Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітапханаға кітап жауған күн

Кітапханаға кітап жауған күн

Ақпан айының 14-ші жұлдызы халықаралық кітап сыйлау күні ретінде ескерусіз қалған жоқ. Бұл мерекенің мақсаты – қарапайым және мейірімге толы, барлық адамзатты кітап оқуға шақыратын ерекше мейрам. Мерекенің қағидасы бойынша осы күні бір-бірімізге көбірек кітап сыйлау арқылы шын ниетпен кітап сыйлайтын жандардың қатарын көбейету.
Мереке аясында аудандық орталық кітапханада және Арал аудандық ОКЖ қарасты 26 кітапханада акция белсенді түрде ұйымдастырылып, нәтижесінде оқырмандардан жалпы 500-ге жуық кітап сыйға берілді. Сонымен қатар ақжолтай сәлемдеме пошта арқылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, жерлесіміз Ержан Қожастан және Алматы қаласынан Анар Мешімбаеваның «Өмір – сынақ» кітаптары келіп жетті.
Өз кезегінде кітапханаға сыйға тартқан әрбір кітаптарыңыз келесі оқырманның көңіл көкжиегін кеңейтіп, керемет әсер сыйлайтынына сенімдіміз. Кітап – жақсы дос, рухани азық. Бүгінгі акцияға атсалысқан барша кітап сүйер, кітапты ардақтар әрбір оқырманымызға шын жүректен алғыс білдіреміз!
Аудандық орталық кітапханаға кітап сыйлаған бүгінгі құрметті оқырмандар қатарында аудандық Орталық кітапхананың тұрақты зейнеткер оқырмандары, мекеме басышылары мен қызмткерлері, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік емес ұйым жетекшілерімен қатар халық қалаулылары да болды. Сондай-ақ жалпыға бірдей шара ретінде жалғасын тапқан акцияда мектеп оқушыларымен қатар кітапхананың тұрақты оқырмандары белсенділік танытты. Адам баласының ой-өрісін дамытып, рухани жандүниесін жадырата түсетін құнды қазынаның қадірін біліп, оны өзгелерге сыйлай білуде көпке үлгі болған оқырман қауымның бұл қадамы әсте бағалауға лайық. «Кітап маған тақтан да қымбат» деді Шекспир. Сол тақтан қымбат дүниені дәріптей білген бүгінгі кітап сүйер қауымның қатары көбейе берсін деген тілектеміз.
А.ҚАРАСАЙ 
23 ақпан 2024 ж. 312 0