Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көрісу күні – татулықтың мерекесі

Көрісу күні – татулықтың мерекесі

14 Наурыз қазақ халқының көнеден келе жатқан мерекелерінің бірі – Көрісу күні. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының мерейлі бастауы ретінде тойланатын бұл күнді кей жерлерде «амал» деп те атайды.
Көрісу күні – ескі жылдан жаңа жылға аман жеткен қуаныштың, ағайынның арасына сыйластықты дарытатын ынтымақ пен бірліктің, татулықтың мерекесі. Қар еріп, жер жіби бастағанда, шеті мен шегі жоқ сайын далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған. Өкпе-реніштері болса кешіріп, араздықты ұмытып, әрбір жанға амандық-саулық, құт-береке тілеп, Жаңа жылды ақ пейілмен бастаған.
Бұл күні таң атысымен, мерекені асыға күтіп отырған әрбір отбасы ұлттық тағамдардан дастархан жаяды. Елдің кішілері үлкендерге арнайы барып сәлем беріп, құшақтасып көрісіп, мерекемен құттықтайды. Ал үлкендер жағы да мерекемен құттықтап, бата-тілектерін білдіреді. «Жаңа жасың құтты болсын!», «Жыл басы – Наурыз мерекесі құт-береке әкелсін!», «Алла елімізді тыныш, ұрпақтарымызды аман етсін!», «Ғұмырлы болайық!» деген сынды ақжарма тілектерін жаудырады.
Кезінде ұмытылып барып, соңғы жылдары ұлықталып жатқан бұл халықтық мерекенің қазір қайта жаңғырып жатқан жайы бар.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігімізде соғұрлым бекем болады» – деген еді. Расымен, Наурыз – рухани бай мұрамыз, бірегей ұлттық кодымыз. Мереке салт –дәстүрімізді жаңғыртып, ынтымағымызды арттырары сөзсіз.
Адамдардың бір-біріне деген ізеттілігін, құрметін, сүйіспеншілігін, ынтымағын арттыратын «Көрісу» мерекесі баршамызға құтты болсын!

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі

14 наурыз 2024 ж. 282 0