Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Туберкулез – жұқпалы дерт

Туберкулез – жұқпалы дерт

Туберкулез ауруының қоздырғышы жәй көзге көрінбейтін шағын таяқша тәріздес бактериялар,бұл аурудың арнайы қоздырғышы бар екенін біліп, ықылым заманнан қазақ халқы «құрт ауруы» деп атау берген.
Туберкулез таяқшасы қоршаған ортаның әсерлеріне өте төзімді, ол ауада 30-60 минутқа дейін тіршілік ете алады, ал қараңғы, лас, күн сәулесі аз түсетін, желдетілмеген үйлерде 4 айға дейін, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас адамның құрғақ қақырығында 10 айға дейін, науқас адам оқыған кітап беттерінде 3 айға дейін, топырақта 1 жылға дейін, күл-қоқыста 2 жылға дейін, жуылмаған еденде, үй заттарында 1 жылға дейін, қатырылған сары майда 10 айға дейін, ірімшікте 8 айға дейін сақталады. Туберкулез таяқшасы 75 градус ыстық суда 30 минут қайнатқанда, құрғақ қақырықты 100 градуста қайнатқанда 45 минуттан соң ғана жойылады, залалсыздандыру заттарының жоғары пайызды мөлшері ғана бұл қоздырғышты жоюға қабілетті. Тікелей түскен күн сәулесі де туберкулез таяқшасын жояды.
Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде,қақырғанда,қатты дауыстап сөйлегенде ауа тамшылары арқылы туберкулез таяқшасы қоршаған ортаға таралып, басқа сау адамдарға жұғады, бір тамшы қақырықта миллиардқа жуық туберкулез таяқшасы болады. Науқас адам пайдаланған ыдыс-аяқтар, заттар арқылы да ауру жұғады.
Туберкулездің басқа жұқпалы аурулардан айырмашылығы – аурудың жасырын өту мерзімі анық емес, 1 айдан 1 жылға дейін, тіпті көптеген жылдарға созылуы мүмкін, туберкулез таяқшасы адам ағзасына жасырын түрде еніп, өкпеге қоныстанып,өкпені құрт секілді құрта бастайды. Зерттеулер барысында әлемде әрбір үшінші адамның ағзасында туберкулез таяқшалары бар екені анықталды, тек бір адамдарда ол « мүлгіген » жағдайда болса, кейбір адамдарда ағзасының әлсіреуінен , басқа туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқаспен араласу кезінде ауру жұқтырып, бұл адамдарда туберкулез ауруы бас көтереді.Туберкулездің тағы бір ерекшелігі - туберкулезбен бір рет ауырған адам қайталап ауыруы мүмкін, яғни бұл ауруға өмірлік иммунитет қалыптаспайды.
Туберкулезден балаларды сәби кезінен бастап қорғау керек, яғни перзентханада туылған сәтте туберкулезге қарсы алғашқы егу шарасын жасату қажет. Балаларда туберкулез ауруын ерте анықтау мақсатында Манту сынамасын жасату керек. Осы мәселелерге әрбір ата-ана жауапкершілікпен қарағаны жөн. Балаларда ересектерге қарағанда туберкулез ауруы тез дамиды, әрі туберкулезді менингит секілді асқынған түріне апарып соқтыруы мүмкін. Жасөспірімдер мен ересектер жыл сайын флюорографиялық тексеруден өтіп тұруы қажет. Әрбір адам салауатты өмір салтын ұстанып, құнарлы тамақтанып, ағзаны шынықтыруы керек. Жеке бас тазалығын сақтап, үйді, ауланы, жұмыс орнын таза ұстау керек, бөлмелерді жиі желдетіп, бөлмелердің терезе жапқыштарын ашып, күн сәулесінің мол түсуін қамтамасыз ету қажет.
Туберкулез – жұқпалы ауру, бірақ жазылмайтын дерт емес. Онан сақтануға болады, ал егер ауыра қалған жағдайда тиісті емін толық алса, айығары анық.
Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден аулақ болып, туберкулез дертінен сақтанғаны жөн.

А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық Сэбб басшысы 

tolqyn.kz

15 желтоқсан 2023 ж. 377 0