Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық ойынды ұлықтаған ұстаз

Ұлттық ойынды ұлықтаған ұстаз

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау аясындағы шаралар салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Көнеден келе жатқан жауһар жәдігерге баланған ұлттығымыздың белгісін жоғалтпау қашан да басты мақсат. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында дәрежесі дәстүрлі өнер мен халықтың қазынасы есептелетін өзге де елдігіміздің нышандарымен қатар тұратын ұлттық ойындарды да халыққа насихаттау орынды болар.

Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз. Қандай ойын болмасын, тарихы терең, маңызы ерекше. Сондай-ақ ұлт болашағын тәрбиелеуде маңызы өте жоғары.
Осындай ойындардың бірі бала кезден таныс – бес тас ойыны. Қазірде бұл ойын түрі «бес асық» деп аталады. Бұл ойынды кезінде жасөспірімдерден бастап ересек адамдарға дейін ойнаған. Кейіннен қазақтың ұлттық салт-дәстүрін жаңғыртуда бұл ойынға ерекше мән берілді. Ер жігіттердің асық ойынымен қатар, «Бес асық» ойынынан да түрлі сайыстар ұйымдастырыла бастады. Баланы ептілік пен есепке, шапшаңдық пен қимыл-қозғалысының дұрыс қалыптасуына пайдасы көп.
Рас, қазір көптің қолданысынан шығып, орнын ұялы телефондарға босатқан бұл ойын түрі әлі де болса түбегейлі жойылып кетпеді. №220 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айғаным Жансүгірова бүгінде осы спорт түрінен аудан намысын абыроймен қорғап, облыстық, республикалық жарыстарда жүлде салып жүр.
Алдымен 2019 жылы Арал аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ересектер арасында өткен сайысқа қатысып, ІІІ орынды, сол жылы Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен сайысқа екі рет қатысып, І және ІІ орынды иеленеді. Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ұйымдастыруымен өткен ҚР кубогы жарысында да жеңіс тұғырының ІІІ орыннан көрінді.
Айғаным биыл да ауданның мерейін үстем етті. Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен жарыста дара шығып, І орын иеленді.Түркістан қаласында өтетін жарысқа жолдама алған жерлесімізден тағы да жеңіс күтетініміз жасырын емес.
Бүгінде білім саласында шәкірт тәрбиелеу жолында ұстаздық ұлағатымен танылған Айғаным Аралбайқызы:
–Бала күнімізде бұл ойынға әдейілеп әдемі тастарды теріп, жарыса қызығып ойнайтынбыз. Кейіннен қазақтың ұлттық ойыны бес тастан сайыс өткізіледі дегенде, тастың орнын асықпен ауыстырып ойнадық. Сайыста әрбір асықтың белгіленген өлшемі болады. Тек сол асықты қолдануға рұқсат етіледі. Менің ойымша, кейінгі кезде ұлт ойындарына көңіл бөлмеу, көбі ұмыт болып барады десем, артық айтқандық емес. Қазіргі күні қиял-ғажайып ертегі кітаптардың орнын компьютер мен ғаламтор алмастырған. Бүгінгі баланың балалық шағы атыс-шабыс ойындарымен байланысты болып жатқаны қынжылтады. Біз осы «Бес асық» ойынын ойнау арқылы балалардың қызығушылығын арттырсақ дейміз. Себебі, ұлттық ойындардың маңызы зор және бала денсаулығына, ойлау қабілетін дамытып, ұлттық сана-сезімін, патриоттық сезімдерін оятады. Ұстаздық етіп ұлт болашағын тәрбиелеп отырғандықтан, баланың жақсы жетілуі мен тәрбиесіне бей-жай қарай алмадық, – дейді.
Иә, бала тәрбиесінде ұлттық ойындардың алатын орны ерекше. Ол – жас ұрпақты имандылыққа, тапқырлыққа, адамгершілік қағидаларына баулуда баға жетпес құрал. Себебі сол арқылы тәрбиеленіп, өнеге үйренеді. Дәстүрлі таным-түсініктен туындайтын қазақ халқының ұлттық ойындары баланы іс-әрекетке, адамгершілік әдептерді игеруге, ақыл-ойын жетілдіруге, отансүйгіштікке баулуда, салауатты өмір сүруге тәрбиелеуде тендесі жоқ құрал болып табылады.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
20 наурыз 2021 ж. 743 0