Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ-ның жаңа форматында өзгерістер бар

ҰБТ-ның жаңа форматында өзгерістер бар

2018 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарына көп жауапкершілік артып отыр. Мамандық таңдап, жоғары оқу орынында студент атану қандай да бір жастың өмір жолындағы алғашқы армандарының бірі. Осы жайында Қазақ ұлттық аграрлық  университетінің профессоры  Аралбай Кульдеевпен сұхбаттасқан едік. 

Аралбай Итеменұлы, өзіңізге белгілі биылғы жылы жоғары оқу орындарына түсу үшін бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеу көпшілікті алаңдатып отырған мәселенің бірі. Осы жайында ашып айтып берсеңіз... 
–Өткен жылғыдай мектеп бітірушілердің мемлекеттік қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ны тапсыру нәтижесі бойынша колледждер мен жоғары оқу орындарында кәсіптік біліммен қамтылуы мектептердің білім беру сапалық көрсеткішін айқындамақ.Ағымдағы жылдан бастап мектеп түлектерінің емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсу үшін өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы қабылданды. Оның өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. Оқушылардың білімдерінің теориялық деңгейіне, функционалды сауаттылығына, логикалық ойлау қабілетіне баса назар аударылып отыр. Түлектердің мектеп бітіру емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсуі үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматының қабылдануы барлық білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздарға, білім басқармасы мен білім бөлімдеріне үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстарға, оған дайындыққа аса мән беруіміз қажет. Мектептерде өтетін мемлекеттік бітіру емтиханынан кейінгі, жоғары оқу орындарына түсу үшін өткізілетін ҰБТ өткен жылдардағыдай Ұлттық тестілеу орталығы белгілеген пункттер бойынша, аудандарда базалық мектептерде, ал, қалаларда базалық жоғары оқу орындарында өткізіледі. Қазақстан бойынша осындай 165 пункт бар. Соның бірі – біздің Қазақ ұлттық аграрлық университеті.
–Мектеп бітіруші түлектердің жоғары оқу орнына түсуі қалай жүзеге асырылады, бейіндік пән таңдауда және шектік балл жинақтауда өзгерістер бар ма? Сондай-ақ, мемлекеттік білім грантына немесе ақылы негізінде қабылдануы қалай жүреді?
Үстіміздегі жылы ҚР Білім және ғылым министрі мектепке дейінгі және орта білім департаменті Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде белгіленді. 2017 жылғы ҰБТ форматы 5 пән бойынша 120 сұрақ, оның үшеуі міндетті және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты екі бейіні бойынша қарастырылған. Барлық бес пән сұрақтары ескеріледі. Тест сұрақтары екі блоктан тұрады. Яғни, 1-блок, міндетті пәндер, «Математикалық сауаттылық» бойынша тапсырма саны – 20. Оның формасы –ұсынылған бес тапсырманың бір дұрыс жауабын таңдау. 2-ші блок, бейіндік, яғни, таңдау пәндері, таңдаған мамандығына сәйкес екі пән бойынша тапсырады. Тестілеу уақыты 3 сағат 50 минутты құрайды. Мемлекеттік жоғары оқу орнына түсу үшін шекті балл саны – 50, ал «Ұлттық» статустағы жоғару оқу орындарына-65 балл болды. Бұл жерде айта кететін бір мәселе, ол Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Білім» (5В012000), «Ауыл шаруашылығы ғылымдары» (5В080100-5В081200) және «Ветеринария» (5В120100 - 5В120200) мамандықтарына мемлекеттік білім грантына конкурсқа қатысу үшін және ақылы келісім-шарт негізінде оқуға түсу үшін тестілеу нәтижелері кемінде 60 балл болуы керек.
Бітіруші қолына ҰБТ тапсырғандығы туралы сертификат алғаннан кейін мамандық бойынша жоғары оқу орнын таңдайды. Қазақстанның жоғары оқу орнының барлық 175 азаматтық мамандықтары бейіндік пәндер бойынша 10 комбинацияға бөлінген. Бейінді пәндерді бітіруші түсетін мамандығын анықтауы үшін өзі таңдауы тиіс. Мысалы, «математика, физика» бейіндік пәндері бойынша, құжаттарын тапсыру кезінде, талапкердің 52, ал «биология, химия» бойынша-22, «математика, география» бойынша-18 мамандықтың ішінен 4 мамандықты таңдау мүмкіндігі жоғары болады. Тағы да бір енгізілген өзгерістердің біріосы бейіндік және міндетті пәндердің шекті мәні. Мемлекеттік грант конкурсына қатысатын және ақылы келісім-шарт негізінде оқуға қабылданатын талапкерлер үшін бейіндік пәндердің балы ескеріліп, әр бейіндік пәннен кемінде 5 балл, ал қалған міндетті пәндерден кемінде 5 балл жинауы керек. Көрсетілген шекті баллдан кем алған талапкер жоғары оқу орындарына бара алмайтынын ескеру керек. Әрине, бұл жерде айта кететін бір жайт, ол бейіндік пәндер туралы. Мысалы, биология, химия пәндерін таңдаған талапкердің басқа пәндерден көрсеткіші жақсы болып, химиядан төмен, яғни, 5-тен кем болып қалуы мүмкін. Сол сияқты басқа да таңдау пәндері бойынша. Бұл жағдайда талапкердің  жоғары оқу орнына оқуға түсу мүмкіндігі жойылады.
–Тестілеуге қатысуға және жоғары оқу орнына түсуге өтініш қабылдаудың мерзімдерінде қаншалықты өзгерістер бар?
       –Жоғары оқу орнына түсу үшін тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау 10 наурыз-10 мамыр аралығында ҰБТ-ны өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылды. Өтініштерді қабылдау әр оқушының оқитын мектебінде жүргізілді.  Мектептерде өтетін қорытынды аттестация мерзімі мамырдың 29-нан маусымның 10-на дейінгі аралықта жүргізілмек. Жоғарыда айтқандай, жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ аудандар мен қалаларда белгіленген ҰБТ-ны өткізу пункттерінің базасында өткізіледі. ҰБТ-ны өткізу мерзімі – 20 маусым мен 1 шілде аралығы. Бұл жерде де айта кететін бір жайт, мектептерде қорытынды аттестаттау маусымның 10-на бітеді, бітірушілер қолдарына аттестатты маусымның 15-не дейін алады. Ал, жоғары оқу орнына түсуге арналған тестілеудің басталу мерзімі 20 маусым,яғни бар-жоғы бес-ақ күн уақыт қалады. Бұл уақыт әрине талапкерлер үшін тығыз болмақ. Сондықтан, мүмкіндігінше талапкер мектепте таңдаған бейіндік пәнін ауыстырмауы тиіс. Себебі, алмастырған бейіндік пәндеріне дайындыққа уақыт жетпейді. ҰБТ-дан кейін, қолдарына сертификат алғаннан соң, талапкерлер мемлекеттік білім грантын алуға конкурсқа қатысу үшін құжаттарын шілденің 23-31 аралығында базалық жоғары оқу орындарына тапсыруы керек.
       –Бұрын мектеп бітіріп, оқуға түсе алмай қалған талапкерлер үшін  кешендік тест тапсыру қалай ұйымдастырылады?
Алдыңғы жылдары мектеп бітірген, биылғы жылы жоғары оқу орнына түсемін деген талапкерлер кешендік тест тапсыру арқылы ойын жүзеге асыра алады. Негізгі кешендік тестілеуге (КТ) құжаттар қабылдау маусымның 1-нен 20-на дейін жүргізілсе, тестілеу 17–23 шілде аралығында базалық жоғары оқу орнында жүргізіледі. Тағы да айтайын деген бір мәселе, талапкер шекті балл жинай алмай қалған жағдайда, ол кешендік тестілеуді екі рет қайта тапсырып, өзін сынауына болады.  Кешендік тестілеуді (КТ) қайта тапсыруға құжаттар қабылдау мерзімдері, біріншісі – 2018 жылғы 1-8 тамызда, ал емтиханы тамыздың 19-24 аралығында. Екінші кезеңі 2018 жылғы желтоқсанның 10-20 аралығында, ал тестілеу кезеңі 2019 жылғы қаңтардың 20-24 аралықтарында жүргізіледі.
–Колледж бітірушілердің жоғары оқу орнына түсуі үшін тапсыратын кешенді тестілеудің жаңа форматында бұрынғыдан қаншалықты өзгерістер бар?
–Колледж бітірушілері үшін талапкерлердің кешенді тестілеу (ТКТ)  форматы өзгертілді. ТКТ-ның жаңа форматы бойынша колледж бітірушілер үшін жалпы 60 сұрақ қарастырылған. Оның 20-сы жалпы пәндер және 40-ы бейінді пәндер бойынша. Егер бітіруші өз бейіні бойынша, яғни, колледжден алған мамандығы жоғары оқу орынына түсетін мамандығымен сәйкес болса, осы формат бойынша тапсырады. Мысалы, ветеринарлық мамандықты бітірген талапкер осы мамандыққа сәйкес келетін мамандықты таңдауы тиіс. Ал, мамандық бейінін өзгертіп, басқа мамандық таңдаған бітіруші тестілеуді ҰБТ форматы бойынша барлық 5 пәннен тапсырады.
Мамандық бейіні сәйкес келетіндер үшін тестілеу уақыты 100 минут. Жалпы, бейіндік пән – 20. Ұсынылған бес жауаптан бір дұрыс жауапты таңдай отырып, тапсырмалар базалық пән бойынша академиялық білімін тексеруге бағытталған. Қалған сұрақтардың 30-ы ұсынылған көп жауаптан бір дұрыс жауабын таңдай отырып, тест тапсырмалары базалық пән бойынша терең академиялық білімін және практикалық қабілеті мен дағдыларын тексеруге бағытталады. Бейінді пән бойынша қалған 10 сұрақта ұсынылған көп жауаптан бірнеше дұрыс жауапты таңдайды. Шекті балл – 35, жоғары балл-70 болып белгіленген.
Тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау уақыты маусымның 20-на дейін. ТКТ базалық жоғары оқу орнында орналасқан ҰБТ-ны өткізу пункттерінде өткізіледі. ТКТ-ін өткізу мерзімі 17 шілде мен 23 шілде аралығы.
Биылғы жылдан бастап мектеп түлектерінің емтиханы мен жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Бұл бағытта білім басқармалары мен аудандық білім бөлімдерімен бірлесіп, университет тарапынан іс-шаралар қарастырылып, ата-аналар мен оқушыларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 
Барлық талапкерлерге ақ жол тілей отырып, таңдаған мамандықтарына оқуға түсіп, білікті маман болып шығуына шын ниетімді білдіремін.
– Сұхбатыңызға рахмет! 
Сұқбатты жүргізген А.Бисенов.  
                   
26 ақпан 2018 ж. 2 729 0