Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық ойындар – тәрбие өзегі

Ұлттық ойындар – тәрбие өзегі

Жас ұрпақтың қалыптасуына әсер ететін дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты – халықтың ұлттық ойындары. Ұлттық ойынды ата-бабамыз баланың көзқарасын, мінез-құлқын қалыптастыратын тәрбие құралы деп санаған. Сондықтан баланың жан-жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын  сан түрлі ұлттық ойындарды ойлап тапқан. Ал сол ойындарды бүгінгі жас буын ұмыт қалдырмады ма деген заңды сұрақ туындайды.
Бүгінде жастардың арасында ұлттық ойынның «Ақсүйек», «Алтыбақан», «Көкпар» сынды түрлерін көпшілігі біледі. Дегенмен оларды ойын автоматы, компьютер, батыстың атыс-шабыс кинолары көбірек қызықтыратын тәрізді. Иә, расында да кейбір жеткіншектер қазақтың ұлттық ойынынан гөрі санасын улайтын құмар ойынды ұнататыны белгілі. Заман ағымына ілесеміз деп ұлттық құндылықтарға мән бермей, құмар ойынның зиянына назар аудармайды. Сөйтіп ата-бабамыздың асыл мұрасы шет қалып жатады.
Этнограф-ғалымдардың зерттеулеріне назар аударсақ, қазақтың ұлттық ойындары аңға, малға байланысты, алуан түрлі заттармен ойналатын, зеректікке, ептілік пен батылдыққа баулитын ойындар деп бірнеше түрге бөлінетінін және ұлттық ойындардың жүзден астам түрі бар екенін айтады. Тағы бір айта кетерлігі, ұлттық ойындардың балаларға арналған түрлері әдетте өлеңмен беріліп  те отырған. Бұл дегеніміз қазақ халқы ұлттық ойындар арқылы жасөспірімдерді қиындықты еңсеруде шыдамды болуға, қиналған сәтте жол таба білуге дағдыландыруды басты мақсат еткендігі байқалады. Мысалы, «Аламан бәйге», «Аударыспақ», «Арқан тарту» ойындары адамды төзімділікке, ерік-жігерді игере білуге үйретеді. Сондай-ақ әр ойын жас ұрпақты салмақты, шебер әрі епті болуға баулиды. Өйткені әрбір адам өзінен өрбіген ұрпақтың жан-жақты, білікті де күшті болып өсуін қалайды. Жалпы, қазақтың ұлттық ойындарының қай-қайсысының да қоғамдық және әлеуметтік маңызы зор.
Асық, тоғызқұмалақ тәрізді ойындар Азия елдеріндегі алғашқы мемлекеттер мен тайпалар арасында да кеңінен тараған. Біз болашақ ұрпаққа не қалдырамыз, қалтаны қағар казино ма, әлде құмар ойындар ма? Құмар ойын құрдымға апаратыны белгілі. Дей тұрғанмен, батыста бастау алған бұл ойындардың біздің елде де белең алғаны өкінішті.
Ал енді «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабында қазақтың ұлттық ойындарының мән-маңызы туралы: «Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған», – деп жазылған.
Осы ұлттық ойындар арқылы ата-бабаларымыз ұрпақтың береке-бірлігі мен ынтымағын сақтап отырған. Шындығында, адамның өмір сүруінде қазақтың ұлттық ойындарының орны айрықша. Әрбір ұлттық ойын адамды өмір сүруге бейімдеп ғана қоймай, қиындыққа қарсы тұра білуге, шыдамдылыққа үйретеді. Сонымен бірге ұлттық ойыннан спорт пен патриоттық тәрбие айқын аңғарылады. Мұның өзі қазақтың ұлттық ойындарының бала тәрбиесінде маңызы зор екендігін дәлелдейді. Ал өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие беру – бүгінгі ата-ананың басты міндеті.
 К.МАХСҰТ 
04 шілде 2022 ж. 1 933 0