Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйде заттың көп болуы несімен қауіпті?

Үйде заттың көп болуы несімен қауіпті?

Соңғы жылдары минимализмдік стиль және дизайн дамып жатыр және оны қолдайтындар бар. Алайда бәрі емес. Затты сатып ала бергеннен өзін жақсы сезінетіндер де бар. Бірақ материалдық заттың көптігі өмір сапасын жақсартпай, керісінше, нашарлатуы мүмкін.

Жиі мазасызданып, күйзеліске әкелуі мүмкін

.Кейде адамдар күйзелістің бір себебі заттың көптігі болуы мүмкін екенін ойламайды. Олар айналасын тазалықта және тәртіпте ұстауға көп уақыт жұмсайды. Бұл оны шаршатып жібереді. Оған қоса, көп адам үйді тазалауға көп уақыт құртқысы келмейді. Тіпті, кей адамдардың үй жинағаннан көңіл күйі нашарлайды.

Алайда айналасындағы ретсіздікке мән бермеу де оған зиян келтіруі мүмкін. Себебі көп заттан шығатын визуалды шу зейін қоюды нашарлатады. Шашылып жатқан үйде тұратын адамдар күнделікті істерге зейін қоя алмайды, басы ауырады, ашуланады және мазасызданады.

Заттарға тәуелділік пайда болуы мүмкін

Адам кез келген нәрсеге, соның ішінде заттарға да тәуелді болуы мүмкін. Бұл жинақтаушылыққа әкеледі: мысалы, қажет емес заттарды да тастай алмайсыз. Кез келген тәуелділік өмір сапасын нашарлатады және психикалық саулыққа жағымсыз әсер етеді.

Заттарға тәуелділікке қатысты тағы бір проблема – қанағаттанбаушылық сезімі. Кей адамдарда зат көп болса да, өзін бақытты сезінбейді. Себебі олар қазір қолында бар затқа қанағаттанбай, тағы да басқа нәрсе алғысы келіп тұрады. Осылайша, ол өзін тоқтата алмауы мүмкін.

Ақшаны босқа құртасыз

Адамдар жиі заттарды көңіл күйін көтеру үшін сатып алады. Алайда мұндай әдет ақшаны бос құртуға және кеңістіктің шашылуына әкеледі. Ойланбай алынған зат шынымен де көңіл күйіңізді көтеруі мүмкін, бірақ ол ұзаққа созылмайды. Ал одан пайда болатын проблема сізден ұзаққа дейін кетпейді. Мысалы, ақшаңыз айдың соңына жейін жетпей қалады немесе қарызға кіресіз.

Мүмкіндіктерді жіберіп алуыңыз мүмкін

Кей адамдар заттары көп және оларға тәуелді болғандықтан, жақсы мүмкіндіктерден айырылып қалуы мүмкін. Мысалы, ол заттарды тасу және көшіру көп уақыт пен күшті, сондай-ақ қаражатты қажет ететіндіктен, басқа қалаға немесе елге көшуден бас тартуы мүмкін.

Физикалық жағдайыңыз нашарлауы мүмкін

Үйіңіздегі кез келген зат шаң жинайды. Зат көп болған сайын шаңнан уақытында арылу қиын бола түседі. Ол аллергияның пайда болуына, созылмалы мұрын бітелуіне және тыныс алу проблемаларына әкелуі мүмкін. Ал зат қаншалықты аз болса, оларға күтім жасау да оңай.

Ақпарат көзі: massaget.kz
Фото: massaget.kz


21 қаңтар 2024 ж. 222 0