Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық киім неге тек мерекеде ұлықталады?

Ұлттық киім неге тек мерекеде ұлықталады?

Наурыз – қазақ халқының ең қастерлі мерекелерінің бірі. Бұл кұні көне дәстүрлер жаңғырып, ұлттық тағам, ұлттық киім киеліп, ұлттық ойналады. Жұртшылық Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге қызу дайындалды. Жылдағыдай сән-салтанатын келістіріп, думандатып тойламасақ та, бұл мерекеден тысқары қалмадық. Әсіресе мереке жақындағанда мектепте оқитын, балабақшада тәрбиеленетін өрендеріне ұлттық киім кигізу мақсатында ата-аналар базарға ағылды. Иә, көздің жауын алатын небір ұлттық киім түрін тек мереке күні ғана іздейтініміз өкінішті. Тап мейрам қарсаңында бағасы да шарықтап кететіні де жасырын емес.

Қолөнердің басты бір саласы – киім тігу десек, қазақ халқының бұл өнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқанын көреміз. Ата-бабаларымыз негізін қалап кеткен киім үлгілері бүгінде заманауи қалыпта тігіледі, олар талай халықты әсемдігімен баурап, мойындатқаны да анық. Бүгінде қазақша киімді сахналарда, мерекелік іс-шараларда ғана киіп жүрген қыз-жігіттер мен аға буын өкілдерінен көреміз.
Гүлнар Анапияева, қолөнер шебері: 
– Мен мектепте қырық жыл ұстаз болып қызет етіп, зейнеткерлікке шықтым. Зейнет демалысында қазақтың ұлттық өнерін дәріптеуге кірістім. Осы арқылы көптеген адамдармен кездесіп, пікірлес болған едім. Негізінде, қазақтың сыртқы киіміне қарап, оның кім екенін білуге болады. Тарихи-мәдени мұрамыз бен өткен ғасырлардағы салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды, халықтың жағдайын осы ұлттық киiм арқылы кеңінен зерттеуге болады. Одан бөлек, киім, оның ішінде бас киім де адамның жасы, қоғамдағы орны, отбасылық жағдайы, қызметі, шығу тегі және басқаларын білдіре алады. Олар адамның дене мүшелеріне сәйкес бас киім, иықтық киім, белдік киім, аяқ киім деп бөлінген. Пайдалану, тұтыну ерекшеліктеріне байланысты күнделікті, сәндік киімдерге, жыл мезгілдеріне қатысты қыстық, маусым аралық және жаздық киімдер болып бөлінеді. Қазақтың ұлттық киімдерінің қайсыбірін алып қарасақ та, оның көз тарататын көркемдігін байқауға болады. Халқымыздың тағы бір ерекешелігі, қазақ киімінің тәуірін ежелден қыз-келіншектер киген, әшекейдің де ең асылын солар таққан. Жас қыздар бүрмелі етекті көйлек, бешпент, қамзол, қынама бел киімдер, басқа үкі кепеш, аяққа мәсі, оюлы кебістер киген. Бойжеткен қыздар бастарына кәмшат бөрік, сәндеп өрнектеген ақ шыт орамал тартқан.
Ұлттық киiмнiң түрлерін жоғары талғаммен тiгiп, дүкенге қойса, халықтың көзi үйренiп, сатып алуға әрекеттенер едi. Дүкен мен базардан мұндай дүниелердi көрмеген соң, адамдар ұлттық киiм киюдiң қажеттiгiн ойланбайды да. Ұлттық киім тігуді табыс көзіне айналдырып, әркім өз жобасын жасай беруге де болмас. Әрине, ұлттық киімдерді заманға сай өзгерту керек те шығар. Әйтсе де, оны үлкен талғаммен жүзеге асыру қажеттігін айтады өнер жанашырлары.
Маруся Нұрмағанбетова, мәдениет орталығының басшысы:  
Біз ұлттық өнермен біте қайнасып жатырған жандармыз. Сондықтан әрбір мерекелік шарада ұлттық киім киілетін болғандықтан, мұндай киімдерді өзімізге арнап тіктіріп қоямыз. Дегенмен де еліміздегі ұлттық киімнің насихатталуы қарын аштырады. Жұрт тек Наурыз мерекесі тұсында ғана қолпылдаған кең шапан, көзіне түскен дағарадай қалпақ киеді. Сосын келесі көктемге дейін ұйпа-тұйпа қып сандығына тығып қоятын сыңайлы. Дизайнерлеріміз әлі күнделікті киюге қолайлы, ықшам, көрікті ұлттық киім үлгілерін тігіп, өмірге енгізе алмай келеді. Қырғыз, қытайдан келетін өтірік киізден тігілетін ақ тебетей, бейсболкалар киімнің құнын түсіріп бітті. Үлкен ізденіс, үлкен бетбұрыс керек. Оның үстіне ұлттық киімнің бағасы нарықта тым қымбат. Әркімнің алып киюіне қолайлы баға болу керек. Биыл тәуелсіздікке 30 жыл толып отыр. Осы егемен ел болған жылдар ішінде бірқатар ұлттық құндылықтармызды қайта оралттық. Ендігі жерде ұлттық киімге де жаңаша өң беріп, жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болар еді. 
Базар бағасының әсіресе мереке қарсаңында бірнеше есеге шарықтап кететіні жасырын емес. Биыл мектеп оқушылар да қашықтан оқытылып, Наурыз мерекесін жылдағыдай тойлай алмаса да, ұлттық киімдерін киді. Қаладағы №14 мектеп-лицейдің офлайн форматта оқитын оқушылар бір апта бойы мектепке ұлттық киім киіп барды. Мұны естіп «бәрекелді» деп марқайып қалдық.
Күнзира Қадырова, №14 мектеп-лицейдің мұғалімі:
Қазақтың ұлттық киімдері керемет! Біздің мектеп-лицей – қаладағы жалғыз орыс мектебі. Біздің оқушыларымыз орысша білім алса да, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті жетік біледі. Өйткені шәкірттеріміздің тоқсан пайызы қазақ отбасының балалары. Біз бір апта бойы ұлттық киім кигізу арқылы олардың бойына қазақы дәстүрді,  ұлт құндылығын сіңіргіміз келді. Бір байқағанымыз, осы апта ішінде оқушылар сабаққа ерекше құштарлықпен қатысып, ұлттық киім киюге деген талпыныстарының жоғары екендіктерін көрсетті. Әрине мұндай киімдердің тек мереке күндері ған киіліп, ізделетіні жасырын емес. Біз үшін мұндай киімдердің құндылығы тым бөлек. Тіпті мектеп формасына ұлттық киім ретінде айшықтайтын ою жабыстырып, заманауи үлгіде ұсынса да, жарасымды болар еді. Біз – болашақты тәрбиелеушіміз. Балалар оқып-білумен қатар, қазақты тарихи құндылықтарын өздері тұтыну арқылы да бойына сіңіре алар еді. Сол себепті халқымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөзді қалдырған.
Шыны керек, "мерекеден басқа күні арагідік өнер адамдары болмаса, жалпы халық ұлттық нақыштағы киімдерді кие бермейді" деген пікірді айтқан қаладағы тігінші сұраныстың тым төмен екендігін айтты.
Индира Жұмашева, тігін шеберханасының иесі:
Бізге де тек халық мереке күнінің қарсаңында ғана қазақша көйлек, камзол, бөрік тіктіруге келеді. Онда да балаларға болмаса, үлкендер жағы сәнді камзол киюге асықпайды. Сосын сүндет той, тұсаукесер сынды дәстүрлі тойларда ғана ұлттық киім киіледі. Біз мұндай киімдерге асып ара жатқан баға қоймаймыз. Дизайндық, тігу жұмыстары мен матасын ғана есептеп, қалтаға қонымды бағада ұсынамыз. Бұл базардағы шетелден келген киімдерден қымбат емес. Тек халқымыз әлі бұған назар аудармай отырған сыңайлы. Негізінен, біз халқымыздың мерекеде киетін әшекейлі киімдерін ғана білеміз. Шын мәнінде ұлттық киімнің түрі өте көп. Мал шаруашылығын тірішілік көзіне айналдырған халқымыздың киім үлгісі де шаруаға жайлы болған. Шындап мән беретін болса, ұлттық киімнен ыңғайлы керемет киім жоқ. Біз мұндай киім тігуден қашпаймыз. Сұраныс болса болғаны.
Түйін: Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан алуан киімдер мен әшекейлерді қолданысқа енгізуге, күн­делікті гардеробымызды ұлттық үлгі­де тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігі­л­ген киім арқылы жастардың бойы­на пат­риоттық сезім ұялатуға болады. Отан­дық өндірісті қолдай отырып, эко­логия­л­ық таза материалдан бірта­лай киім мен әшекейлерді киюге жол ашу керек. Мыс­алы, мектеп оқу­шы­лары, студенттер және мемлекеттік қыз­мет­шілердің кос­тюмдері мен галстуктары­на қазақтың ұлт­тық эле­мент­терін салып, күнделікті жұ­мыс­қа кисе несі айып?! Шетелдерге өзі­міз­дің ұлттық эле­мент­тері бар сапалы киім­дері­міз­ді ұсына отырып, отандық өнімдері­міз­ді экс­порт­қа шығаруға барлық күш-қуаты­мызды салсақ жөн. Абайдың айтуынша, «киім кию салты ар­­­қы­­лы адамның мінез-құлқы, қоғам­дағы ор­­­ны, болмысы анықталады». Сондық­тан елі­­­міз­­­дің жастары сәнді және әдемі киін­се, олар­­дың өмір сүру сапасы да жақсара түседі.

Назерке МАРАТҚЫЗЫ 
25 наурыз 2021 ж. 2 669 0