Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойыннан қауіп көп

Құмар ойыннан қауіп көп

Бүгінде құмар ойын түрі заман құбылған сайын түрленіп, зияны да артып барады. Бұл ойынға құныққан адам қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, тілдесу секілді адами қасиеттерінен ажырай бастайды. Осы тұрғыда Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы ойынқұмарлықтың қауіпті екенін ескере отырып, «лудомания» деген арнайы меди­циналық термин енгізіп, ойынға тәуелділіктің дүние жүзінде ауру ретінде қарастырылуы бекер емес. Қазір Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналған. Ал елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен.
 Атап өткеніміздей, дамыған мемлекеттерде ойынқұмарлықты ауру деп танып, оларды емдеп-сауықтыратын арнайы орындар да бар. Ал елімізде «Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын науқастарды мәжбүрлеп емдеу туралы» арнайы заң бар екені белгілі. Дегенмен ол заңға ойынқұмарлар жатпайды екен. Сондықтан мамандар құмар ойынның құрығына ілік­кендер мәж­бүрлі түрде ем­делуі қажеттігін айтады.
 Кезекпен  үй-үйге жиналып, карта ойнаушылар да азаймай тұрғаны өкінішті. Мұндай ойындардың құмарына кіріп кеткен жандар бала-шағасының несібесін бәске тігуге де арланбайды. Осы құмар ойынға тәуелді болып, «лудоманияға шалдыққандары» қаншама?! Мамандардың айтуынша, мұндай жандар оңай олжа үшін бәс тігуді барлық отбасылық құндылықтан жоғары қояды және жаны жалғыздықты қалап әрі өмірге деген құлшынысы төмен болады.
– Бүгінде біреудің пайдасы үшін ойдан құрас­тырылған ойынның түр-түрі бар. Карта ойындарының компьютердегі баламасы, рулеткалар, ойын автоматтары – ойын казиносының компьютерлік нұсқасы. Бұл ойындардың қайсысы болсын қауіпті. Ойынға тәуелділік, яғни лудоманияға душар болған адамдар қайтсем оңай олжа табамын деп шарқ ұрады. Құмар ойынға бейім жандар бір рет ұтса, тағы да ұтқысы келіп осы әрекетін қайталай береді. Соңында бұл ойынға тәуелді болғанын өзі де сезбей қалады. Соның кесірінен ол адамның бойында үрей, қорқыныш, жек көрушілік, өкініш сезімдері белең алады. Сөйтіп ол бірте-бірте туған-туыстары мен достарынан алшақтай бастайды, – дейді психолог М.Жаңабайұлы.
Бұл ауруға шалдыққан науқастар жеңілгенін мойындай алмайды. Сол себептен олар өмірдегі қиындықтарға қарсы тұра алмай, өз-өзіне қол жұмсауға – суицидке дейін барады. Мәселен, кезінде танымал футбол командасының жанкүйері Амани Стэнли бәске қоятын ақша таба алмай, отбасын қойыпты. Өйткені ол сүйікті командасының жеңетініне сенімді болған. Алайда Амани Стэнлидің үміті ақталмады. Сөйтіп ол айрандай ұйып отырған отбасынан айрылып қалды. Ал мұндай жағдайға тап болған науқасқа дәрігерлер мен арнайы мамандар ғана көмектесе алады. Онда да ол адамның ерік-жігері жетсе...
– Ол кезде қалада тұратынмын. Ел қатарлы отбасым, бала-шағам да бар еді. Картаға бастапқыда жора-жолдастарыммен келіп жүргенімде, олардың аз ғана уақыт ішінде едәуір қаржы ұтып алғанын көріп, мен де қызығып кеттім. Сөйтіп, бір күні мен де қалтамдағы бар қаржымды бәске қойдым. Алғашында жолым болып, біраз ақша ұттым. "Менің де жолым болды" деген оймен масаттанып, бұл жерге келгіштей бастадым. Кейде ұтып, кейді ұтылып жүрсем де, бұл әрекетіме тойтарыс бере алмадым. Біршама уақыт өткесін жақын-жуық, достарымнан қарызға ақша сұрай бастадым. Сөйтіп жүріп отбасым мен жақын жандарымнан қол үздім, қадірімнен айырылдым.  Енді сол күндерім есіме түссе, мұндай келеңсіз жағдайға тап болмас үшін ақылға салып ойланар едім, – деп өкінішін білдірді Абзал (тегін айтпауды жөн көрді) есімді азамат.
         Бүгінде Оңтүстік және Солтүстік Корея, Қытай, Түркия мен Израиль, Сауд Арабиясы мемлекеттерінде құмар ойындарына бәс тігуге мүлдем тыйым салынған. Егер ол адам заңға бағынбайтын болса, айыппұл төлеуге міндеттейді екен. Ал біздің елімізде 21 жасқа толмаған адам букмекерлік кеңселерге кіре алмайды. Сондай-ақ заң талаптары бойынша бәс тігушінің жасы міндетті түрде жеке куәлігі арқылы тексеріледі екен.
Маман психологтардың  пікірінше, құмар ойындарға тәуелділіктің пайда болуында генетикалық, психоәлеуметтік, биологиялық факторлар әсер етеді. Егер ата-аналардың бірі құмар ойынға тәуелділіктен зардап шексе, балаларда құмар ойынға тәуелді болу қаупі 20 пайызды құрайды екен. Сонымен бірге психоәлеуметтік факторлар, яғни балалық шақтағы травматикалық жағдайлар психикалық ауытқулардың дамуына себеп болатын көрінеді. Құмар ойынға тәуелді адамдар көбінесе әкесімен қарым-қатынасы бұзылғанын айтады. Егер ата-аналар ерте балалық шақтағы қажеттіліктерін жеткілікті түрде ескермесе, бұл үлкен салдарға әкелуі мүмкін. Яғни, ойынқұ­марлық отбасындағы осал тәрбиеден бастау алатынын байқаймыз.
Отбасында балаға деген  мейірім мен қамқорлықтың жетіспеушілігі, қарым-қатынастың күрде­лілігі, қа­тыгездіктің де әсері бар. Тіпті балалардың кішкентайынан компьютерге телміріп, ойынқұмар болып өсуіне ата-ана тәрбиесінің ықпалы көп көрінеді. Вир­туалды әлемге берілген бала шынайы өмірде кез­де­сетін қиындықтарға төтеп бере алмай­тын әлжуаз адам болып қалыптасады. Ал ерік-жігері әлсіз адам елік­тегіш келетіні анық. Құмар ойындарға да ерік-жіге­рін басқара алмайтын, психологиясы әлсіз адамдар кө­­бірек душар болады.
Түйін. Қазіргі заман – компьютер заманы. Заманауи технологияның пайдасын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ шамадан тыс пайдаланудың соңы өкінішке апарары сөзсіз. Сондықтан балаларды қадағалап, техниканы орынды, уақытылы қолдануды дағдыға айналдыру қажет-ақ. Ком­пью­терлік ойындар баланы шынайы өмірден алыстатып, ойдан құрастырылған әлемге таңып қояты­нын естен шығармауымыз қажет. Бала­сының өзінен-өзі томаға-тұйық, ешкіммен араласпай өмір ке­шкенін ешбір ата-ана қаламайтыны белгілі. Демек балаңыз өмірге құштар, жақсылыққа жаны құ­мар азамат болып өссін десеңіз, оның компьютердің алдында ұзақ уақыт бойы отыруы­на тыйым салыңыз. Өйткені бала – болашағымыз, өміріміздің жалғасы.

К. МАХСҰТ 
09 шілде 2022 ж. 765 0