Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан бойынша респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау ауруының тіркелу деңгейі

Аудан бойынша респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау ауруының тіркелу деңгейі

Арал ауданы бойынша 2022  жылдың қаңтар айы мен  наурыз айының аралығында аудан тұрғындары арасында жедел респираторлық вирусты жұқпалардың 537 жағдайы тіркеліп, оның 281-ы 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болса, 31 жағдайы жасөспірімдер, 7-і екіқабат әйелдер арасында тіркелді. 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы аурушаңдық көрсеткіші 52,3 пайызды құрады. Наурыз айында тіркелген жедел респираторлық вирусты жұқпалардың 157 жағдайының 85-і 14 жасқа дейінгі балалар болса, 9-ы жасөпірімдер арасында  тіркеліп отыр.   
Елді мекендер кесімінде: Арал қаласы-262/165, жасөспірім-16, ауылдық жерлерден-275/116, жасөспірім-15.
Тіркелген жедел респираторлық вирусты жұқпалардың ішінде стационарлық жағдайда емделгені-15, оның ішінде екіқабат әйелдер саны-7, 1 жасқа дейінгі бала саны-2.  Тұмау жұқпасы тіркелген жоқ.
Жедел респираторлық вирусты жұқпалар  мен тұмау ауруы халық арасында кең тараған жұқпалы аурулар қатарына жатады.Жер бетінде жыл сайын осы жұқпамен миллиондағанадамдар ауырады. Аурушаңдық  көрсеткіші ересектерге қарағанда  балалар арасында жоғары, әсіресе нәрестелер мен жас  балалар жиі шалдығады.  Әрбір ересек адам жыл бойы орташа есеппен екі рет ЖРВИ-мен ауырады, мектеп жасындағы балалар кемінде 3 рет, ал мектепке дейінгі балалар 4-5 рет ауруы мүмкін.
ЖРВИ-да немесе тұмауда  инфекция науқас адамнан сау адамға жұғады. Кей жағдайда ауа арқылы да жұғады. Инкубациялық кезеңі қысқа, бірнеше сағаттан 7 күнге дейін, орташа есеппен 3-4 күнге созылады. ЖРВИ-мен ауру адам айналасындағы кісілерге 3-5 күн бойы жұқпалы. Сау адам бұл ауруды өте тез қабылдайды, вирус тыныс алу жолдары арқылы  адам ағзасына енеді.
Бұл ауру адамға өте қауіпті. Өйткені, ауру қоздырғышы вирустар  адам бойындағы басқа ауруларды қоздырады. Әсіресе, мектеп жасына дейінгі балалар арасында өте қауіпті.  Бес жасқа дейінгі балалар арасында ЖРВИ-мен немесе тұмаумен  науқастанған балаларды дер кезінде дәрігерге көрсетіп емдемесе, асқынып кейіннен пневмонияға ұласып кетуі мүмкін. Сондықтан да ата-аналар, балалары ауырып, жөтеліп, тынысы тарыла бастағаннан тез арада дәрігер көмегіне жүгінуі керек. Бұл әрбір адам үшін маңызды.
О. МОШАНОВ,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысының міндетін атқарушы. 
07 сәуір 2022 ж. 615 0