Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Туберкулездің алдын алу шаралары

Туберкулездің алдын алу шаралары

Арал ауданы тұрғындары арасында туберкулез ауруының жұқпалы түрімен 2021 жылы 29/0 жағдай болса, 2022 жылы 32 жағдай тіркеліп, оның 1-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. 2023 жылдың қаңтар айымен осы кезге дейінгі аралықта 10 жағдай тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны-1,жасөспірім саны-2. Мектеп  оқушылары-3.
Елімізде туберкулезге қатысты эпидемиологиялық ахуал соңғы жылдары тұрақтанғанмен, әлі күнге өте күрделі қалпында қалып отыр. Ауырғандардың басым көпшілігі еңбекке жарамды жастағылар. Жұқпаның 90% астамында туберкулездің өкпе формасымен ауыратын науқастар .
        Туберкулез ауруының қоздырғышы жәй көзге көрінбейтін шағын таяқша тәріздес бактериялар. Туберкулез таяқшасы қоршаған ортаның әсерлеріне өте төзімді, ол ауада 30-60 минутқа дейін тіршілік ете алады, ал қараңғы, лас, күн сәулесі аз түсетін, желдетілмеген үйлерде 4 айға дейін, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас адамның құрғақ қақырығында 10 айға дейін, науқас адам оқыған кітап беттерінде 3 айға дейін, топырақта 1 жылға дейін, күл-қоқыста 2 жылға дейін, жуылмаған еденде, үй заттарында 1 жылға дейін, қатырылған сары майда 10 айға дейін, ірімшікте 8 айға дейін сақталады. Туберкулез таяқшасы 75 градус ыстық суда 30 минут қайнатқанда, құрғақ қақырықты 100 градуста қайнатқанда 45 минуттан соң ғана жойылады, залалсыздандыру  заттарының жоғары  пайызды  мөлшері ғана бұл қоздырғышты жоюға қабілетті. Тікелей түскен күн сәулесі де  туберкулез таяқшасын  45-55 минутта жояды.
          Клиникалық белгілері: кеудедегі ауырсыну, екі аптадан астам жөтел, арықтау, тәбеттің төмендеуі, ентігу, түнгі терлеу, жалпы әлсіздік, тез шаршағыштық.
Инфекция көзі- туберкулезбен науқастанушы адам. Адамдар арасында туберкулез ауруы  науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде, қақырғанда, қатты дауыстап сөйлегенде ауа тамшылары арқылы туберкулез таяқшасы қоршаған ортаға таралып, басқа сау адамдарға жұғады, бір тамшы қақырықта миллиардқа жуық туберкулез таяқшасы болады. Науқас адамның пайдаланған ыдыс-аяқтары, жеке заттары арқылы да ауру жұғады.
Туберкулездің басқа жұқпалы аурулардан айырмашылығы – аурудың жасырын өту мерзімі анық емес, 1 айдан 1 жылға дейін, тіпті көптеген жылдарға  созылуы мүмкін, туберкулез таяқшасы адам ағзасына жасырын түрде еніп, өкпеге қоныстанып, өкпені құрт секілді құрта бастайды. Зерттеулер барысында әлемде әрбір үшінші адамның ағзасында туберкулез таяқшалары бар екені анықталды, тек бір адамдарда ол « мүлгіген » жағдайда болса, кейбір адамдарда ағзасының әлсіреуінен, басқа туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқаспен араласу кезінде ауру жұқтырып, бұл адамдарда туберкулез ауруы  бас көтереді.Туберкулездің тағы бір ерекшелігі  - туберкулезбен бір рет ауырған адам қайталап ауыруы мүмкін, яғни бұл ауруға өмірлік иммунитет қалыптаспайды.
Туберкулезге шалдығу жылдың барлық мезгілдерінде тіркеледі,әсіресе қыс мезгілінде  көбірек тіркеледі. Негізінен,бұл ауруға халықтың осал топтары-ерте жастағы балалар, жасөспірімдер және қарттар (60 жастан асқандар)жиі шалдығады. Өйткені осы жастағы адамдардың ауруға қарсы тұру қабілеттері төмендеп, әртүрлі жұқпалы ауруларды қабылдағыш келеді.
Алдын алу шаралары :
Әрбір адам салауатты өмір салтын ұстанып, ағзаны шынықтыру, таза ауада көп жүру,спортпен шұғылдануы керек;
Күнделікті асқа құнарлы, дәруменге  толы тағамдарды пайдалану.
 Жеке және қоғамдық гигиена ережелерін сақтап, үйді, ауланы, жұмыс орнын таза ұстау , бөлмелерді жиі желдетіп, бөлмелердің терезе жапқыштарын ашып, күн сәулесінің мол түсуін қамтамасыз ету .
Жасөспірімдер мен ересектер жыл сайын флюорографиялық тексеруден өтіп тұруы қажет.
Туберкулезден балаларды сәби кезінен бастап қорғау керек, яғни перзентханада туылған сәтте туберкулезге қарсы алғашқы егу шарасы, кейін алты жасында қайталап егу шарасын жасату қажет. Балаларда туберкулез ауруын ерте анықтау мақсатында Манту сынамасын жасату керек.
Осы мәселелерге әрбір ата-ана жауапкершілікпен қарағаны жөн. Балаларда ересектерге қарағанда туберкулез ауруы тез дамиды, әрі туберкулезді менингит секілді асқынған түріне апарып соқтыруы мүмкін.           
Туберкулез – жұқпалы ауру, бірақ жазылмайтын дерт емес. Онан сақтануға болады, ал егер ауыра қалған жағдайда дәрігерге уақытылы көрініп,  медицина қызметкерлерінің бақылауымен тиісті емін толық алса, осы аурудан айығары анық.
Әрбір адам өз денсаулығына  үлкен жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден аулақ болып, туберкулез дертінен сақтанғаны жөн.
М.  САДЫҚОВА,
Арал санитариялық- эпидемиологиялық бакылау баскармасынын бас маманы 
16 наурыз 2023 ж. 634 0