Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық ойын жеңімпаздары

Ұлттық ойын жеңімпаздары

Әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен ұлттық ойындары болады. Қазақ халқында да баланы жастайынан дәлдікке, ептілікке, сондай-ақ алғырлыққа үйрететін ұлттық ойын түрлері жетерлік. Соның бірі – асық ойыны. Атаулы ойын ерте кезден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан ойын түрі. Ертеректен қазақтың балалары мен жастары бас қосуының негізінде асық ойыны ойналатын еді. Бұл ойын адамның ой-қабілетін шыңдап, ширақтыққа, ұстамдылыққа тәрбиелеген.
Таяуда Батыс Қазақстан облысы, Бөрілі ауданында асық ату мен бес асықтан ересектер арасында Қазақстан Республикасы чемпионаты өтті. Ұлттық ойындарымызды жаңғырту мақсатында өткізілген жарыста жерлестеріміз бес асықтан командалық есепте жүлделі ІІІ орынға ие болды. Команда құрамында №13 орта мектебінің мұғалімі Айнұр Нағашыбаева, №220 орта мектебінің ұстазы Айғаным Жансүгірова, сондай-ақ №71 орта мектебі қызметкері Айгерім Сыдықова аудан абыройын асқақтатты. Команда жетекшісі №260 орта мектебінің мұғалімі Кобелов Азамат:
Бүгінгі күні салауатты өмір салтын жаңғырту мақсатында аудан, облыс, республика бойынша түрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде ұлттық ойынды ұлықтап, келешек ұрпаққа насихаттауда өткізілген асық ату мен бес асықтан өткізілген чемпионатта қыздар облыстан жүлделі І орынды иеленіп, республикалық чемпионатқа жолдама алған болатын. Бәйге жеңімпаздары республикалық сайыста да қалыс қалмады. Бұл аудан үшін үлкен мәртебе. Жеңіс барлығымызға ортақ.  Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, осындай додада жеңімпаз атанған ұстаздарымыздың еңбегін айтпай кетуге болмас. Әрі қарай да өскелең ұрпақ та осы ойынға қызығушылық танытып,  әрі қарай дамытып, жалғасын таба берсе нұр үстіне нұр болар еді,-дейді ризашылық кейіппен.
Қазақ – өз ұрпағының ертеңін сонау бала кезінен ойлаған халық. Сол үшін де ұлттық ойынға аса жауапкершілікпен қарап, тәрбиелік мәні зор ойындарды ойнатқан. Салт-дәстүрді әрі қарай жалғастырып жүрген осындай жеңімпаз жандардың  жеңісі келешек жастарға үлгі-өнеге болары анық.

А. НҰРЛАНОВА
08 маусым 2022 ж. 1 601 0