Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асық ойнаған азбайды

Асық ойнаған азбайды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламасы аясында халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қайта жаңғыртуға мүмкіндік туғызып отырғаны баршаға аян.
Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік заманда ұмытылып бара жатқан Наурыз мерекесі 62 жылдан кейін, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қайта оралғанда қуанғаннан бір серпіліп қалған едік. Енді, міне, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды қайта қалпына келтіріп, жаңғырту бағдарламасы аясында ескірген, тіпті ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындарды да бірте-бірте қолға алып жатқанымыздың куәсі болып отырмыз.
Соның ішінде халқымыздың арасында кең тараған (әрине ұлттық ойындардың түрлері көп) – асық ойыны. Бұл ойын әсіресе балалардың сүйкімді ойыны десе де болады. Осы арқылы олар сергектік пен ептілікті, мергендікті үйреніп, тәрбиеленеді.
Айталық, асық ату – ұтыс ойынына жатады. Қазақ халқымыз: "асығың алшысынан түссін" демейтін бе еді. Сонда асықты атып жатқан сақаң алшысынан түссе, ынтаң артып, ұпай үшін қайта атасың. Қалай болғанда да намысыңды жібермейсің.
Осы мақаланы жазып отырғанда, асық ойнаған сәттерім есіме түскені былай тұрсын, біреулер "есік алдында балалар асық ойнап жатыр" десе, жүгіріп барып қойып кеткім (араласып) келетінін де жасыра алмаймын. Ондай балалар қайда? Үймысық болып, гаджет, смартфонын түрткілеп, мидан ми қалмай, есеңгіреп жатпасына кім кепілдік береді?! Сондықтан ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақталып келе жатқан бұл асық ойыны ұрпақ тәрбиелеудің құралы екенін әсте ұмытпауымыз керек.
Асық – табиғи нәрсе. Бұл ойыңды дамыту арқылы біріншіден, халқымыздың ежелгі дәстүрін жаңғырта аламыз, екіншіден, генетикалық толық ойлау үрдісін қалыптастыруға сеп.
Енді бір ұл демей, қыз демей ойнайтын ойын –"ханталапай" деп аталады. Бұл ойынды үйде отырып ойнайды. Қызыл және көк түске боялған асықтарды киіздің, болмаса алашаның үстіне шашып (ыдыратып) төгіп жібереді. Асықтар көбіне бүк, шік кейпінде түседі. Бүк бүкке, шік шікке қарай асықты шертіп соқтырады. Соқтырғанда бір-біріне бүк не шік сәйкес келсе, біреуін алып, екінші біреуін көздейсің. Кім көп асықты ұтып алса, сол жеңген болады.
Сондай-ақ бұрын қыз балалар арасында ойналатын "бес тас" ойыны заманына қарай түрленіп, "бес асық" деп аталып, бұл ойынды ересек адамдарға дейін ойнайтынын көзбен көріп, құлағымызбен есітіп жүрміз. Бұған дәлел, жуырда аудан айнасы "Толқын" газетінде (20 наурыз, 2021 жыл) жарияланған "Ұлттық ойынды ұлықтаған ұстаз" атты мақалада айтылғандай, қаладағы №220 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айғаным Жансүгірованың бүгінде осы спорт түрінен аудан намысын абыройлы қорғап, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарды иеленген жеңісін мақтан етуге болады.
Бұдан басқа да асықтарды тоғызқұмалаққа салып ойнағандарды, домбырасының тиегінің орнына асық салып, ән шырқап, жыр жырлаған, тіпті күмбірлетіп күй төккендерді де көріп жүрміз.
"Ойды ой қозғайды" демекші, сәл-пәл шегінсем, оқырманым кешірер. Бұған түрткі болған мына бір:
Асық ойнаған – азар,
Доп ойнаған – тозар.
Бәрінен де қой бағып,
Құйрық жеген озар, – деген өлең жолдары. Түсініп көр! Өлең жұп-жұмыр болғанымен, насихаты бөлек. Сірә, сол замандағы байлардың бірі ақынға тапсырыс беріп шығартқаны белгілі болып тұр. Өйткені байдың қозы-лағын (уақ жандығын) кім бағады? Әрине жас бала. Сондықтан мұрнынан боғы ағып кетпей жүріп, оған уақ жандықтарын, болмаса қозы-лағын бақтыратыны айтпаса да түсінікті. Жас балада не ес болсын: "Асық ойнасаң азасың, доп ойнасаң тозасың" дегеніне сеніп, қой бағып, құйрық жегенге қарық болмаған шығар?!
Балалық, балдәурен шақ қайтып келмейді. Жас кезінде балалар бала болып ойнамаса, ержетіп, қартайғанда ойнай ма?! Сондықтан асық ойнамаса, доп теппесе, сана-сезімі, ой-өрісі артта қалатынын ойлануымыз керек.
Доп ойыны демекші, бұл ойынның да футбол, баскетбол, волейбол, гандбол және жүзіп жүріп суда ойнайтын су добы сияқты түр-түрі көп. Бәрі де спорт ойындарына жатады. Түрлі жарыстар, біріншіліктерді айтпағанның өзінде, спартакиада, олимпиадаларда доп (футбол) ойынын әлем халықтары әлдеқашан мойындаған. Демек доп теуіп тозған адамды көргеніміз жоқ. Қайта аты шығып, даңққа бөленіп жатқаны қаншама!
Иә, қай ойын болмасын өз орны бар. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап, асық ату ойыны заманға сай жаңарып, жандана түсуде. Қайсыбір мектептерде пән ретінде енгізілген. Енді мұны мектепаралық, аудандық, облыстық, тіпті республикалық дәрежеге көтеруіміз керек.
Бұған дәлел, жуырда ғана Мәдениет және спорт министрінің №52 бұйрығымен (26.02.2021ж.) ұлттық спорт түрлерінің тізбесі бекітілді. Яғни бұл тізімде көрсетілген ұлттық мәртебеге ие тоғыз спорттың бірі ретінде – асық ату ойыны таңдалған. Ақпарат көзі осылай дейді.
"Асық ойындары" ережесін Әділет министрлігі бекіткен. Яғни патенттелген. Бұдан бір жыл бұрын (2020 ж.) Асық ату федерациясы құрылып, заңды тіркеуден өткен екен. Қазір бұл іс – спорт резерві және жоғары дәрежеде ойыншылар даярлауға ерекше ден қойылған. Демек асық ату спорт түрі бойынша жарысқа қатысатын адамдардың жас ерекшеліктері бойынша, атап айтқанда, балалар (7-10 жас), жасөспірімдер (11-13 жас), бозбалалар (14-16 жас), жастар (17-20 жас), ересектер (21 жастан жоғары) болып бес топ бойынша өткізілмек. Бұл санаттар өз ішінен әйелдер және ерлер деп бөлінеді. Қысқасы, асық ату спорты – ұлттық спорт түрі ретінде ойналатын болады.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
еңбек ардагері
06 сәуір 2021 ж. 738 0