Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кепіл болуда кесір бар

Кепіл болуда кесір бар

БАНК ҚОМАҚТЫ НЕСИЕ АЛАТЫН КЛИЕНТТЕН ГАРАНТ СҰРАЙДЫ. ЗАҢГЕРЛЕР КРЕДИТ АЛҒАН АДАММЕН ҚОСА, ОҒАН КЕПІЛ БОЛҒАН КІСІ ДЕ БАНК АЛДЫНДА БІРДЕЙ БОРЫШТЫ ДЕЙДІ. ҚАРЖЫ САЛАСЫНДА ГАРАНТ АТАЛЫП КЕТКЕН ҰҒЫМНЫҢ ПАРҚЫНА БАРМАЙ, ЖАУАПКЕРШІЛІК АРҚАЛАЙТЫНДАР КӨПТЕП КЕЗДЕСЕДІ. ОНЫҢ СОҢЫ КЕЙДЕ ӨКІНІШПЕН АЯҚТАЛЫП ЖАТАДЫ. СЕБЕБІ ТАНЫСЫҢЫЗ АЛҒАН ҚАРЫЗЫН ӨТЕЙ АЛМАЙ ЖАТСА, СҰРАУЫ СІЗДЕН БОЛАТЫНЫН ЕСКЕРГЕН ЖӨН. КЕПІЛГЕР, ЯҒНИ ГАРАНТ БОЛУДЫҢ ТАҒЫ ҚАНДАЙ ҚАУПІ БАР? БІЗ БҮГІН ОСЫ ТУРАЛЫ АЙТАТЫН БОЛАМЫЗ.
Айлығың аз болса, күнің кепіл болатын адамға қарайды. Кредит алар кезде жалақысы жақсы, несие тарихы мінсіз гарант табу да олжа. Бірақ кесірі шаш етектен көрінеді. Яғни біз ойлағандай, тек қағаз жүзіндегі жауапкершілік емес бұл. Кепіл болушы да қарыз алушы секілді банктің алдында борышты. Бұл туралы заңгер Байтақ Сүлейменов былай дейді:
– Егер де борышкер өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, олар залогқа тігілген мүлкін, кепілінен айырылып қалу мүмкіндігі бар. Бірақ борышкердің бүкіл мүліктері сатылып, бүкіл мүлігінен өндіріп алған соң ғана ол жасалады. Сізді гарант ретінде банкке сүйреген танысыңыз қарызын уақытылы төлемесе, болмаса төлем мерзімі өтіп кетсе, қаржылық ұйым сіздің де құлағыңыздың құрт етін жейді, – дейді ол.
Жақында бір танысым өзінің қиын жағдайға тап болғандығын айттып көмек сұрады. Ол өзінің таныс құрбысына кепіл болған екен.
– Құрбым кепіл болшы деп өтінді. Мен келістім. Ол несиесін жаптым деген болатын. Бірақ банктен күндіз де, түнде де үздіксіз хабарласып отырды. Құрбымның берешегі жөнінде. Бұл жағдайдың жалғасып келе жатқанына 1 жыл болды. Күйеуім біліп қойып жанжал туды арада. Кұрбым болса нөмірін ауыстырып жіберген, - деген Үміт Мақсатқызы.
Тыныштықты ұмытқаныңыз былай тұрсын, қарыз алушының кредитті өтеуге жағдайы болмаса, онда кепіл болған адам несиені өз қалтасынан төлеуге міндеттеледі. Осылайша, оның мүлкі де банктің меншігіне өтеді дейді мамандар. Мұның барлығы қаржылық білімсіздіктен. Сауатсыздықтың тағы бір сан соқтырар тұсы – гарант не қосымша қарыз алушы ретінде құжаттарға қол қоймас бұрын ескеретін жайттар өте көп. Қарыздың кай компаниядан алынатынына назар аударыңыз. Ол ұйымның қаншалықты қауіпсіз, сенімді екенін, оның шарттары мен ұсыныстарын мұқият қарап шығу керек. Қосымша өсім мен айыппұл баржоғын анықтау қажет.
– Гарант дейміз, кепілгер, заемщик дейміз. Барлығының сайып келгенде міндеті, ақшаны төлей алмайтын, несие алған адамның жауапкершілігін банктің алдында қамтамасыз ететін адам. Банк ақымақ емес. Сіз арқылы ақшаның қайтуын қамтамасыз етіп отырады. Сондықтан, қол ұшын созамын деп, қарыздың қамытын киіп қалмас үшін мамандардан кеңес алған дұрыс. Ортақтасып кредит алар кезде, ойласыңыз, банктің құжаттарына қол қояр кезде ойланыңыз. Мың жерден сіздің досыңыз болса да, ертең оның басын күн шалғанда сізді банк мүсіркеп, сен кредит алған жоқсың ғой деп құтқармайды - дейді заңгер Б. Сүлейменов.
Расымен де бүгінгі күні несие төңірегіндегі мәселе шаш етектен екендігі белгілі. Мұның бәрі сайып келгенде құқықтық сауатымыздың аздығынан болып отырған жағдайлар. Сондықтан заңды құжаттарға қол қоймас бұрын бұның салдарына үңіліп, зертеп алған абзал. Яки болмай жатса, заңгерден кеңес алыңыздар.
Н. БАҚЫРАН
08 қараша 2022 ж. 421 0