Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлікке қолдау қарқынды еселейді

Кәсіпкерлікке қолдау қарқынды еселейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыт бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының қарқынын арттыратын түрлі бағыттарды айта отырып, соның ішінде ел көлеміндегі кәсіпкерлік бағытындағы жұмыстарға баға беріп өтті. Сондай-ақ осы саланың кемшіліктерін шешудің жаңа жолын ұсынған Президент: "Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кәсіпкерліктің басым бөлігі әбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған әлдеқайда «қолайлы». Үкімет шағын бизнесті өзара бірігіп, ірі кәсіп иелері болуға ынталандыру үшін заңға өзгерістер енгізуі керек. Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кәсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпорындардың әрқайсысына қатысты нақты жоспар әзірлеу керек. Сол арқылы олардың өндіріс қабілетін арттырып, өнім көлемін екі-үш есе көбейту қажет. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек" деген болатын. Осы ретте аудан көлеміндегі кәсіпкерлік саласы төңірегінде атқарылған жұмыстарға тоқтала өтпекпіз.
Иә, ауданда өндіріс саласы жыл сайын тұрақты түрде жұмыс істеп, экспортқа өнім шығару бағыты жолға қойылған. Аудандағы өнеркәсіп орындары биылғы жылдың алғашқы алты айында 13,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің 73% өңдеу саласына тиесілі болды. Жеке тоқтала кетер болсақ ауданның басты брендтерінің біріне баланатын тұздың көлемі тиісті кезеңде 472,5 мың тоннаны құраса, соның 135 мың тоннасы йодталған. Сондай-ақ 75,9 мың текше метр табиғи құм қазылып, 531 тонна нан және нан өнімдері өндірілген.
Иә, Аралдың тұзымен қатар аталатын басты байлықтың бірі әлбетте теңіз маржандарына баланған балық өндірісі. Бұл саланың да жұмысы да қарқынын жоғалтқан емес. Жарты жылдың көрсеткіші бойынша Кіші Арал теңізінен 6920 тонна балық аулау лимиті бекітіліп, 6651 тонна балық ауланып, 2430 тонна балық өңделді. «Еврокод» белгісі бар екі балық зауыты арқылы биылғы жылдың басынан бері 1266 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылған. Бүгінгі таңда балық аулап, оны өңдеп, экспортқа шығарудан бөлек балық өсіру жұмысының ауқымы да еселеп артпақ. Аудан көлемінде алдағы 2 жыл ішінде 10 қолдан балық өсіру жобасын орындалмақ.
Бұл өнім өндіру бағытындағы жұмыстар ғана. Жыл сайын жоспарланған межеден артық орындап, аудан бюджетін толтырып отырған негізгі жұмыстардан бөлек кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау мен олардың тарапынан істеліп жатқан ілкімді істердің ауқымы мол. Нақтырақ тоқталсақ өткен жылдың соңында аудан орталығында кәсіпкерлерге арналған «Кәсіпкерлік үйі» бой көтерсе, қазіргі таңда, нысан кәсіпкерлерге және кәсібін бастаймын деген азаматтарға бизнес кеңес беру секілді қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік беруде. Бұрын кеңес алу үшін кабинет жағалауға тура келсе, бүгінде бұл жұмыс өте қолайлы. Бір ғимарат ішінен барлық шаруасын бітіре алатын аудан кәсіпкерлері бүгінде таптырмас мүмкіндікті уыстан шығарып алғылары жоқ. Оған келесі сөзіміз дәлел болмақ.
Тағы бір айта кетерлік қуанышты жаңалық көкжиегімізді кеңейтеміз деген кәсіп иелері үшін жұмыс жасайтын қаржылай қолдау орталықтарының саны артқандығы. Мәселен, былтыр тұрғындарға таңдау еркіндігі болуы үшін «КМФ» шағын қаржы ұйымы мен «Банк Центр Кредит» және «Еуразиялық» банкінің қаламызда бөлімшелері ашылып, қаржы ұйымдарының саны 6-ға жеткен. Осындай қолдаулардың арқасында теңізді өлкеде кәсіппен айналысушылар қатары көбейген.
Иә, 2023 жылдың І жартыжылдығында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6599 бірлікті құраса, оның ішінде заңды тұлғалар – 279, дара кәсіпкер – 5061, шаруа қожалықтары – 1259 жетіп тұр.
Қала, кент және ауылдық округ бөлінісінде іске асырылуы жоспарланған жобалар тізімі бекітіліп, тұрақты түрде жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда жалпы құны 5678,5 млн теңгені құрайтын, іске қосылғанда 388 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын 58 жоба іске қосылады деп жоспарланған болса, оның ішінде 303,5 млн теңгенің 13 жобасы іске қосылып, 41 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал ағымдағы жылдың өзінде мемлекеттік бағдарламалар аясында айналым қаражатын толтыруға 26 кәсіпкер 335,9 млн теңге көлемінде төмендетілген несие қаражатын алды. Кәсіпкерлікті қаржылай қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 2688,9 млн теңгенің 140 жобасы несиелендірілді. Бұдан бөлек кәсіпкерлік қызметін жаңадан бастаушы азаматтарды қайтарымсыз грант қаражатымен қаржыландыру бойынша «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жобасының» аясында жалпы құны 96,6 млн теңгенің 70 жобасы қаржыландырылды.
Жасалған жұмыстар осылайша жалпы бұқараның көз алдында жүргізіліп жатыр. Бірақ жағымды жаңалықтар тек мұнымен тоқталып қалмақ емес. Алдағы уақытта өнім шығару бағытындағы жұмыстарды дамыту ісі де қолға алынбақ. Бұл сөзімізге алдағы уақытта ауданнан өз жұмыстарын басталады деп күтіліп отырған «қап шығару», «құрғақ құрылыс ұнтақтарын өндіру», «мал бордақылау алаңы және шұжық өндіру цехін ашу», «профлист өндірісін ашу» жобалары нақты дәлел болмақ.
Міне, бүгінге дейін аудандағы кәсіпкерлік саласының даму қарқыны осы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының атап көрсеткен тапсырмалары негізінде жасалатын жұмыстар әлі де болса дамуға бастайды деп сенеміз. Ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын мемлекеттің ертеңі жарқын болмақ.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
05 қыркүйек 2023 ж. 191 0