Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауадан ақша жасайтындар кімдер?

Ауадан ақша жасайтындар кімдер?

Әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін миллиондап қаржы табуға пайдаланып, бай болудың жолдары мен қаржылық сауаттылық жайында білімді бөліп төлуге сатып жүрген психолог, коуч, мотиватор немесе бизнес-жаттықтырушылардың жарнамаларын сіз де көрген боларсыз. Қарызға батқан халықты қанау арқылы құндылығы жоқ суперкурстардың, тренингтер мен кітаптар және басқа оқу материалдарын сататын инфосығандар елімізде тамырын тереңге жайған.
«Инфосығандар» терминін алғаш рет 1985 жылы американдық журналист және жазушы Стивен Леви өзінің «Хакерлер: компьютерлік революцияның қаһармандары» кітабында қолданған болатын. Бүгінде инфосығандардың дәурені жүріп тұр десек те болады. Мұндай «кәсіпкерлер» қалайтын жалғыз дүние – клиенттер өздерінің алданып жатқанын түсінгенше тезірек, көп ақша табу. Әрине, қымбат спорттық көліктер мен яхталардың жанындағы фотосуреттер немесе сәнді курорттарға сапарлар кімді де болсын қызықтырмай қоймайтыны анық. Ал «қайтсем отбасымды асыраймын» деп жүрген жандарға «мен сияқты байлықта өмір сүргің келе ме?» деген ұсыныс майдай жағары сөзсіз.
Елімізде түймедей дүниені түйедей бағаға алып, сан соғып жүргендер маркетингтің құрбанына айналауда. Сонымен қатар инфосығандар тек интернетте ғана емес, офлайн режимде әртүрлі іс-шаралар, түрлі конференциялар, тренингтер өткізеді. Бұл олар үшін керемет табыс көзіне айналған, өйткені келушілер кіру үшін лайықты ақша төлеуі керек. Сондай-ақ өздерінің жетістіктерін көрсету үшін инфосығандар көрермендер алдында тиісті декорациялармен нағыз спектакль ойнайды. Инфосығанның айналасындағы барлық дүние негізінен өзіне тиесілі емес қымбат көліктер мен техникалар, брендтік киімдер немесе қонақүйлердегі люкс бөлмелері болады. Ал әрқашан көңілді жүру мен сергектік – бұл табысты адамның рөліндегі ажырамайтын бетперде. Халықтың әлсіз жерін жақсы білетін олар міндетті түрде елге танымал жұлдыздармен тығыз байланыста болып, өздеріне жарнама жасайды. Кез келген бизнес тренердің, спикердің әлеуметтік желідегі парақшасын ашып қараңыз. Олардың беделді тұлғалармен түскен кемі 2-3 суреті болады. Қай саланы қарасаңыз да «мен секілді табысты бол, ақылды бол» дейтіндер жетіп артылады. Тіпті инфосығандар бірнеше салаға бөлінген. Көп күш пен шығынсыз табысты болудың жолдарымен бөлісетінін айтатын бизнес курстар, қысқа мерзімде тез арықтауға және мінсіз мүсінге қол жеткізуді үйрететін фитнес жатықтырушылар, «жеке қарым-қатынастың сырларын ашамын, мен секілді махаббатқа бөленудің құпиясымен бөлісемін» немесе «шет тілін менің авторлық жобам арқылы 1 айда үйрен» дейтін құрғақ уәдемен жұртты жалмап жатқан мұндай кәсіпкерлер нағыз кірістің көзін тапқан. Соңғы жылдары жалған сарапшылар діни курстармен саналы адамдардың санасын улауда. «Менің жеке методикам арқылы дұға тілесең Алла саған еселеп бақ береді» дейтін исламтанушылардан ақыл сұрайтын халықтың қарасыда көбейген. Болашақты болжауға көмектесетін, рухтармен байланыс орнатып, жол ашатын инфосығандардың өтірігіне кейде сенбеудің өзі қиын.
Сарапшылардың пікірінше, ақылын ақшаға сатқандардың арбауына жиі түсетіндер – әйел адамдар. Үйде бала тәрбиесімен отырған жандарға жаңа орта, өзін-өзі дамыту, әрине, қажет. Қыз-келіншектерге арналған мұндай сабақтардың айдағаны бес ешкі болса да, ысқырығы жер жарады. Сондай-ақ әйел мен ердің арасындағы отбасылық жағдайды талқылап, күйеулеріне қарсы қойып, ұйыған жанұяның тыныштығын алған оқиғалар да кездеседі. Бойдақ қыздарға «қалталы жігіттің қолынан ұстау үшін қандай айла тәсілдерді қолданған жөн» немесе «құшақ-құшақ гүл сыйлайтын жігіттерді өзіңе ғашық етудің жолын үйретемін» дегендер танымалдылыққа ие.
Осындай келеңсіздіктерден кейін елімізде 2023 жылдың қараша айында Серік Әбішевтің бастамасымен инфосығандарға қарсы онлайн петиция басталды. Құжат авторлары биліктен пайдасыз курстарды сатқаны үшін блогерлерге қатысты жазаны күшейтуге шақырды. Ал блогер Өркен Кенжебек инфобизнес саласындағы мәселе белгілі бір топтың наразылығымен шешілмейтініне сенімді.
– Қазір кім неге қарсы болмай жатыр?! Петиция жариялау деген сұмдық жаңалық емес деп ойлаймын. Бірі қолдаса, екіншісі даттап жататыны белгілі. Оның әрқайсысын бақылап, назар салып отыру мүмкін емес. Ал мына мәселеде нарық шешуі керек. Қандай да бір топтың наразылығы, жеке адамның айқайы, тіпті қол жинауы мәселені шешпейді. Петиция жарияланды екен деп инфобизнес саласы құлдырап кетпейді. Таңдауды адам өзі жасауы керек. Сапасыз сабақтарды сатып алмауы қажет. Сапалы адамның сабағы әрқашан сұранысқа ие. Оны көргесін сапасыз курс сататындар өздері-ақ шетке шығып қалады. Нарық реттейді деген сөзім осы. Бұл жерде аудитория маңызды рөл атқарады. Ақылы курс расымен сапалы болса, оны халық іздеп жүріп, ақшасын төлеп сатып алады. Сол кезде жарты жолдан ақша жасап жүргендердің аузына құм құйылады, – дейді блогер.
Әрине, «инфосығандар халықты алдауда» деп дабыл қағамыз, бірақ сол кәсіпкерлердің қалтасын қалыңдатып жүрген өзіміз. Өзгенің өміріне қызығып, өз жолымызды ұмыт кетіп жатамыз. Әр адамның бұл өмірде жарқырайтын сәті болады. Бірақ ешқандай психолог, коуч, діндар тұлғалар, мотивациялық кітапттардың авторы сенің тағдырыңды жаза алмайтынын, әрқашан өз жүрегіңді тыңдауың керек екенін түсінуіміз қажет. Сондықтан жеңіл жолмен, аз ғана уақытта табысты болудың жолдарын іздеп, инфосығандарға ақшаңызды беруге асықпаңыз. Шынайы болыңыз және ақпаратты талдап, білім мен жетістіктің үлкен еңбекпен келетінін ұмытпаңыз.
Айшабибі Асылханқызы
27 ақпан 2024 ж. 306 0