Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әз-Наурызды 9 күн тойлау ұсынылды

Әз-Наурызды 9 күн тойлау ұсынылды

kyzylorda-news.kz Қазақстанда Ұлыстың ұлы күнін тойлаудың жаңа форматы әзірленді, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Соңғы жылдары Наурыз мейрамын мерекелеуде сахналық-қойылымдық сипат басымдық алып, бұқаралық-отбасылық мәні ашылмай келеді. Бірқатар танымал ғалымдар мен этнографтар мерекені атап өтудің бұл тұрпатын сынап, оны қайта қарауды ұсынған болатын. Осыған байланысты біздің институттың жанынан құрылған «Азаматтық алаң» дискуссия клубында наурыз мерекесін зерттеп жүрген ғалымдардың қатысуымен Ұлыстың ұлы күнін мерекелеудің жаңа форматы әзірленді», – деді «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы Рухани жаңғыру орталығының басшысы Жанар Бұқанова.
Айтуынша, Наурыз мерекесін тойлауға қатысты іс-шаралар 14-22 наурыз аралығында өткізіледі, яғни 9 күн. Оның әрбірі атаулы іс-шараға арналады:
14 наурыз – Көрісу (Амал) күні. Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн. 
15 наурыз – Шежіре күні. Бұл күні отбасының, ел-жұрттың, жеті атаның тарихы айтылып, шежіресі таратылады. Сонымен қатар жұртшылық мал сойып, өткен-кеткен ата-бабаларына құран бағыштайды. Әр отбасының үлкендері өмірден өткен ата-бабаларының, ағайын-бауырдың жақсы істерін, қуанышты сәттерін кейінгі ұрпаққа әңгімелеп береді.
16 наурыз – Жайлау күні. Бұл күні адамдар табиғат аясында серуен құрып қанай қоймай, ондағы қоқысты тазартып, тал егіп, көшет отырғызады. Бұл өскелең ұрпақтың экологиялық, зияткерлік санасын дамытуға септігін тигізеді және денсаулығын жақсартады.
17 наурыз – Игі істер күні/дархандық күні. Бұл күні әр адам мүмкіндігінше бір жақсы іс жасайды. Волонтерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар наурызды тойлау апталығының бұл күні жоқ-жітімге, жарлы-жақыбайға қол ұшын беруге арналады. Жомарт жүректі азаматтар қоғамдық маңызы бар объектілер салуға, жөндеуге атсалысады. Осы күні жергілікті әкімдіктер түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады.
18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні. Наурызды тойлау декадасының бұл күні ұлттық спортқа арналады. Жер-жерлерде, ипподромдарда ересектерге арналған көкпар, бәйге, қыз қуу, аударыспақ ұйымдастырылады. Ал балалардың асық ату, ләңгі, тоғызқұмалақ, дойбы, арқан тартыс, қап киіп жарысу, жаяу тартыс, садақ ату т.б. ойындар ойнауына арналып арнайы орындар жасалады. Сонымен қатар жастар мен балалардың болашақтағы бес саусағынан өнер тамған шеберлер, жезтаңдай әншілер, мың бұралған бишілер болуы мен металлды жіпше үйірген зергерлік талантын ұштау мақсатында арнайы жарыстар ұйымдастырылады. 
19 наурыз – Зияткерлік күні. Осы күні балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, жырлар мен эпостардан үзінділер айтылады. Жастардың дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі баланың санасын дамытуға бағытталған басқа да амал-тәсілдері дәріптеледі.
20 наурыз – Жоралғы күні. Бұл күні әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер айшықталады. Ұмыт бола бастаған жоралғылар жаңғыртылады, барлары заман талабына сай дамытылады. Салт-дәстүрдің, ырым-жырымның адам мен қоғам өміріндегі маңызы түсіндіріледі. Бұл  күні әр адам жақындарына сый-сияпат жасайды. Осы мақсатта коммерциялық ұйымдардың арнайы «Nauryz сыйлық» әзірлеуін қамтамасыз етуі керек.
21 наурыз – Ұлттық тағамдар күні. Бұл күні қазақ ас мәзіріндегі көптеген тағам түрлері әзірленеді. Ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасаудың әдістері үйретіледі. 
22 наурыз – Бұқара күні. Бұл күні бұқаралық мерекелік шеру болып, арнайы орындарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. 
«Жаңа форматтың ерекшеліктері – Әз-Наурызды отбасылық деңгейде атап өтуге жоғары мән беріледі, салт-дәстүрлерді жандандыруға, сананы жаңғыртуға көңіл бөлінеді. Сонымен қатар «Nauryz сыйлық» сияқты маркетингтік шаралар қолға алынады және сауда орталықтарын Наурызда жаппай жеңілдіктер жасауға шақыру жүргізіледі», – деді Жанар Бұқанова.
Айта кетсек, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылғы 15 наурыздағы жарлығымен Наурыз мейрамы ресми түрде мерекеленіп келеді.
28 ақпан 2020 ж. 638 0