Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

АРАЛДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

Бүгін аудан жұртшылығы Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтті. Жыл басы саналатын Ұлыстың Ұлы күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті де киелі саналған.Орталық алаңдағы мерекелік шара «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясындағы театрландырылған қойылымнан бастау алды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхтар Оразбаев: -«Баршаңызды тамыры тереңге бойлаған Әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, Жыл басы Наурызбен бірге жан-жануар түлеп, мал төлдеп, жер беті көктеп, дүние жаңарады. Бүкіл тіршілік атаулыға жан бітіріп, қазақ даласына шуағын шаша келген бүгінгі арайлы шақты халқымыз Ұлыстың Ұлы күні деп ұлықтаған. Әз-Наурыздағы барлық тілектеріңіз қабыл болсын. Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!»-деген ізгі тілегін білдіріп, аудан халқын Наурыз мерекесімен құттықтады.
Мерекеге орай арнайы тігілген киіз үйлерде «Қыз ұзату», «Келін түсіру», «Бесікке салу», «Тұсаукесер» сынды қазақы салт-дәстүр түрлерінен көріністер көрсетілді. Сондай-ақ, қазақтың түрлі ұлттық нақыштағы киім-кешектері мен тұрмыс құралдары қойылды.
Ұлттық дәстүрден сыр шертетін арқан тарту, асық ату, гір тасын көтеру, ләңгі тебу танымдық ойындары ұйымдастырылып, қатысушылар өзара сынға түсті.
Наурыз тойына келген ақсақалдар мен қариялар наурыз көжеден дәм татып, ел мен жердің амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
Арал ауданының баспасөз қызметі.
21 наурыз 2019 ж. 1 294 0