Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақтаншақтық – қауіпті құбылыс

Мақтаншақтық – қауіпті құбылыс

Бірде қара күшіне масаттанған бір мақтаншақ балуан:
– Балуан атаулының бәрін жығып болдым. Енді кім қалды менімен ұстасатын, – деп жар салыпты.
Мақтана сөйлейтін кісіні жаны жек көретін бір қарапайым арық жігіт:
– Мен күресемін, – деп халықты куә қылып, мақтаншақ балуанға қарсы шығыпты. Балуан құлағалы тұрған арық жігітті келемеждеп:
– Бел омыртқаң үзіледі ғой, сорлы, – депті.
Жігіт:
– Үзілсе үзілсін, маған сонысы керек. Сондықтан мына шартпен күресейік: ұстаса кеткенде бір-бірімізді қысып ойбайлатайық. Сол жыққан болып есептелсін, – деген екен.
Күшіне сенген балуан жігітті кекете-мұқата келісімге келіпті. Жиылған халық куә бола мақтаншақ балуанның жығылуын тілепті. Сол екі арада екі балуан ұстаса кетіпті. Шын балуан жігіттің белін үзіп жібермекші болып, сойылдай қолын ойқастыра бергенде, жігіт алақанына қысқан тебенін беліне сұғып алыпты да лақтырып жіберіпті. Балуанның жан даусы шығып, жігітті қоя беріп, ытып кетіпті. Жиылған жұрт «жығылдың» десіп, мақтаншақты мазақтап, жігітке алғыс айтысыпты. Ызаланған балуан даурыға өзеуреп:
– Алдады, денеме бір пәлені тығып алды. Нанбасаңдар қараңдар, қаны ағып тұр, – деп көйлегін шешіпті. Жұрт қараса қан түгілі ештеңе де жоқ. «Бұл қалай» деп аң-таң болған балуанға жұрт: "балуандығың жақсы, мақтаншақтығың жаман, мақтаншақтың жолы бір-ақ тұтам, – десіпті.
Осылайша қарапайым жігіт қан шығармайтын дәрімен дәріленген тебенмен мақтаншақтың үнін ақыл-айламен өшірген екен деген ел арасында әңгіме бар.  "Батыр мақтанса – бір оқтық, бай мақтанса – бір жұттық" деген керемет сөз бар ғой. Ел аузындағы әңгімеден айтпағымыз, өз-өзін мақтай бастаған адамның қай уақытта да қадірі кететіндігі.
Мақтаншақ адам. Айта берсек, мысал көп-ақ. Абай атамыздың да қаламаған, өткір сынға алған жексұрын мінездерінің бірі осы мақтаншақтық еді. Мақтанатын адам ешқашан ортаны талғамайды, тек жанына жақындасаң болғаны. Кейбір жандардың құдайы асты да мықтап өткізгенін айтып мақтанып жататынын да көріп жүрміз. Ал әлеуметтік желіге араға күн салмай қайда барды, не ішіп-жеді, кімнен қандай сыйлық алды, тағы-тағы күнделікті тірлігін көрсетіп жүктеп қоятын жандарды қайтерсің?! Мұндай жандардың өздеріне өзгенің ерекше назар аударғанын жаны сүйетіні айтпаса да түсінікті. Артынша "сіз кереметсіз", "көлігіңіз қандай тамаша", "сізге тең келер жан бар ма" деген сияқты жазбаларды көзің шалады. Әрине, мұндай мақтауды күтіп отырған әлгі адам мұнан кейін өзін басқа кісілердің арасында жоғары санап, басқа жандардың қызыға қарауынан ләззат алады. Және өз пікірін жоғары қойып, жасап жатқан амалдарын Раббысының берген нығметтерінің арқасында жүзеге асырып жатқандығын ұмытып, ешкімнің көмегінсіз, өзі жүзеге асырып жатқандай сезінеді. Мұның соңы мақтаншақтық менмендік себептерінің бірі болғандықтан, адамды бірте-бірте тәкәппар етеді.
Өз-өзін мақтай бастаған адамның, қадірі кететіндігін ұмытпаған игі. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Мақталуды, мадақталуды жақсы көру адамды соқыр, әрі керең етеді. Кейін ол өз айыптарын, кемшіліктерін көрмей, өзіне қатысты айтылған дұрыс сөздерді, насихаттарды естімейтін болады» – деген. Өзінің сұлулығы, күші, тегімен және осы сияқты барлық нәрселермен мақтанатын адам, ақиқатында, бұлардың барлығын өзінің еңбегі арқылы емес, керісінше Алла Тағаланың оған берген нығметтерінің арқасында қол жеткізгенін ұмытпаса екен.
Иә, Жаратқан тіршілік иесін сынау үшін жаратты. Сол себепті желіге жүктер алдында жан-жағымызда түрлі жағдайда, біреу аш, біреу тоқ өмір сүріп жатқан адамдарды да ұмытпағанымыз абзал. Бұл жаман мақтаншақтық қасиет адам баласын құрдымға алып баратынын түсінейік. Адам баласы осының барлығын білген кезде ғана мақтаншақтыққа жол бермейтін болады да, керісінше ол Алла Тағалаға бойұсынып, шүкіршілік етіп, Раббысының осыншама нығметтер мен игіліктерді нәсіп қылуы тоқтатылып қалар деген қауіппен өмір сүрген болар еді.
К. ЗДЕНОВА

Фото: massaget.kz

20 қаңтар 2024 ж. 306 0