Гарант болу жауапкершілік жүктейтінін біліңіз

Әрине лажсыздан банктерді байытып, екі еселеп қайтарылатын несеиелерге ұрынып жататынымыз белгілі. Айлығыңыз аз болса, күнің кепіл болатын адамға қарайды. Кредит алар кезде жалақысы жақсы, несие тарихы мінсіз гарант табу да олжа. Бірақ кесірі шаш етектен көрінеді. Яғни біз ойлағандай, тек қағаз жүзіндегі жауапкершілік емес бұл. Кепіл болушы да қарыз алушы секілді банктің алдында борышты. «Аңқау елге арамза молда» дегенді халық дөп басып айтқан тәрізді. Көңілін жықпай кепіл болған туысыңыз, не танысыңыз несиесін өтей алмаса тыныштықты ұмытқаныңыз былай тұрсын, кепіл болған адам несиені өз қалтасынан төлеуге міндеттеледі. Осылайша, оның мүлкі де банктің меншігіне өтеді дейді мамандар. Мұның барлығы қаржылық білімсіздіктен. Сауатсыздықтың тағы бір сан соқтырар тұсы – гарант не қосымша қарыз алушы ретінде құжаттарға қол қоймас бұрын ескеретін жайттар өте көп. Қарыздың қай компаниядан алынатынына назар аударыңыз. Ол ұйымның қаншалықты қауіпсіз, сенімді екенін, оның шарттары мен ұсыныстарын мұқият қарап шығу керек. Қосымша өсім мен айыппұл бар-жоғын анықтау қажет.
– Егер де борышкер өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, олар кепілге қойылған мүлкінен айырылып қалу бек мүмкін. Бірақ борышкердің бүкіл мүліктері сатылып, бүкіл мүлігінен өндіріп алған соң ғана ол жасалады. Сізді гарант ретінде банкке сүйреген танысыңыз қарызын уақытылы төлемесе, болмаса төлем мерзімі өтіп кетсе, қаржылық ұйым сіздің де құлағыңыздың құрт етін жейді. Гарант дейміз, кепілгер, заемщик дейміз. Барлығының сайып келгенде міндеті, ақшаны төлей алмайтын, несие алған адамның жауапкершілігін банктің алдында қамтамасыз ететін адам. Банк ақымақ емес. Сіз арқылы ақшаның қайтуын қамтамасыз етіп отырады. Сондықтан, қол ұшын созамын деп, қарыздың қамытын киіп қалмас үшін мамандардан кеңес алған дұрыс. Ортақтасып кредит алар кезде, ойласыңыз, банктің құжаттарына қол қояр кезде ойланыңыз. Мың жерден сіздің досыңыз болса да, ертең оның басын күн шалғанда сізді банк мүсіркеп, сен кредит алған жоқсың ғой деп құтқармайды – дейді заңгер Жалдыбай Отарұлы.
Жақында бір танысым өзінің қиын жағдайға тап болғандығын айтып көмек сұрады. Ол өзінің таныс құрбысына кепіл болған екен. Басында бұл ұсыныстың астарында үлкен жауапкершілік барын түсінбеген танысым мақұл деп келісе салыпты. Банкке барғанда да егжей-тегжейлі ештеме айтылмаған. Ал кепіл болған құрбысы денсаулығына байланысты жұмыстан шығып қалып, несиесін төли алмаса керек. Бар жауапкершгілік мұның мойынына артыла кетіпті.
– Құрбым кепіл болшы деп өтінді. Мен келістім. Соңғы уақытта банктен күндіз де, түнде де үздіксіз хабарласып отырды. Құрбымның берешегі жөнінде. Бұл жағдайдың жалғасып келе жатқанына 1 жыл болды. Басында кепіл болғанымды күйеуіме айтпаған едім. Коллекторлардың қайдан тапқаны белгісіз, жолдасымның да телефон номерін тауып хабарласыпты. Күйеуім біліп қойып жанжал туды. Құрбыма айтайын десем ол «несиені жапқанмын» деп жалтаруда. Қазір басқа қалаға қоныс аударған. Телефон номерін де ауыстырып жіберген. Шынымды айтсам мазам қашып, берекем кетті. Құрысын деп төлеп құтылатын шығармын, - деді Фариза есімді тегінің жасырын болғанын өтінген құрбым.
Расымен де бүгінгі күні несие төңірегіндегі мәселе шаш етектен екендігі белгілі. Мұның бәрі сайып келгенде құқықтық сауатымыздың аздығынан болып отырған жағдайлар. Сондықтан заңды құжаттарға қол қоймас бұрын бұның салдарына үңіліп, зерттеп алған абзал. Яки болмай жатса, заңгерден кеңес алыңыздар.
Назерке МАРАТ