Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 4 балалы ана 53 жаста зейнетке шыға ма?

4 балалы ана 53 жаста зейнетке шыға ма?

Биыл кімдер 53 жаста зейнетке шығуға құқылы? Төрт бала туған аналар 53 жаста зейнетке шыға ала ма? Ол үшін қайда бару керек? BAQ.KZ тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Қазір жыл санап, әйелдердің зейнет жасы ұлғайтылып келеді. Былтыр әйелдер 61 жасқа толғанда зейнетке шыққан болса, заңнамадағы өзгерістерге сәйкес 2031 жылы 63 жасқа жеткенде ғана зейнеткер атана алады. Дегенмен заңнамамызға сәйкес жеткен кейбір санаттағы әйелдер 53 жасында, кейде тіпті 45 жасында зейнетке шығу мүмкіндігіне ие.

2031 жылы әйелдер мен ерлердің зейнетке шығу жасы теңеседі

Қазір зейнетақы төлемдерiн тағайындау реті бекітілген. Ерлер 63 жасқа толғанда зейнетке шықса, әйелдердікі жыл сайын төмендегідей ұлғайып отырады:

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда;

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда;

2028 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;

2029 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;

2030 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;

2031 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда жүргізіледі.

Байқағандарыңыздай, 2023 жылдан 2028 жылға дейін әйелдердің "зейнеткерлік" жасы өзгермейді.

Кімдер зейнетке ерте шығуға құқылы?

Елімізде зейнетке шығу жасы, тағайындалатын төлемдері «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына сәйкес реттеледі.

Заңға сәйкес жасына байланысты келесі санаттағы әйелдерге зейнетке ерте шығу мүмкіндігі қарастырылған:

1. Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарында 1949 жылғы 29 тамыз - 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың, атап айтқанда ерлер – 50 жасқа толғанда, әйелдер – 45 жасқа толғанда зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

2. 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

Базалық зейнетақы төлемi және жасына байланысты зейнетақы төлемдерi өмiр бойына тағайындалады. Дегенмен зейнеткер қайтыс болған жағдайда немесе Қазақстан аумағынан тыс жерге тұрақтауға кеткен кезде тоқтатылатынын ескеру қажет.

4 баласы бар көпбалалы аналар 53 жасында зейнетке шыға ала ма?

2023 жылғы деректер бойынша елімізде көпбалалы отбасылар саны 530 мыңнан асады. Бұл ретте 4 баласы бар көпбалалы отбасылар тұңғышы 18 жасқа жеткенде көпбалалы отбасы деген мәртебесінен айырылады. Сөйтіп көпбалалы ана мәртебесі болса да, 4 бала туған әйел зейнетке ерте шыға алмайды.

Былтыр мамыр айында Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева 4 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы аналардың 53 жастан бастап зейнетке шығу мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады. Депутат оларға көпбалалы отбасы мәртебесін өмір бойына беруді ұсынды.

Заңнамаға сәйкес, 5 немесе одан көп бала туған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана 53 жасында зейнетке шығады. Біз төрт бала тәрбиелеп отырған әйелдердің зейнеткерлік жасын 53 жасқа дейін төмендетуді ұсынамыз. «Неке және отбасы туралы» заңда көпбалалы отбасы мәртебесін өмір бойы бекіткен жөн. Себебі қазір көпбалалы отбасының тұңғышы 18 жасқа толғанда, бұл жанұя көпбалалы отбасы деген мәртебесінен айырылады. Тиісінше оларға көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, қалған үш баласы кәмелетке толмаса да, төленбейді. Осыған байланысты біз 4 және одан да көп баласы бар ата-аналарға балалардың жасына қарамастан көпбалалыларға берілетін жәрдемақыны кенже баласы кәмелетке толғанға дейін беруді қарастыруды ұсынамыз, - деді мәжілісмен.

Депутаттың сауалына жауап берген сол кездегі вице-министр Алтай Көлгінов төрт баланы дүниеге әкелген көпбалалы аналарға ерте зейнетке шығу құқығы берілмейді деп кесіп айтты.

Бес және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге зейнетақы 53 жаста тағайындалады. Ал жинақтаушы және базалық зейнетақы алу құқығы 61 жаста беріледі. Ал төрт баланы дүниеге әкелген көпбалалы аналарға ерте зейнеткерлікке шығу құқығы берілмейді, – деді Көлгінов.

Еңбек өтілін есептегенде әйелдерге қандай жеңілдіктер беріледі?

Жұмыс істемейтін ананың жас баланы бағып-күткен уақыты да еңбек өтіліне кіреді. Дегенмен әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін жалпы жиынтығы 12 жыл шегінен аспайтын уақыты ескеріледі. Сондай-ақ әйелдің 18 жасқа дейінгі мүгедек баласын бағып-күткен уақыты да есептеледі. Бұдан бөлек көмекке мұқтаж I топтағы мүгедекке, II топтағы жалғызбасты мүгедекке және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қартқа күтім жасаған уақыты зейнетақы тағайындау үшін еңбек өтіліне есептеу бойынша жеңілдіктер де беріледі.

Бұдан бөлек әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде жұбайларымен бірге тұрған кезеңдері, зайыбының шетелде тұрған уақыты еңбек өтіліне қосылады. Бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңін ғана есептеу көзделген.

Сонымен қоса зейнетақы тағайындағанда Семей ядролық сынақ полигонына іргелес жатқан аудандарда 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шiлде аралығы кезеңіндегі жұмыс - үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шiлде мен 1992 жылғы 1 қаңтар аралығындағы жұмыс - бiр жарым есе мөлшерде еңбек өтіліне жеңiлдiкпен есептеледі.

Зейнеткерлік төлемдерді алу үшін қандай құжаттар қажет?

Зейнетақы төлемдері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемiнде алты ай еңбек өтілі бар жеке тұлғалардың еңбек өтіліне қарай есептеледі. Қызмет алудың қарапайым жолы "Азаматтарға арналған үкімет" мекемесіне барып, құжат тапсыру. Ол жаққа бармас бұрын келесі құжаттарды түгендеу керек:

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алу үшін осындай үлгідегі (ред. - сілтемені басу қажет) өтінішті беру керек.
Сонымен қоса БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерін, базалық зейнетақыны және жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға жүгінген кезде мынадай үлгідегі (ред. - сілтемені басу қажет) өтініш қажет.
Міндетті түрде жеке басты куәландыратын құжатты ала бару керек. Оған ҚР азаматының паспорты, ҚР азаматының жеке куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің ықтиярхаты, ҚР азаматтығын алғанға дейінгі қандас куәлігі жарамды.
Жеке тұлғаның табысы жөнінде анықтама.
Еңбек өтілін растайтын құжат:
еңбек кітапшасы;
кітапша болмаған кезде немесе жарамсыз болып қалған жағдайда, еңбек кітапшасында тиісті жазбалар болмаған жағдайда, түзетулер, дәлсіздіктер енгізілген жағдайда жұмыс орнының архивінен тиісті анықтамалар сұратылуға тиіс;
6. Жұмыс істемейтін ананың жас балаларға күтім көрсеткенін растау қажет. Ол үшін мына құжаттар талап етіледі:

балалардың жеке басын куәландыратын құжат;
балалардың неке туралы куәлігі (азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) не некені бұзу туралы куәлігі немесе неке қию туралы актілік жазбасынан үзінді көшірме (тегін өзгерткен кезде);
орта кәсіптік оқу орнын бітіргені туралы аттестат;
балалардың арнаулы орта немесе жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом не оқитынын растайтын оқу орнының анықтамасы;
балалардың қайтыс болуы туралы куәлік (немесе азаматтық хал актілерін жазу органдары берген қайтыс болуы туралы актілік жазба немесе азаматтық хал актісін тіркеу туралы анықтама);
балалардың әскери қызметті өткергенін растайтын құжат;
7. Неке туралы куәлік (азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) немесе некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы актілік жазбадан үзінді көшірме керек. Сондай-ақ 5 және одан да көп бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалған жағдайда, қосымша балалардың туу туралы куәліктері және балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеу фактісін растайтын құжаттар ұсынылуға тиіс.

8. Балаларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеу фактісін растау қажет. Ол үшін келесі құжаттар қажет:

Балалардың жеке басын куәландыратын құжат.
Неке туралы куәлік (азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама) не некені бұзу туралы куәлік немесе неке қию туралы актілік жазбадан үзінді көшірме (тегін өзгерткен кезде).
Балалардың оқу орнында оқығаны туралы құжат.
Балалардың қайтыс болуы туралы куәлік (немесе азаматтық хал актілерін жазу органдары берген қайтыс болғаны туралы актілік жазба немесе азаматтық хал актісін тіркеу туралы анықтама).
Әскери билет.
Баланы (балаларды) асырап алу , тәрбиелеу фактісін белгілеу туралы соттың шешімі.
9. Төтенше және аса жоғары радиациялық қатер аймақтарында тұрған адамға жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалған жағдайда 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығында 5 жыл бойы төтенше және аса жоғары радиациялық қатер аймақтарында тұру фактісін растайтын құжат қосымша ұсынылады.

10. Қамқоршылық (қорғаншылық) белгіленген жағдайда қамқоршылық белгіленгенін растайтын құжат ұсынылуы керек.

11. "Байқоңыр" кешенінің ресейлік ұйымдарында жұмыс істеген адамдар Ресей Федерациясының валютасымен төленген табысы туралы жұмыс берушінің анықтамасы (бар болса).

Құжаттар көп болып көрінгенімен, олардың басым бөлігі Egov mobile қосымшасындағы "Цифрлық құжаттар" бөлімінен алуға болады. Бұл ретте шет тілінде жасалған құжаттарды ұсынған жағдайда нотариус құжаттың қазақ немесе орыс тіліне дұрыс аударылғанын куәландырып, растауы қажет екенін ұмытпаңыз. Құжаттарды өткізгеннен кейін қызметті алушының мобильді телефонына жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы sms-хабарлама келуге тиіс.

Айта кетейік, "Азаматтарға арналған үкімет" мекемесіне тікелей барып тапсыратын болсаңыз, құжаттар тіркелген жеріңіз бойынша қабылданатынын ескеріңіз. Кезекте ұзақ тұрғанды қаламасаңыз, бұл қызметті электрондық үкімет порталынан да алсаңыз болады. Ол үшін Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау бөліміне өтіп, электронды цифрлық қолтаңба көмегімен порталға авторизация жасап, тікелей тапсыра аласыз. Бұл жерде кей құжатты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алу мүмкіндігі қарастырылғандықтан, оларды ұсыну талап етілмейді.

Фото: ​baq.kz​​​
04 наурыз 2024 ж. 222 0