Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасіреті көп ойын: құмарға құныққандар саны азаймай тұр

Қасіреті көп ойын: құмарға құныққандар саны азаймай тұр

–Kaspi Gold-та ақша бар ма?
–500 теңгем бар.Оны не істейін деп едің?
–Маған жібер сол ақшаны, қазір саған екі есе етіп берем.
Бұл автобус аялдамасында тұрған екі студент жігіттің әңгімесі еді. Сөйтіп жай ғана әлгі баланың ұялы телефонына көз тастап едім, іші толған түрлі-түсті жарнамалы ойындар екен. «Бұл не деген оп-оңай ақша?» деп ойлап болмай, оның құмар ойын екендігіне көзім жетті. Бүкіл әлемге жайылған түрлі құмар ойындары қазір балалар арасында кеңінен таралуда. Кей жерлерде ойын автоматына топ болып жиналған балаларды көреміз. Сөйтсек олар да осы ойынның құрбаны болып жүр екен ғой. Бастапқыда мұндай жағдайларды онша түсінбесем, қазір ойымнан шықпай қоймасы бар ма?!
Мұндай ойындар негізінен адамның біліміне емес, жолы болғыштығы мен сәттілікке қарайды. Бірақ бұл оңайлықпен келетін қаражаттан құралмайды. Яғни, бастапқыда сәттіліктерге толы ойын, уақыт өте ойыншыны қанағатсыздыққа итереді. Осылайша, олжасын еселегісі келген ойыншы бір сәтте барынан айырылуы мүмкін. «Осы ойында нақты ұтысқа кенелемін» деген оймен сенімді келген ойыншы өзінің қасіретке ұшырап бара жатқанын аңғармайды. Себебі бұл ойын ойыншының психикасын жаулап алған. Шылым шегуге немесе қандай да бір денсаулыққа кері әсер ететін әрекеттер секілді, адам да мұндай ойынға тәуелді болып қалады екен.
Ендеше бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған құмар ойынының негізгі тарихымен таныстырып өтелік. Бұл ойынның тарихы ертеден бастау алады. Барша әлем жұртына жайылғандай, Үндістан елінде ерте кезде сүйек ойыны танылған. Бұл туралы «Бхавишья-пурана», «Махабхарата» сынды қолжазбаларда жазылған. Атаулы кітаптардың бірінде сүйек ойынына шамадан тыс берілген ханзаданың бар дүние-мүлкінен, атақ-абыройы мен әйелінен айырылғандығы туралы жазылған екен. Алғашқы кезде тек сүйек лақтыру арқылы ойналатын ойын, 1423 жылдары карта ойынына көшкен. Бүгінде бұл ойынның бірнеше түрі таралған. Қазіргі уақытта интернет арқылы ойын автоматтары, букмекер орталықтары, лотерея, викториналар мен ұтыс ойындары, тотализатор, карта және казино сынды түрлері бар. Ал жоғарыда айтып өткеніміздей өзіміз көріп жүрген ойын автоматы алғаш 1887 жылы Англияда ұйымдастырылған. Бұл автомат ойыншы алдымен ақша салғаннан кейін барып іске қосылатын көрінеді. Ал букмекер ойынында да алдымен ақша тігіледі. Онда көбіне спорт бәстерінің негізі қаралады. Яғни адам спорттың кей түрлеріне өзіне ұнайтын командаға ақша тігу арқылы жеңіске жете алады. Бұл ойындардың адам баласына қаупі бар екендігін есте сақтағанымыз жөн.
Психолог мамандардың пікірінше, бұл ойынға шалдыққандарды «лудомания» деп атайды. Бұл дертке көбіне жастар ұшырайды. Сонымен бірге осы ойынның құрбаны болған жастар ақша табу мақсатында түрлі қылмыстық әрекеттерге барып, қарызға да кіріп жатады. Мұндай ойындарға кірген адамдардың мінез-құлқына да кері әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Сондай-ақ адамның өз-өзіне деген сенімсіздігі мен өзін төмен бағалауы атаулы ойынға әкеп тірейді. Яғни, эмоциясын басқара алмай, шынайы өмірге қарағанда виртуалды өмірге жақын бола бастайды. Тағы айта кетерлігі, жалқаулыққа мойынсұнып, оңай жолмен олжаға жетуді қалау және психикалық ауытқуларға оңай беріле салуы да адамды атаулы ойынға жетелейді.
Мемлекетімізде 2017 жылы 12 қаңтарда №219 нөмірімен қабылданған «Ойын бизнесі» туралы Заң бар. Бұл Заң негізінен 17 баптан тұрады. Сонымен бірге 2007 жыл мен 2022 жылға дейін 31 рет өзгерістер мен толықтыруларға ұшыраған екен.
Бүгінгі күні құмар ойынының жетегіне еріп, оқудан шығып қалып, болашақсыз қалып жатқан жасөспірімдер жоқ емес. Бұл ойын кейбіріне бизнес болса, енді біріне қанағатсыздыққа бой беретін іс болуы мүмкін. Адамзаттың дертіне айналған бұл ойынның құрбаны болып жүрген жастардан келешекті сеніп тапсыратын азамат тәрбиелеймін деу қате ұғым. Сол үшін әр ата-ана баланың мұндай ойындарға кіруіне жол бермеуі қажет. Бұл ойынға кіріп кетпеу үшін әрбір азамат өзінің ерік-жігері мен рухани құндылығын жоғалтпағаны дұрыс.
А. НҰРЛАНОВА
11 ақпан 2023 ж. 407 0