Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асықшылардың асығы алшысынан түсті

Асықшылардың асығы алшысынан түсті

Салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортқа басымдық беру, дені сау, әрі қоғамның белсінді мүшесі боларлық ұрпақ қалыптастыру мемлекеттің алдында тұрған басты міндеттердің бірі болып отыр. Жастар мен жасөспірімдер арасында түрлі жарыстардың өткізілуі де өскелең буынның спортқа деген қызығушылығын арттырып, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, табандылыққа тәрбиелеу мақсатында өткізіліп жатыр. Жастарды спорт арқылы тәрбиелеу, болашақ ел іргесінің берік болуына бірден бір себепші дүние.
Жақында ғана Щучьинск қаласында осындай байрақты бәсекелердің бірі, асық ату спортынан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының біріншілігі болып өтті. Ұлттық спортты ұлықтауға арналған бұл жарысқа республика көлемінен 10 облыстан командалар бағын сынады. 3 күнге созылған жарыс тартысты өтті. Асық атуға машықтанған жарысқа қатысушылардың шеберлігі көпшілікті тәнті етті.
Жарыс қорытындысы бойынша жерлестеріміз намысты қолдан бермей, №260 орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі А. Көбелов пен №13 орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі С. Керімбердиевтің жетекшілігімен барған №260 сыныптың 7 сынып оқушысы Данияр Сәдібеков пен 8 сынып оқушысы Әбілшарам Мейрамов және №64 орта мектептің 9 сынып оқушысы Нұрсұлтан Мақсұтбекұлы жеңістің биік тұғырынан көрініп, І орынды иемденді.
Жарыс жеңімпазы Нұрсұлтан Мақсұтбекұлы:
- Асық ату спорты ұлттық рухты, патриотизмді арттыратын ойын деп білемін. Бұл спорттың түрінен жарыстарды жиі ұйымдастырып тұрса, асық ойынының мәртебесі көтерілері сөзсіз. Осы жарыста асықты сүйіп ойнайтын жастар Қазақстанның қай аймағында болса да бар екенін көрдік. Олардың санын мұнан да арттырса дейміз. Біздің жеңісіміз барша Аралдықтардың жеңісі. Бізді қолдап, сенім артқан жерлестеріміз бен ағайларымызға рахмет айтамыз, - дейді.
Жерлестерімізді жеңістерімен құттықтаймыз.

О. ЖОЛДАСОВ.
29 мамыр 2018 ж. 1 557 0