Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Медициналық қалдықтар туралы не білеміз ?

Медициналық қалдықтар туралы не білеміз ?

Медициналық қалдықтар – емдеу-алдын алу мекемелерінде медициналық қызметтерді көрсету және медициналық емшаралар жүргізу процесінде түзілетін қалдықтар.
Медициналық қалдықтар адам денсаулығына несімен қауіпті?
Медициналық мекемелерде пайда болған қалдықтар адам денсаулығына ықтимал қауіп төндіреді, санитариялық қағида ережелеріне сәйкес жинақталып, залалсыздандырылмаса, тасымалданып, дұрыс жойылмаған болса, сол мекеменің қызметкерлері, емдеу ұйымдарының техникалық қызметкерлері, науқастар, келушілер арасында әртүрлі қан арқылы жұғатын қауіпті аурулардың пайда болуына әкеп соғуы мүмкін. Медициналық қалдықтардың қауіптілігі-оның құрамында көптеген ауру тудыратын микробтар, түрлі вирустар мен бактериялардың болуына байланысты. Пайдаланылған, залалсыздандырылмаған медициналық құралдар мен материалдармен жұмыс жасау кезінде персонал санитариялық қағида талаптарын сақтамаса өткір, үшкір қалдықтардан адам жарақаттанып, денесін кесіп алуы мүмкін. Жарақат алған жерлер арқылы қанмен жұғатын В және С гепатиттері, адамның иммунитет тапшылығы инфекциясы және т.б. қауіпті аурулардың қоздырғыштары тікелей қанға енуі мүмкін. Адам инфекцияны өзіне жұқтырғанымен қоймай, ауруды тарата отырып, айналасындағы адамдарға қауіп төндіреді. Сонымен қатар, медициналық қалдықтарда улы және радиоактивті заттар болуы мүмкін, олар топыраққа, ауаға және суға түсіп, қоршаған орта экологиясына кері әсерін тигізіп, үлкен зиян келтіреді.
Медициналық қалдықтар қауіпсіздік дәрежесі бойынша 5 сыныпқа (А, Б, В, Г, Д) бөлінеді :
1. "А" сыныбындағы медициналық қалдықтар - коммуналдық-тұрмыстық қалдықтардан құрамы бойынша ерекшеленбейтін, қауіпті қасиеттері жоқ қалдықтар, оған қағаз, құрылыс материалдары, жихаздар тәрізді қалдықтар жатады.
2."Б" сыныбындағы медициналық қалдықтар - эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар (инфекцияланған және әлеуетті инфекцияланған қалдықтар). «Б» сыныбындағы медициналық қалдықтардың өзі 3 түрге бөлінеді: биологиялық/патанатомиялық қалдықтар (биологиялық сұйықтықтармен ластанған материалдар мен құралдар, органдар, тіндер, яғни операциялық қалдықтар), өткір, үшкір қалдықтар ( шприц, ине, система, ампула) өзге қалдықтар (қанмен және басқа да биологиялық сұйықтықтармен ластанған материалдар, мақта тампондары, бинттер, бетперде, медициналық қолғаптар және т.б.). «Б» сыныбындағы медициналық қалдықтар негізінен операциялық, реанимациялық және басқа манипуляциялық диагностикалық бөлімшелерде, егу, таңу бөлмелерінде, патогендігі III-IV топтардың микроорганизмдерімен жұмыс істейтін микробиологиялық, клиникалық-диагностикалық зертханалардың, фармацевтикалық, иммундық-биологиялық өндірістерде түзіледі. Виварийлердің (ғылыми мақсатта және биологиялық сынамалар үшін зертханалық жануарларды ұстайтын және өсіретін бөлме) биологиялық қалдықтары. Пайдалануға жарамсыз тірі вакциналар да жатады.
3."В"сыныбындағы медициналық қалдықтар- төтенше эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар (аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулармен ауыратын науқастармен жанасқан, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында төтенше жағдайлардың пайда болуына алып келуі мүмкін және аумақты санитариялық қорғау бойынша іс-шараларды жүргізуді талап ететін материалдар. Патогендігі I-II топтардың микроорганизмдерімен жұмыс істейтін зертханалардың, фармацевтикалық және иммундық-биологиялық өндірістердің қалдықтары. Анаэробты инфекциялы пациенттердің және туберкулезбен ауыратын науқастардың қалдықтары. Туберкулез қоздырғыштарымен жұмысты жүзеге асыратын микробиологиялық зертханалардың қалдықтары);
4."Г" сыныбындағы медициналық қалдықтар - құрамы бойынша өнеркәсіп қалдықтарына ұқсас токсикологиялық қауіпті медициналық қалдықтар,оған (мерзімі өткен,пайдалануға жатпайтын дәрілік, оның ішінде цитостатиктер, диагностикалық, дезинфекциялау құралдары. Құрамында сынабы бар заттар (термометр,гигрометр), аспаптар мен жабдықтар (бактерицидті, люминисцентті шамдар). Фармацевтикалық өндірістердің шикізаттары мен өнімдерінің қалдықтары. Жабдықты, көлікті, жарықтандыру жүйелерін пайдалану қалдықтары);
5."Д" сыныбындағы медициналық қалдықтар - радиоактивті медициналық қалдықтар (құрамында Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасымен белгіленген, радиоактивті заттар үшін регламенттелген мәннен асатын мөлшерде және шоғырлануда радиоактивті заттар бар);
Қалдықтарды жинау үшін бір рет қолданылатын, су өткізбейтін қаптар, пакеттер, металл және пластик сыйымдылықтар, жинауға және қауіпсіз кәдеге жаратуға арналған контейнерлер пайдаланылады. Қауіпті қалдықтарды жинауға арналған металл және пластик сыйымдылықтар, контейнерлер тығыз жабылады.
Медициналық қалдықтардың әрбір сыныбын жинау үшін қаптардың, пакеттердің, сыйымдылықтардың түсі әртүрлі болады:
1) "А" сыныбы қалдықтары - қара; 2) "Б" сыныбы - сары; 3) "В" сыныбы - қызыл; 4) "Г" сыныбы - ақ.
Шанышпалы және үшкір заттар алдын ала бөлшектелмей және дезинфекцияланбай, тесілмейтін және суға төзімді жинауға және қауіпсіз кәдеге жаратуға арналған контейнерлерге (ЖҚКЖК)-ға жиналады. «Б», «В» сыныбындағы медициналық қалдықтар бекітілген кестеге сәйкес мамандандырылған ұйымдармен жасалған келісім шарттар негізінде тасымалданып, жойылады."Б" сыныбының патологиялық-анатомиялық және органикалық операциялық медициналық қалдықтары (ағзалар, тіндер және тағы басқалар) кремациялануға (өртелуге) немесе зиратта арнайы бөлінген учаскеде көмілуге жатады. "В" сыныбының медициналық қалдықтары денсаулық сақтау объектісінде физикалық немесе химиялық әдістермен міндетті залалсыздандыруға жатады. "В" сыныбының залалсыздандырылмаған медициналық қалдықтарын ұйымның аумағынан тыс жерлерге шығаруға жол берілмейді. Сұйық биологиялықмедициналық қалдықтар химиялық әдістермен залалсыздандырылғаннан (дезинфекциялаудан) кейін су бұру жүйесіне төгіледі.
Медициналық қалдықтарды жинауға, залалсыздандыруға және сақтауға қойылатын талаптардың орындалу барысына Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен үнемі қадағаланып отыр.
2023 жылдың қорытынды есебі бойынша аудан көлеміндегі емдеу-сауықтыру мекемелерінде пайда болған және жоюға жіберілген медициналық қалдықтардың көлемі: «А» сыныбындағы медициналық қалдықтар- 7тн. 534кг.212гр., «Б» сыныбындағы медициналық қалдықтар (өткір, өзге, пат.қалдықтар) -21тн.178кг.621гр., биологиялық қалдықтар 3тн.578л.125мл, патанатомиялық қалдықтар-1тн.292кг. «В» сыныбындағы қалдықтар- 2 тн.859кг.097 гр. оның ішінде өткір,өзге қалдықтар- 700кг.877гр., патоанатомиялық қалдықтар-2тн.158кг.220 гр, «Г» сыныбындағы қалдықтардың жалпы мөлшері- 11кг.821гр шамасында түзілді. 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда емдеу-сауықтыру мекемелерінде сыныптар бойынша пайда болған медициналық қалдықтардың көлемінде өсушілік байқалады, оның ішінде «А» сыныбындағы медициналық қалдықтар-1,19 есеге, «Б» сыныбы бойынша-1,17 есеге, «В» сыныбы бойынша-1,15 есеге , «Г» сыныбындағы қалдықтардың жалпы мөлшері 2,9 есеге өскен .
Медициналық қалдықтардан келетін қауіптілікті ескере отырып, емдеу-алдын алу мекемелерінің персоналдары, үй жағдайында ем алған әрбір адам , өзінің және жақындарының денсаулығына көңіл бөліп, қолданылған ине-шприцтерді, биологиялық қалдықтармен ластанған материалдарды кез-келген жерге тастамай , ережеге сай жинап, жойып отырылулары керек .
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы

фото: gov.kz
08 ақпан 2024 ж. 516 0