Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихта қалған табысты жыл

Тарихта қалған табысты жыл

Жыл жаңарғалы да жарты айды кейінге қалдырдық. Қашанда алдағы күннен жақсылық күтетін ел ретінде биылғы жылы да ауданда айтарлықтай өзгерістер мен жағымды жаңалықтардың орын алатынан үміттіміз. Десек те өткен күнге зер сала кету қажет. Әлбетте уақыт еншісінде елеулі дүниелердің қалып жататынын білеміз. Сондықтан бүгін өткен жылдың өзекті деген тақырыптары жайлы қысқаша атап өтуді жөн санадық.

Қызылорда облысының 85 жылдығы және Арал ауданының 95 жылдығына тұспа-тұс келген 2023 жыл халық жадында жақсылығымен қалды деуге негіз бар. Себебі негізгікапиталға салынғанинвестиция көлемі айтарлықтай артып, ауданымыздың бюджетінің қазынасы да молайды. Мұнан бөлек әлемдегі геосаяси жағдайдың тудырған қиындығына қарамастан аудан брендтеріне баланған «Аралтұз» АҚ-ның тұзы мен балық шаруашылығы саласында да табысқа жеттік.
Ал кәсіпкерлік бағытындағы жұмыстардың жүйелілігі арқасында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6184 бірлікке жетіп, оларда 9247 адам жұмыспен қамтылған. 8,7 млрд теңгенің өнімі өндірген шағын кәсіпкерлік саласындағы жандар ауданның дамуына елеулі әсер етті. Табысты саланының көкжиегін кеңейту мақсатында кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден 3,1 млрд теңге қаржы тартылып, 188 жоба қаржыландырылды. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында қайтарымсыз грант табысталып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 74 жоба несиелендірілді.
Мемлекеттікқолдаулардыңнәтижесінде жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға дейін төмендеп, тұрақты жұмыспен қамтылған адамдар саны 1558 адамға жетті.
Асыраушы салада да ауқымды жұмыс бар. «Ауыл шаруашылығын дамытудың Жол картасы» бойынша бүгінде мал, егін, балық шаруашылығын дамыту бағыттарындағы еселі еңбектің нәтижесінде Арал ауданы «Алтын дән – 2023» салтанатты шарасында екінші рет қатарынан мал шаруашылығы саласында төрт түлік санының өсу динамикасын қалыптастырған және мал өнімдерін өндіруде жоғары жетістіктерге жеткені үшін «Озат аудан» номинациясымен марапатталды.
Елді елең еткізген ерекше қуаныш та 2023 жылдың еншісінде. Кіші Арал теңізіне суды жіберу, судың тұздылығын төмендету және Көкарал бөгетін нығайту жұмыстарына 1,5млрд теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізуде.
Мұнан бөлек Жалғызағым, Тастүбек елді мекендерінде медициналық бекеттер іске қосылып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық жоба аясында Бөген, Қызылжар елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар ашылып, аймақ басшысының қатысуымен пайдалануға берілді. АлКөктем елді мекеніндегімедициналық бекет жақын күндері іске қосылады. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, Тоқабай елді мекенінде дәл осындай дәрігерлік амбулатория құрылысы бастау алмақ. Бірқатар елді мекендерге медициналық бекеттердің құрылысын жоспарлануда.
Соңғы 3 жылда жекеменшік балабақшалар желісі 12 бірлікке өссе, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи әрі жайлы білім ордаларының 4-еуі салынатын болады. Біреуінің құрылысы басталып та кетті. Мұнан бөлек биыл аудан бойынша 2 жаңа мектеп пен 1 қосымша құрылыс салынса, 7 білім ұясы жаңғырту бағдарламасына енгізілді. Сондай-ақ демеушілер есебінен Сапақ және Жалаңаш мектептерінің жобасы жасалып, 2024 жылға Жалаңаш ауылындағы мектептің құрылысын бастау үшін тиісті қаржысына облыс басшысы тарапынан қолдау білдірілген. Осындай балалардың болашағы үшін жасалып жатқан жұмыстар нәтижесінде Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге қатысқан №220 мектеп оқушысы Нұрсұлтан Рысқалиев 137 балл жинап, аудан мерейін өсірді.
Қамыстыбас ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешені ел игілігіне берілсе, Жақсықылыштағы дәл осындай нысан өз жұмысын бастайтын болады. Шижаға ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы салынады.
Арал қаласы мен Жақсықылыш кенті тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп келеді. Алдағы жылдары бұл қатарда Сексеуіл кенті мен Шижаға елді мекені халқы болады. Өткен жылы 1,8 млрд теңгеге Сексеуіл кентінде АГТС орнатылып, кварталішілік газ тарату желілері салынса, биыл Арал қаласының жаңадан пайда болған №4,5 және 6 мөлтек аудандары газдандырылатын болады. Онымен қоса Шижаға елді мекенін газдандыру жобасының құрылысы басталады.
Бұл тек тілге тиек еткеніміз ғана. Мұнан бөлек ауыз су, баспана, көлік инфрақұрылымын дамыту, теміржол үстінен өтетін көпір, қалаішілік жолдарды асфальттау, өзге де қордаланған мәселелер шешімін тапты. Биыл да Арал қаласында 300 орындық 2 мектеп, Сексеуіл кентінде 600 орындық, Жақсықылыш кентінде 300 орындық және Жалаңаш ауылында 150 орындық мектептер бой көтеретін болады. Ал, Аманөткел елді мекенінде клуб құрылысы жүргізілсе, көптен күткен көпір құрылысы жалғасады. Өзге де жағымды жаңалықтармен жыл көлемінде оқырмандарымызды қуантып отырамыз.
О.ЖОЛДАСОВ
16 қаңтар 2024 ж. 201 0