Құмар ойындар қаншалықты қауіпті?
Сөздері сан ұрпаққа сабақ болған Шәкәрім Құдайбердіұлының мағыналы шығармалары әлі күнге қазақ қоғамында құнын жоймай келе жатқаны анық. Солардың бірі ретінде бүгінгі тақырыбымызға "Құмарланып, шаттанба, Ойнап босқа күлуге" деген жолдары дөп келетіндей. Расында, Шәкәрім айтқан құмарлық бүгінде қоғамға қауіп төндіріп отырғаны белгілі.
Қысқа өмірдің қадір-қасиетін жете түсінетіндер болғанымен, өкінішке қарай, бағамдай білмейтін жандар да жетерлік. Олар арақтың арбауына түскендер мен құмар ойынының құрсауында қалғандар. Өкініштісі, құмарға қалай құмартып қалғандарын өздері де аңғармай қалады. «Құмар» негізі арабша сөз, бірақ аятта құмар сөзі емес, «майсир» сөзі келтірілген. Бұл сөз жеңіл жолмен мал табу мағынасын білдіреді. Құмардың құрығына іліккендер әсіресе, табан ет, маңдай термен келген еңбекке қарағанда, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп, оңай олжаға кенелгісі келген адамдар.
Құмарлық қайдан пайда болады?
Дәрігерлердің айтуынша, бұл да түрлі жағдайлардан туындайды. Психологтар санаға ерік беріп, ойынға әуестенуі балалық шағында ата-анасы мен баланың арасындағы келіспеушіліктердің салдарынан немесе әке-шешесінің ұрыс-керісінен қажыған баланың не істерін білмей, ойын арқылы бір сәт болса да жағымсыз жайттардан бойын аулақ салуы деп тұжырымдайды. Яғни күйзеліс, депрессия, жанды жегідей жеген жалғыздық, үрей-қорқыныш, тағы басқа жағдайлар әсер етеді деген топшылаулар жасады. Медицина мен психологияда мұны аурудың бір түрі деп есептейді және оны «лудомания» деп атайды. Күнұзаққа ойын автоматтарының алдынан тұрмай, нәр татпаған адамдар жүрек, қан тамыр ауруларына да жиі ұшырайды екен. Ал өз ұтысына ие бола алмаған жандарды ашу кернеп, жүйкесінің тез жұқаруына ықпал етеді. Ең сорақысы, өз-өзіне қол жұмсауға да итермелейтін көрінеді.
Мәселен, қарапайым ғана болып көрінгенімен, карта ойынының да құмарлыққа ұласып, кейін өкінішке соқтыру қаупі өте жоғары. Осы бір ғана ойын бойынша мынадай мәлімет бар. Картаның жетегіне еріп, жетесіздікке бой алдырғандардың саны күн сайын көбею үстінде. Ойынхана біреулердің қалтасын қалындатса, біреулерді мүлдем көк тиынсыз қалдырып жатыр. Бірақ құмар ойын бизнесімен айналысатындар салық төлемдері арқылы бюджетті де қаржыландырып отырғаны ақиқат. Ойынхана Қазақстанның 2 аймағында ғана ресми түрде жұмыс атқаруға рұқсат берілген болатын. Олар – Көкшетау мен Алматыдан 70 шақырымдағы Қапшағай қаласы. Бірақ құмар ойынның құрығына ілінгендердің жиі баратын мекені өзге халықтың қалауына сай келеді деу өте қиын.
Бірақ заңсыз бағытта құмар ойынның өзге де түрлерін таратып, қалтаға түсіп қана қоймай, келушілердің өмірін өкінішке айналдырғандар қаншама?!
Тағы бір мәселе – букмекерлік кеңселер. Қазірде бұл орталықтарға қолжетімділік артып, ұялы телефон арқылы да ұтыс тігуге болады. Қазақстан букмекерлер және тотализаторлар ұйымының құрамына 30-дай букмекерлік кеңсе тіркелген екен. Кейбір деректер бойынша елімізде бұл бизнес саласында шамамен 30 миллиард теңге айналымда жүрген көрінеді. Әйтсе де, нақты соманы дөп басып айту қиын. Негізі, букмекерлік кеңсе қызметіне біздің елде рұқсат етілген. Оны ашу үшін керекті құжаттарды жинап, Мәдениет және спорт министрлігіне тапсыру керек және лицензия алу құнын төлесеңіз жеткілікті.
Әріге бармай-ақ, қаламызда букмекерлер арқылы, өзге де жеңіл жолмен ақша табуға құштарлар бар екені жасырын емес. Дегенмен бұл ойын аппараттары мен орталықтар үнемі бақылауда.
Жауапты тұлғалар жауапкершілігі қандай?
Бұл жайында аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ұйымдастырушылық-аналитикалық жұмыс тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Дулат Мырзағалиев:
– Бұл жағдай үнемі басты назарымызда болып келеді. Құмар ойындарға, адамның құмарлығын тудыратын басқа жағдайлар мен ойын автоматтарын бір сәт бақылаусыз қалдырмаймыз. Аудан көлемінде бірнеше ойын аппараты болды. 2019 жылы аудан әкімдігі, прокуратурамен бірлесе отырып рейдтік шара өткізілді. Нәтижесінде барлығы жабылып, иелеріне айыппұл салынды. Бүгінгі таңда аудан бойынша бірде-бір ойын автоматы жоқ. Соның нәтижесінде істелген жұмыстар нәтижесін беріп, көрсеткіш жыл сайын жақсарып келеді. Бұған биылғы көрсеткіш анық дәлел бола алады. Жыл басынан бері мұндай мазмұндас жағдай тіркелмеді. Ал 2020 жылы 2 жағдай тіркеліп, іс аудандық сотқа жолданды. Бірақ қаралған екі іс те әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылды. Себеп екі жағдайдың да кейіпкері Байқоңыр қаласының тұрғындары болды. Бұл іс карантин уақытында болғандықтан, Байқоңыр қаласына кіре алмадық. Бірнеше рет шақырту қағазы жіберілгенімен, оларды да шығармады. Егер 2 ай көлемінде қаралмаса, іс тоқталып, тәртіптік шара көру мүмкін болмайды.
Түйін:
qasym.kz сайтында құмар ойнаған жігіттің өзекті өртеген өкініші туралы әңгімесі жарияланған болатын. Бір күні құмар ойнаудан алдына жан салмаған атақты бір құмарпазды естіп, іздеп барған жас жігітке егде тартқан әлгі кісі "Балам-ау, сенің мұнша құмарпаз болуға итермелеп тұрған не нәрсе? Байығың келеді ме? Егер сол арқылы баюға болатын болса, мен бай болар едім. Мен шынында да елдің айтқанындай құмарлықтың шегіне шыққан адаммын. Бірақ қазіргі халімді қара. Сол құмардың кесірінен бала-шағамнан безіп, бар дәулетімнен айырылып тындым. Қартайған шағымда қурайдай қу басым ғана қалды. Сол кездегі істеген істерімнің жазасын енді тартып отырмын. Маған қара да, ғибрат ал" деген екен. Иә, ғибрат алатындай-ақ әңгіме. Осы бір ауыз сөз баршаның санасында жатталса деймін.
Оңталап ЖОЛДАСОВ