Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайдарманның жалынды жастары

Жайдарманның жалынды жастары

Жайдарман – қазіргі таңда ауқымды аудиторияны қамтыған, ең ірі жастар қозғалыстарының бірі. Жайдарлы жайдарманшылардың ұлттық болмысын қалыптастырып, ел игілігіне қызмет ететін тәлімді тәрбие беру – үлкен міндет. Оның әрбір маусымы тәжірибелі командалардың біліктілігін шыңдауға, жас таланттардың шығармашылық потенциалын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер берері сөзсіз. Осы ретте ауданымызда да жайдарманшы жастардың легі қалыптасып, тұрақты түрде ойындар ұйымдастырылып жүр.
Ауданымызда жайдарманның негізін қалаушылардың бірі Төребек Дәрмағанбетов ұйымдастыратын ойындардың жастар арасында орны ерекше. Қызығы мен шыжығы мол бұл жолда келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған ол:
– Жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде сол университеттің жайдарман тобы бар екенін білдім. Бірақ олар орыс тілді команда. Енді қазақша жайдарман тобын құру керек болды. Оған арнайы кастинг өтті. Мен бақ сынап көрдім. Өттім. Командада ойнап жүрдім. Кейін сол команданың жетекшісі болдым. Осылайша «Жайдарман» ойындарына алғашқы баспалдақ жасаған болатынмын. Ал Ғалым Махамбетовпен мектеп қабырғасында жүргенде оқушылар үйінің үйірмелеріне қатысып жүріп танысқан болатынбыз. Сол таныстық үзілген емес. Мен өзім ойнап жүрген команданың тәжірибесін алып келіп, Ғалым екеуміз ойласып жүрдік. Бірде Ғалым командаға «Арал-АС» деп ат бергісі келетінін айтты. Осылай командаға жігіттер жинай бастадық. Бір жылдай команданың негізгі құрамына Данияр Бекжанов, Ақылбек Скендров және басқа да жайдарманға қызығушылығы бар жастарды жинақтадық. 2006 жылдары ең алғаш аудандық, облыстық жарыстарға қатыса бастадық. 2007 жылы республикалық жарыста өнер көрсетіп, екі жыл шыңдалып, 2009 жылы сүзгіден өтіп эфирге шықтық, – дейді.
Сонымен қатар Төребек Дәрмағанбетов ауданымызда бүгінде көптеген жастардың жайдарманға қызығушылығы жоғары екенін айтады.
– Оқушылар үйінде жайдарманнан сабақ беріп жүргеніме 10 жылдан астам уақыт болды. Қазір қызығатын жастар көп. Соған қарай қысым да көп. Ата-аналар балаларды бірнеше үйірмеге қатар беріп тастайды. Сосын баланың бос уақыты қалмайды. Сондайда көбі тастап кетіп жатады. Солардың ішінен іріктеліп шыққандар бар. Оларды жарқыратып көрсету үшін қаражат қажет. Өзім бірнеше мәрте облыстық, республикалық жарыстарға апарып жүрмін. Тіпті кейде несие алып апарған кездерім де болды. Негізі жарысқа түсіп, сахна көрген бала ғана шыңдала түседі. Ал бізде бұл жағынан кемшіліктер бар, – деп пікірін білдірді.
Дегенмен қалалық, аудандық көлемдегі ойындар ешқашан үзілген емес. Мысалы, жақында ғана қалалық З.Шүкіров атындағы мәдениет үйінің әдіскері Ж.Аймағамбетованың ұйымдастыруымен «Ел ертеңі – жастар» атты жайдарман ойындары өтті. Ойынға жалпы 7 құрама қатысып, нәтижесінде І орынды №14 мектеп құрамасы алса, ІІ орынды №2 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының «Комбо» командасы қанжығасына байлады. Жүлделі ІІІ орынды №262 мектептің «Тұмар» командасы иеленді. Сонымен қатар «Еркін құрама», «64 пысықтары», №220 мектептің «Жалынды жастар», «Universe» командалары арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, осыған дейін Арал ауданынан «Жайдарман» ойындарына республикаға танымал «Арас-АС», «Жас Арал» сынды командалар шығып, өнер көрсеткен болатын. Ағаларының ізін қуып келе жатқан жас ойыншыларға тек сәттілік тілейміз.
Г.САҚТАПОВА
13 мамыр 2024 ж. 235 0