсы  көрінуі  үшін  көңілшектікті  қолдан  жасайтын  адамдар  да бар.
         Көңіл атаулының ең бір қауіптісі – ала көңіл. Ауру атаулының ауыры – көңіл жарақаты. Қазақта мынадай бір сөз бар. «Қалған көңіл – шыққан жанмен  тең», – деген. Шынымен де, өзің араласатын, қатысатын адамнан ауыр сөз есту жаныңды жаралап, тіпті жүрегіңді ауыртады. Сөздің құдіреттілігі соншалық, жаныңа жара салып, ол адамға деген  сенімің мен сезімің де өше бастайды. Қанша жерден көңіліңді көтергің келсе де, уақыт өткенмен, жара орнында жазылмас түйін немесе сызат қалары сөзсіз.
         Көңіл – әдеп, этика, этикет, мәдениет: інінің ағаға ілтипаты, кішінің үлкенге ізеті, құрметі, ата-ананың балаға, баланың ата-анаға, ұстаз­дың оқушыға, оқушының ұстазға деген жүрек жылуы – бәрі-бәрі көңіл.
         Көңіл  деген – адамдардың бір-біріне деген  шексіз адал қарым-қатынасы, адамдардың  қарым-қатынас  дәнекері.  Барлық нәрсе жет­кілікті болса да, кей кезде  адамдарға көңіл жет­пей жатады.  Ең аяғы бір-бірімізге жақсы сөз айтуды ұмытып жатамыз.  Отбасындағы  болып жатқан жақсылыққа  тілек айтып, «оң  болсын» деп өз ниетіңді білдірсең, бұл да көңіл. Адамды қуанышымен құттықтап, оны арқасынан қағып, ишарат білдірсе, қолын алсаң – ол да көңіл білдірудің бір түрі. Алыстан телефон ша­лып, ұстазыңды мерекесімен құттықтасаң, ұста­зың­ның төбесі көкке елі жетпей қалады.  Бұл – ұстазға деген құрмет.
         Қысқасы, көңілмен де көп мәселені ше­шуге, көп нәрсені тындыруға болатынына көзі­міз жетті. Адамның көңілін аулаудың негізгі объектілері: хаттар, ашық хаттар, теле­фон қоңыраулары, жеделхат, сәлемдеме, ескерт­кіш, некрологтар, автографтар, т.б. Жақсы көңіл күй қалыптасқан ортада береке мен бірлік, ынтымақ бар, қайнаған қызу жұмыс бар. Көңілің тасыған жерде жұмысың да мәнді, мазмұнды, ісің берекелі болады, алға қойған мақсатыңа жетесің, жеңіске қол жеткізесің.Жеңіс бар жерде бақыт та бар.
         Көңіл – сезім, нәп-нәзік  үлбіреген,
         Өмір –өзен, байқасаң, көңіл-дөнен.
         Ала көңіл болмасын адамдарда,
         Көңіл нұрдан тұрады өмір деген!
         Бағила Есенбаева
         Қызылжар  ауылы
23 қараша 2019 ж. 5 262 0