Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оңай олжа орға жықпасын...

Оңай олжа орға жықпасын...

Бүгінгі күні қоғамдағы көкейтесті мәселелердің бірі – букмекерлік ойындар болып отыр. Еліміздің қай қаласына бара қалсақ, бұл ойынның арнайы кеңселері көзге түсері анық. Иә, бұрын қазақ халқының ұлттық құндылығына бұл атау өте жат көрінетін. Ал қазір көз, құлақ былай тұрсын, тіпті санамызда ерікті түрде қабылдай алатын деңгейге жетті. Осыдан бірнеше жыл бұрын казино ойынына қара құлып салынып, тосқауыл қойылған еді. Ал қазір казиноның орнын букмекерлік ойындар басып алғандай.
Ежелгі Рим империясы тұсында пайда болған атаулы бизнес алғашқыда «бәс тігу» ретінде тек ат жарыстары мен жекпе-жек ойындарына ғана қойылатын болған. Уақыт өте бұл ойынға бұқа, ит, қораз төбелестері қосылған. Ал ХХ ғасырдан бастап, спорттың кез келген түріне бәс тігу басталған. Егер бәс тіккен командасы жеңген жағдайда, адам өзі тіккен қаражаттан біршама есе табысқа кенеледі. Ал ұтылған болса, ойынға тіккен ақшасы күйіп кетеді. Көріп отырғанымыздай, бұл да жеңіл жолмен ақша табудың бір түрі.
Алғаш 2000 жылдардан бастап кез келген қоғамдық орындарда ойын автоматтары пайда бола бастады. Кейін барып «Ойын бизнесі туралы» жаңа Заң қабылданып, бұл сала бір ретке келген еді. Қазіргі уақытта барлық дерлік ойынханалардың орнын басқан букмекерлік кеңселер саны көпті алаңдатып отыр. Бұл ойынның әлеуметке тигізер пайдасы бар ма? Немесе адам баласына несімен пайдалы?
Қала көшелерінің қай бұрышына барсақ та букмекерлік кеңселерді көретініміз рас. Әсіресе жастар көп жиналатын орындарда “мен мұндамын” деп шақырып тұрғандай көрінеді. Мұндай кеңселерге келіп, ақша тігіп ойнайтындар қатары күн сайын көбеймесе, азаяр емес. Әрине оның көпшілігі орта жастағылар мен студенттер болып отыр. Заң жүзінде қарайтын болсақ, 21 жасқа толмаған азаматтар букмекерлік кеңсеге кіруіне қатаң түрде тыйым салынған. Заң бұзған адамдарға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 338-бабының 2-бөліміне сәйкес, 300 айлық есептік көрсеткіш (400 мың теңге) айыппұл салынады. Дегенмен, бұл заңға жауапкершілікпен қарап жатқан букмекерлік кеңсе жоқ. Көбіне әлемдік олимпиадалар мен чемпионаттар болған уақыттары кеңсеге келушілер саны екі есе артады екен. Алғашқыда жеңіс туын көкке көтеріп, қалтасын қалыңдатқан азамат уақыт өте өзінің қалай қарызға батып жатқанын сезбей де қалады. Ойынның қызығына кіріп астындағы көлігі мен үйін тігіп жіберіп жататындар да баршылық. Сондай-ақ қолынан әлі түк келмейтін жасөспірімдерді теріс әрекеттерге итермелетеді. Мәселен, психикасы әлі толық дамып үлгермеген жасөспірім сәтсіздікке ұрынған сәтте қарызын төлеу үшін ата-анасының дүние-мүлкін сатуға дейін барып, түрлі сылтаумен ұрлық жасап, қылмыстық жолға түсері сөзсіз. Иә, кейбірінің соңы қайғылы оқиғаға айналып та жатады. Тіпті бұл ойынға кіріп кеткен адамның ендігі бас тартуы қиын жұмыс болады.
Иә, қаражат бар жерде түрлі қулық-сұмдық та болады. Букмекерлік кеңсеге алғаш келген адамды тек сәтті ойындарға толтырып, тек жеңіспен шығарып салып жүреді. Кейін адам ойын соңынан шындап ере бастаған сәтте букмекерлер өз қалағандарын жасау үшін жымысқы әрекеттерге барады. Алданған күннің өзінде, заң арқылы мәселені шешу қиынға соғады. Себебі кеңсе адамдары бұл мәселенің барлығын алдын ала заң бойынша шешіп қояды. Яғни, адамның психологиясын бұзып, өз қаражаттарын қарызға береді. Кейін уақыты келген кезде кеңсе берген қаражатын екі-үш еселеп пайыздық өсіммен қайтарып алу жолдарын жасайды.
Атаулы кеңсеге бас сұққандардың көбісі бұл әрекеттерін ерсі көрмейді. Мұндай адамдарды мамандар құмар ойынына жататын кәсіптің бір түрі дейді. Ал құмар ойынын ойнау асыл дінімізде бұрыс нәрсе екені белгілі. Бәс тіккен адам тек өз пайдасын ойлайды, сондай-ақ ұтқан жағдайдың өзінде ол жеңіл жолмен табылған қаражат болмақ емес пе?! Адал жолмен, өз еңбегімен, маңдай терімен келмеген ақша харам болмақ. Тағы бір өзекті мәселе – кеңсеге бармай-ақ, интернет сайттары арқылы арнайы бәс тігу мүмкіндігі бар. Сонымен бірге интернет беттерінде букмекерлік жарнамалардың қаптап кетуі де көңілге қонымды әрекет емес екені анық. Осының салдарынан қалтасындағы соңғы қаражатты бәске тігетін азаматтарымыз да көбейіп келеді. Тіпті шаңырақтың шырқын бұзып, бар дүниесін сарп етіп жататынға тоқтау салу қолдан келер емес.
Міне, пайдасынан зияны көп букмекерлік кеңселер мен ондағы ойындар адам өмірін құрдымға кетіріп жатады. Әрбіріміз бәс тігудің құмар ойын екенін ескеріп, адал еңбекпен табыс тапқанымыз жөн болар. Келер ұрпаққа да өзіне залал келтіретін жат әдеттерге бармауды ескерте жүрейік. Әр нәрсенің шегі болатындығын білгеніміз артық болмас.
А. НҰРЛАНОВА
30 сәуір 2022 ж. 578 0