Арал ауданы әкімінің мерекелік құттықтауы

Тамыры тереңге бойлаған Наурыз мейрамы еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі.
Жер бетінің қайта түлеп, табиғаттың арайлы шуағын шаша келетін шағы - адам баласына ерекше серпіліс беріп, рухани тазаруына ықпал етеді.
Күллі тіршілік атаулы ұйқыдан оянып, күн мен түн теңеліп, төрт түлік төлдеп, жер-жаhан жаймашуақ нұрға бөленетін мезгілді адамзат атаулы ерекше ілтипатпен қарсы алады. Сондай-ақ, дастарханға ақ толатын, елге бақ қонатын молшылықтың мерекесіне балайды.
Жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Ұлыстың Ұлы күнінде адамдардың бір-біріне деген өкпе-реніші кешіріліп, достық пен келісім орнайды.
Адамгершілік пен татулықты паш ететін Әз-Наурыздың қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтудағы рөлі орасан зор.
Еліміздің мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық нұрын себе келсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы Оразбаев