Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алпыс жылдық тарих

Алпыс жылдық тарих

Аралдықтар үшін ең бір есте қалар жылдың бірі 1964 жыл болатын. Өткен ғасырдың екінші жартысында басты жаңалықтың бірі де дәл осы жылы жаңғырық берген. Нақтырақ айтсақ, аудан халқы электр жарығына 1964 жылы қол жеткізді.
Бүгінде облыстың "ҚЭТК" АҚ мен Аралға электр энергиясының берілгеніне 60 жыл толып отыр. Қоғамда орны бөлек мамандықтардың бірі саналатын аудан энергетиктерінің еңбегі зор. Халық біледі. Әсіресе дәл сол жылы аралдықтардың электр жарығына қол жеткізу жолында аянбай, есімін алтын әріппен жазып кеткен Махамбетәлі Жарымбетовке деген жергілікті жұртшылықтың алғысы бөлек.
Шындығында жақсы жаңалықпен, ерекше еңбекпен халықты қуанта білгеннен асқан бақыт бар ма екен?! Әй, қайдам... "Табалдырықтан биік тау жоқ" деп қазақ бекер айтпаған ғой. Өзінде туып, топырағында өскен азаматына туған елі батасын берсе, әр адам үшін құрметтің шыңы дер едім.
Иә, Махамбетәлі Жарымбетовті елі бағалады. Еңбегін білді, көрді, риза болды. Мұндағы әрбір шаңырақтың электр энергиясын еркін пайдалануына қосқан үлесі өлшеусіз. Оның есімі бүгінде аудан орталығына мәлім. Еңбегі еленіп, білімді электрик, білікті басшы болған азаматтың атына көше берілгені бүгінде ұрпағына үлкен мақтаныш. Осындай жаннан тәрбие алған жандар әкенің жақсы атын әркез шығаруды алға қойған.
Айтар болсақ, 1964 жылы ауданға қуат мөлшері 4000 кВт болатын №153 энергопоезд әкелініп, подстанция салынып, "Арал – Аралсульфат" әуе желісі мен "Аралсульфат" қосалқы стансасы ашылып, бұл саладағы еңбек жандана түсті. Басқа қонған бақытты бағалай білудің өзі маңызды дегендей, қол жеткен мүмкіндікті әрі қарай үлгірте алу да оңай шаруа емес. Алайда халықтың алғысынан жігер алған энергетиктер Арал қаласы бойынша 10,8 км 10 кВ электр желісін, төмендеткіш қосалқы станциялар салып, қала мен Аралсульфат қыстағын түгелдей электрмен қамтамасыз етті.
Жұмыс қарқыны да күннен-күнге жандана түсті. 1968 жылы №183 энергопоезд әкелініп, қолданысқа берілді. Сол уақыттарда 8 цех пен бөлімдер жұмыс жасап, жұмысшы-қызметкерлердің саны 104 адамды құрады.
Осынау ауқымды мекеменің одан әрі дамитынына күмән қалмады. Халықтың қажетіне қызмет жасаған бұл мекеме 1972 жылы "Арал аудандық электр жүйесі" мекемесі болып қайта құрылып, 1972-1974 жылдары аралығында Ібайдулла Әнесов, 1974-1981 жылдары Жетпісәлі Әлімбетовтер басшылық жасады. Бұл азаматтар та білімі мен білігін көрсетіп, мекемені одан әрі дамыта түсуге жағдай жасады. Қуат көзі жеткілікті болғандықтан алғашында Сексеуіл, Шижаға, Аманөткел, Бөген елді мекендеріне электр желісі тартылып, жарық беріле бастады. 1972-1975 жылдары ұзындығы 244 км болатын кернеуі 220 кВ "Қызылорда – Лениниск" желісі мен 110 кВ қуаттылығы бар "Лениниск – Қазалы", "Қазалы – Арал" желісі пайдалануға берілді.
Тарихты ешкім жоққа шығара алмайды. Осынау 60 жылдың ішінде бұл мекеменің даму баспалдағы түрлі деңгейден өтті. 1976-1991 жылдары аралығында аудандағы барлық елді мекен электр энергиясымен қамтылды. Жыл санап, сәт санап жаңа мүмкіндіктер тудырып халықты сапалы қызметпен, үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз етуді мақсат тұтты. Бір қуантарлығы, сол мақсатқа жетті де. Бүгінгі таңдағы алаңсыз, қамсыз тұтынып отырған электр көзі сол жылдар бойғы жинаған тәжірибе мен еткен еңбектің арқасында екенін жасырмаймыз.
Әлбетте осындай қыруар жұмысты уақытпен санаспай, қауіп-қатерге қарамай адал атқарған жандардың есімін айтпай кетпеске болмайды. Ағытай Ахметов, Кішкене Садықов, Есқұл Ақмағанбетов, Ғалым Бижанов бүгінде арамызда ағалық көрсетіп жүрсе, Өмірзақ Шылықов, Әбжали Қарамырзаев, Ревда Шалтенов, Олжабай Житқұлов, Қанағат Әбибуллаевтардың іскерлігі ұмытылмақ емес.
Бірақ мекеменің де тарихы тек ілгерілеуден тұрмады. Құлдырау, қайта тіктеу, қиындыққа жолығу әрбір жұмыста болады. Оны мойындау қажет. Және сол қиындықтардан шығу арқылы жол тауып шыңдаласың. Осы ретте мына бір қиын уақыт есіме түсіп кетті.
1981-2011 жылдары аралығында осы мекемені басқардым. Басшылық жасау оңай іс емес. Әсіресе жоғарыда айтқандай жағдай өзгеріп кете қалса, жігер керек болады. Сол сияқты 1996-1999 жылдары жекешелендіру және оңтайландыру кезінде көптеген елді мекендердегі шаруашылықтар, мекемелер қысқарып, шалғай елді мекен тұрғындары қоныс аударып, электр желісі көлемі ықшамдалып, қиындықтар туды. Атанши, Мойнақ, Чайка, Березка қосалқы стансалары толық қысқарып, Тоқабай, Бірлестік, Жіңішкеқұм, Жаңақұрылыс пен Бекбауылға 35 кВ кернеудің орнына 10 кВ кернеу беріліп, ықшамдалды. Осындай қиындықтан табандылықтың арқасында шыға білдік. Осы уақыттарда көп жылдық тәжірибе маңызды рөл атқарды дей аламын.
Қазірде экономикасы қарқынды даму үстіндегі ауданда жыл сайын жаңадан нысандар мен тұрғын үйлер, өзге де құрылыстар бой көтеріп, сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Мұнан бөлек Ақлақ, Тоқабай, Тастүбекке жарық берілсе, қалада, кенттерде, ауылдарда қайта жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.
Осы саланың білгірлері Нұрбай Ізтілеуов (2011-2013 жылдары) және Сағитжан Икин (2013-2023) мекеменің қарқынды дамуында қолтаңбаларын қалдырса, бүгінде А.Қарамырзаев басқарып келе жатқан іргелі мекемеде 111 адам қызмет жасайды. Бақтыбай Утеулиев, Сәкен Әділбаев, Руслан Бахрадинов, Сабыржан Қартабаев, Дастан Құлтанов, Әлібек Демеуов сынды тәжірибелі мамандар бастаған бүгінгі құрам да халықтың сұранысын толықтай қанағаттандырып, нәтижелі жұмыс жасай береді деген сенімдеміз.
Арапхан СҰЛТАНОВ
12 наурыз 2024 ж. 193 0