Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ-дан 140 балл жинаған түлек Назарбаев Университетіне оқуға қабылданбайтын болды.

ҰБТ-дан 140 балл жинаған түлек Назарбаев Университетіне оқуға қабылданбайтын болды.

Назарбаев Университеті ҰБТ-дан ең жоғарғы балл жинаған түлекті оқуға қабылдаудан не үшін бас тартқандарын түсіндірді. Биылғы ұлттық біріңғай тестілеуде Алматыдағы №123 мектеп-гимназиясының түлегі Шиара Құдайбергенова Қазақстан бойынша ең жоғарғы максималды 140 балды жинады. Алайда, Шиара ең жоғарғы балл жинаса да университетке түсу тәртібі ережелеріне байланысты армандаған оқу орнына түсе алмайтынын айтты.

Осы мәселе бойынша Sputnik Қазақстан редакциясы университеттің баспасөз қызметіне алматылық түлек үшін ерекше жағдай жасалады ма деген сауал тастаған болатын, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Университеттің баспасөз қызметі бұл сауалға Назарбаев Университетінің академиялық бағдарламаларына оқуға түсу конкурстық негізде өткізілгендіктен, ҰБТ нәтижелері іріктеудің критерийі болып табылмайды деп жауап берді.
«Қазірдің өзінде келесі жылға қабылдау үдерісі жүріп жатыр. Университетке түсу ережесіне сәйкес Шиара Құдайбергенова 2019-2020 оқу жылының қабылдау конкурсына қатыса алады», – деді университеттің баспасөз қызметі.
Назарбаев Университетіне жоғары оқу орнына дейінгі білім беру бағдарламасына немесе бакалавриатқа түскісі келетін үміткерлер 11 сыныпта университеттің порталына кіріп, онлайн тіркеуді аяқтауы тиіс. Университетке дейінгі дайындық бағдарламасына тіркелу кезінде үміткерлер ағылшын тілі бойынша APTIS және IELTS емтихандарын, сондай-ақ NUFYP Entrance Test профильдік пәндер бойынша тест тапсырады.
Бұдан басқа, бакалавриат бағдарламасына тіркелген түлектер университетке SAT / ACT және IELTS / TOEFL халықаралық стандартталған сынақтардан алған сертификаттардың түпнұсқасын ұсынады.
Қабылдау комиссиясы іріктеудің барлық сатыларынан өткен әрбір үміткерге іріктеудің нәтижелері бойынша грант иегерлерінің тиісті рейтингін белгілейді.

Stan.kz
03 шілде 2018 ж. 2 118 0