Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық ойын ойды өсіреді

Ұлттық ойын ойды өсіреді

Бала ойынмен өседі. Бұл қазақтың ертеден келе жатқан сөзі. Тәрбиені тереңінен баланың бойына дарыта білген біздің ұлт үшін осы бір ауыз сөздің берер мәні өте жоғары сияқты сезіледі. Ахмет Жүнісовтің «Фәниден бақиға дейін» атты кітабында «Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке, тағы басқа әдемі адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған екен» деп жазады. Осы сөздің өзі біздің жоғарыда айтқанымызға бұлтартпас дәлел болары анық.Жасыратыны жоқ, смартфондар «салтанат құрған» бұл уақытта дала кезіп ойнайтын балалардың қатары азайып барады. Ұйқыдан көзін тырнап ашып, ата-ананың етегіне жабысып, ұялысын сұрай жөнелетін балақайларды әрбір шаңырақтан табамыз. Міне, таңның атысынан қолына алған телефонды құшақтап жатып, көзі қалғып кеткенше уақытын соның ішінде өткізетін қазіргі ұрпағымыздың болашағы қатты алаңдатады. Мектеп табалдырығын аттағанда көзілдірікпен көрісіп жататын балаларымыздың көптеп кездесуі де сол қалтафонның кесірі.Ойын қуатын балалардың барын түбегейлі жоққа шығара алмаймын. Бірақ кеш бата көше бойын шаңға бөктіріп, асыр салған балалардың біз ойнаған ойынды ойнамайтыны
тағы бар. Ала доптың ізінен жүгірген жүгірмектер шетелдік футболшылардың жейдесін киіп, оларға қызыққаны соншалық, тіпті әр қимылын жаттап-ақ алған. Сонда тарихымыздан жеткен тұлғаларымыздан шетелдік аяқдоп шеберлерін артық санаудың себебі неде?
Осы орайда мына бір оқиға ойыма оралып отыр. Барша қазаққа батырлығымен мәлім, ұрпағының ұранына айналып, өмірінің соңына дейін ат үстінде өткен батыр Жанқожа бабамыздың бала күнгі сәттері жазылған кітаптан оқыған бұл әңгіме ұмытыла қоймас.
Бірде Жанқожа өскен ауылдың үлкендері асыр салып жүрген балалардың ойынын сырттай тамашалап отырып, балаларды жанына шақырып алады. Араларында Жанқожа батыр да бар еді. Қасына келген балақайлардан «Кім батыр? Қайсысың мықтысыңдар?» деп сұрайды. Сонда ойын балалары «Мен пәленшені күресте жеңгенмін», «Мен иттен қорықпаймын», «Белдескенде менен мықтысы жоқ» деп жарыса мақтанады. Бұлардың сөзін естіген ересектердің бірі:
– Онда ана жерде жайылып жатқан кілемді көрдіңдер ме? Мен сол кілемнің астына пышақ қойдым, – деп астына әлдене қойылған киіз кілемді нұсқайды. Барлық бала сол киіз кілемге қараған кезде:
– Батыр болсаңдар, жүгіріп барып сол киіз кілемнің астындағы пышақтың үстіне секіріп жата кетіңдер, – дейді.
Әлгі сөзбен бірінен бірі асып түсіп жатқан балалар жасқанып қалады. Бірақ басқаларға батырлығымен таныламын деген оймен бірінен соң бірі киіз кілемге қарай жүгіріп, топырлап құлай жөнеледі. Бірі асып барып түссе, ендігі бірі жетпей құлап, қалғандары ебін тауып жанына түсіп жатты. Сырттай бақылаған үлкендер қимылдарына қарап күліп алады. Міне, осы кезде бала Жанқожа жүгіріп барып, киіздің астына жасырылған затты кеудесімен жасыра құлайды. Сол кезде ғана балалардың барлығы киіздің астындағы жасырылған зат пышақ емес, жай ғана кепкен томар екенін білген екен. Міне, осы ойыннан-ақ Жанқожаның болашақта елдің аузында жүретін батыр болатындығы, оның қайсарлығы мен батылдығын болжаған деседі.
Еліміз ел болып, егемендігін алған тұста ұлттық құндылықтарымызбен де қайта қауыша бастадық. Дегенмен ұлттық ойындарымыздың ауқымы әлі де болса белгілі бір шеңберден аса алмай жатқаны баршамызды алаңдатады..
Жалпы қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін және соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Этнограф-ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде біздің заманымыздан бұрын бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамдағы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады. Бұлардың көбі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізделген. Десе де, ұлттық ойын десе, біздің санамызға асықтан басқасы орала қоймайды. Мұның өзі ұлттық ойынымыз ұмыт болып бара жатқандай көрінеді маған.
Осы асық ойынының пайдасы жайлы PhD докторы, профессор, психолог-кинезолог Күлмаш Елшібаева:
– Асық ойнау кезіндегі мида болатын процестер біріншіден, баланы тыныштандырады, екіншіден, логикалық ойлау қабілетін дамытады, ал үшіншіден, баланы кез келген жағдайда шешім қабылдауға үйретеді, – деп пікір білдірген екен. Сонымен қатар маманның пайымынша, домалаған асықты бақылап, көз бұлшық еттерін қозғалту көру қабілетіне де оң әсер етуі мүмкін.
Ал асық ойынының шығу тарихы жайында этнограф Махмұт Құлментегінің ғаламтордан төмендегіше сұхбатын кездестіре аламыз.
– Ботай мәдениеті туралы естіген боларсыз. Ол біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырларды қамтитын кезең. Осы кезде адамдар жылқыны үйретті. Ал жылқы ірі мал, оңай үйрене қоймайды. Қой-ешкі болса ұсақ, оларды қолға үйрету оңай болды. Яғни адамдар қойды жылқыдан бұрын асыраған. Асық осыдан бастап келе жатқан болуы мүмкін, - деп болжам жасайды. Ойынның неге буынға біткен асық сүйегімен ойналатыны жайында «асық баланың өлшемдік танымын дамытып, мергендікке баулиды. Баланы 3 жасынан атқа отырғызып, 7 жасынан әскери өнерге баули бастаған көшпенділер үшін өлшемдік ұғымы мен мергендік аса маңызды болған. Мүмкін, ертеде таспен ойнаған болар, көшпенділер ешқандай затты бекер тастамаған, тері, жүн, сүйек пен мүйізді де жарата білген» депті.
Бұл–бір ғана асық ойынының пайдасы жайында айтылған мамандардың пікірі. Ал қыз қуу, теңге алу, жамбы ату секілді ойындардың пайдасы тіпті ұшан-теңіз екенін айтпай-ақ біліп отырған боларсыздар. Баланың тақымы қатқан тұстан аттың үстіне отырғызып, әлгі ойындарды ойнату арқылы толықтай азамат етіп қалыптастыруға мүмкіндік бар екені ұғынықты.
Осының барлығын біле тұра, бүлдіршіндеріміздің смартфонға байланғанына қалайша бейжай қарап отырмыз?! Баланы кінәлаудан бұрын, ата-аналық міндетімізді де бір еске ала кетсек...
Жоғарыда айтылған дәйектемелерге қарап отырып, ұрпағымыздың дені сау, қиялы ұшқыр, санасы сергек болса деймін.
Асық ойынына Бауыржан Момышұлы атамыз «Асық – үлкен халықтық тәрбие» деп баға берiп, жоғары билiкке хат та жазған екен. Олай болса, біз де ұлттық ойынымызды өз шаңырағымызда ұлағаттасақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Айгүл ДАБЫЛОВА,
№2 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатының тәрбиешісі
02 шілде 2019 ж. 1 167 0