Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрсаяның жеңісі, ұстаздардың жемісі

Нұрсаяның жеңісі, ұстаздардың жемісі

Мектеп – меңгерілген білімді өмірде қолдануға дағдыландыратын шеберхана іспетті. «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге»-деп Абай атамыз айтқандай, арманның көкжиегіне көз тігіп, мақсатты айқындау мүмкіндігі. Білім беру ұйымында осындай мүмкіндікті қалт жібермей, талап қылған білімпаз оқушылар баршылық. Соның бірі – 11-сынып білім оқушысы Серікова Нұрсая Нұржанқызы.
Нұрсая Нұржанқызы бірнеше жылдан бері оқу жылындағы дайындығына қоса, жазғы демалыстарында ағылшын деңгейімен жұмыс жасады. Ұзақ еңбектің нәтижесінде 2023 жылы Астана қаласында алғашқы «IELTS» тестін тапсырып, нәтижесінде 5.5 балл жинап В2 деңгейін қорғаса, артынша біршама дайындықтан соң екінші рет «IELTS» тест тапсырып, 6.0 алып, шетелдік университеттерде оқуға өтініш беру мүмкіндігіне ие болды. Биылғы жылы наурыз айында Ақтөбе қаласында «AITU Excelence Test» тестіне қатысып 50/36 ұпай жинады, ал бұл көрсеткіштер (IELTS, AITU Excelence Test) 2024 жылғы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы 85 балдан кем болмаса, онда Астана қаласындағы «Astana IT University» білім гранты Нұрсаяға тиесілі, яғни жолдама-сертификат қолда.
Нұрсая үздіксіз білімге деген құштарлығы мен ізденісі нәтижесінде өзінің болашақ таңдаған мамандығына қатысты талабымен «Nazarbayev University» профессорларымен байланысқа шығып, «IT» саласының медицинада қолданылуы мен алғышарттары туралы жаңа жобаны талқылады. Қарапайым орта мектеп оқушысына осындай мүмкіндік алу әрине, үлкен жетістік.
Сонымен қатар Нұрсая халықаралық тест қорытындысымен шет елдерге жоғары оқу орындарына тапсыруға бақ сынады. Мектеп басшысы ретінде және пән мұғалімдері болып Нұрсаяны қолдап, оның ізденімпаз талабы мен бүгінгі күнге дейін өзгеге үлгі болатын жетістіктерін көрсетіп, шетелдік университтерге Ұсыныс хат жаздым. Нұрсаяның өзі де мотивацияға толы эссе-хат жазып, Арал қаласын және ғаламдық проблемаға ұласқан Арал теңізінің қазіргі жағдайын баяндай отыра, болашақта шет елде алатын білімінің өзінің еліне пайдаға асатынын жеткізді. Барлық құжаттар мен хаттарды дайындап, әлемнің үздік университеттері орналасқан Америка Құрама Штаттарының 14 университетіне, Малайзияға, Түркияның 12 университеттеріне «Turkiye Burslary» степендиясына және Румыния елінің 3 университетіне арнайы халықаралық степендиясына өтініш тапсырып, арнайы платформа арқылы резюме, оқу жөніндегі қызығушылықтары туралы ақпараттарды қабылдау комиссияларына таныстырды.
2024 жылдың наурыз айында мектеп оқушысы Нұрсая Малайзия елінде, Куала Лумпур қаласында орналасқан «Xiamen University Malaysia» білім беру ұйымында оқуға грант ұтты. Университет әлемдік «QS» ранкі бойынша әлемдегі үздік 300 университет қатарына кіретін және ғаламдық білім жүйесінде 59-орында тұрған жоғары оқу орны. Дипломы екі тілдегі бұл университеттің берер білімі өте жоғары және халықаралық деңгейде орны ерекше университет екені сөзсіз.
Сонымен бірге Америка Құрама Штаттарының беделді және атақты университеттерінен де шақырту келді. Нұрсаяның қоржынында толық есеппен алты университеттен жартылай грантпен жоғарғы оқу орындарына шақырту бар. Атап айтканда, «Alfred University (108,000$)АҚШ, Нью-Йорк қаласы», «University of Arizona (92,000$), АҚШ, Аризона штаты, Тусон қаласы», «Iowa State University (48,000$) АҚШ, Айова штаты, Айова қаласы», «Western Kentucky University, АҚШ, Кентукки штатындағы, Боулинг-Грин қаласы», «Arizona State University (92,000$), АҚШ, Аризино штаты, Темпе қаласы», «Saint Leo University (88,000$), АҚШ, Флорида штатындағы, Сент-Лео қаласы» көлемінде гранттар ұсынды. Шындығында америкалық университеттерден грант ұту оңай іс емес. Себебі ол абитуренттің әрбір қасиетіне, жұмыс пен оқуға қабілеттілігіне және өмірлік мақсатына қарап қаржылай көмекті бөледі. Нұрсая өзінің өмірлік бейнесі мен болмысын жазған эсселері арқылы көрсетіп, америкалық университеттердің қабылдау комиссиясын таң қалдырды. Мұндай жаңалық сөзсіз барша мектеп ұжымы мен оқушы ата-анасының қуанышы, себебі, Нұрсаяның жылдар бойы талаптанған арманы орындалуда.
Нұрсаяның тағы бір мазмұнды жаңалығы – өзін шетелдік университеттерден бөлек, арнайы ғылыми жобаларды зерттеу мен көшбасшылық біліктілікті дамыту үшін дербес екі бағдарлама онлайн және оффлайн кездесуге шақырды. Нұрсаяға грант ұсынған АҚШ университеттерінің ғылыми орталықтарынан: «Emerging Leaders Program» және «University Research Partners»-тен бірлесіп жұмыс жасауға шақырту алу зор мәртебе.
– Көптеген жылдардан бері қарқынды дамып келе жатқан IT саласының Медицина бағытында оқуға талаптанып отырмын. Елімізде бұл бағыт әлі күнге дейін әлсіздігін көрсетуде. Осы себеп үшін де осы бағытты ары қарай тереңірек оқысам, ілімімді әрі қарай шетелдерде дамытып, биік шыңдарға жетсем деймін, – дейді Нұрсая.
2024 жылғы мектеп бітіруші, «Алтын белгі» белгісіне үміткер Нұрсая Нұржанқызының бүгінгі күнгі жетістіктері елдің өсіп-өркендеуі, ілгері дамуы үшін талпынған талапты жастың биік мақсат пен асқақ арманының жемісі, «Бала – болашағымыз» деп сенім артқан көптің үміті. «Инемен құдық қазғандай» болып, маңдай терімен еңбектеніп жинап жүрген білімі Нұрсая баламыздың болашағын жарқын етері сөзсіз.
А.САУЯЕВ,
№13 орта мектеп директоры
27 сәуір 2024 ж. 337 0