Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ақ кимешек көрінсе...

Ақ кимешек көрінсе...

Сан ғасырдан бері көшпенділік салтын ұстанған қазақ халқының киіну мәдениетінің де өзіндік ерекшелігі болған. Зерттеушілердің пікірінше, ежелгі ғұн, сақ, үйсін дәуірінің өзінде бабаларымыз жібек, атлас секілді қымбат матадан тігілген киімдер киген екен. Сондай-ақ асыл тастармен көмкерілген әшекейлерді де сәндік үшін таққан. Сол уақыттардан бері киіз басып, тері өңдеген және осылардан өздеріне сай киімдер тіккен. Батыс пен шығыс елдерінен түрлі бұйымдарды алып, оларды да керегіне пайдаланған. Қола дәуірінен бастап-ақ сақтар малды қолға үйретіп, оны жүк тасытумен бірге, еттері мен сүтін азық ретінде пайдаланғаны тарихымыздан белгілі. Сонымен бірге олардың терісінен де түрлі киімдер дайындаған.
Халқымыздың ұлттық киімдері де ешбір елден кем түспеген. Қаракөз қыздарының ұлттық киімдері – торғын, қырмызы, шәйі, баршын секілді, бүрмелі жеңін кең етіп тіккен. Жұмсақ және нәзік матадан тігетіні осы қыздарымыздың нәзіктігі мен әдептілігінің дәлелі емес пе?! Әйел – ұлтты тәрбиелейді. Үйге келген қонаққа ибалылығымен ілтипат көрсетіп, ас ұсынған әйел киімі арқылы ертедегі ата-бабаларымыз елдігімізді таныған. Яғни, үстіндегі киімі арқылы қай елден келгені мен кім екенін білген. Жасы мен отбасы жағдайына қарай да өзіндік ерекшелігі бар баскиімдер болған. Яғни, сәукеле – ұзатылатын қыз киетін бас киім. Кейін ұзатылған қалыңдық орамал тағады. Және де ақ түсті жібек немесе матадан тігілген кимешекті егде жастағы әйелдер басына ораған.
Кимешек – ақ матадан тігілген, қазақтың ұлттық бас киімі болып табылады. Сонымен бірге қазақ әйелдеріне өзінше көрік беріп, ажарын ашқан. Әйелдер үй шаруасында шашты жинап, гигиеналық және этикалық мәдениетті сақтап жүруі үшін де басына кимешек ораған. Сондай-ақ ол әйел адамның тазалығы мен биіктігін көрсеткен. Бірақ жаңадан босаға аттаған жас келінге кимешек кигізбейді. Оған әдемі орамал тағып, келіндік қызметін атқаруға кірістіреді. Уақыт өте құрсақ көтеріп, сәбиін бауырына басқаннан кейін баланы қырқынан шығарады. Қырқынан шығару рәсімін кішігірім той етіп өткізеді. Сол кезде ауыл әжелері мен абысындары жиналып, «Елдің анасы болдың», «Ана атандың» деп, кестелеп тігілген кимешекті кигізеді. Сонымен қатар енесі келіні үшін алдын ала кимешек тіктірмес бұрын, ұрпағы өсіп-өнген әжеге тіктіретін болған. Аяулы ана атанған келінге кимешек кигізетін адамды да арнайылап, жақсы ниетпен сайлаған.
Мұқағали Мақатаев атамыз: «Әже, сен бірге жүрсің меніменен, Өліге мен өзіңді телімегем. ...Ақ кимешек көрінсе, сені көрем, Ақ кимешек жоғалса... Нені көрем?» демекші, қазір кимешек былай тұрсын, орамал да тақпайтынымыз рас. Ең өкініштісі, бүгінгі замандастарымыздың арасынан кимешектің не екенін білмейтіндері де бар. Иә, заман өзгерген, қоғам солай қарай тартты деп жатамыз, бірақ сол қоғамды құраушы өзіміз екенін естен шығарғандаймыз. Ата-бабамыздан қалған асыл мұраларымыз бен жөн- жоралғыларымыз шет қалып бара жатқандай. Осындай тәрбиелік мәні зор ерекше қасиеттерімізді келешек ұрпақ бойына дарытсақ, еліміз де ұлттық ой-санасын жоғалтпасы анық. Ата-дәстүрден аттамаған ұрпақ, өз тілін де, дінін де, елін де сыйлайтыны рас. Сол үшін бұрыннан бүгінге жеткен киімдерімізді қастерлеп, құрмет тұта білсек, өшкен із қайта жанғандай болар еді...
Айсәуле Нұрланова
19 ақпан 2022 ж. 1 642 0