Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Төребек Дәрмағамбетов: Жастарды қолдағым келеді

Төребек Дәрмағамбетов: Жастарды қолдағым келеді

Ол – жастар жанашыры. Ол – шығармашылық үшін жаралған. Оның пайымдауынша, Аралда қолға алынбаған мәселе көп. Ол бар жақсылықты туған жеріне тарту еткісі келеді. Жастарды қолдау, олардың көкірек көзін ашу үшін бар уақыты мен қаражатын сарп етуге бар. Өйткені ол осы жұмысынан рахат алатын жан. Аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер, «Арал-АС» жайдарман тобының жетекшісі Төребек Дәрмағамбетовпен сұхбаттасқан едік.
– Бала Төребек қандай болды? Жалпы балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз...
– Өте тұйық, ұялшақ, өз-өзіне сенімсіз, ештеңеге қызығушылығы жоқ бала болдым. Қаладағы №220 мектепте оқыдым. 9-сынып оқып жүрген кезім болуы керек, сыныпаралық күзгі балл сайысы өтетін болып, сыныпта көптің ішінен іріктеліп менің қатысуыма тура келді. Менің уақытым келген шығар дедім. Осы сәт менің өмірімнің арнасын 360 градусқа өзгертті деп айтуға болады. Өзімдегі қорқынышты жеңдім. Сахнаға алғаш қадам бастым. Тұйық мінезді болсам да, сабағым нашар болған емес. Берілген тапсырмаларды орындайтынмын. Кітапханаға баратынмын. Жалпы үштік бағам болған жоқ.
– Меңгерген мамандық қандай?
– Бірінші мамандығым – қаржыгер, банк саласы. Екінші мамандығым – автокөлік жолдарын жөндеу. Бірақ екі диплом да маған нан табуға кәдеге асқан жоқ. Бірақ қазіргі істеп жатқан жұмыстарыма себепші болды. 10 жылдай болды аудандық оқушылар үйінде "Жайдарманнан" сабақ беремін.
– "Жайдарманға" қалай келдіңіз? «Арал-АС» деген жайдарман тобын құру идеясы қайдан келді?
– Жаңа айтқандай, жоғары оқу орнында оқып жүрген кезде сол университеттің жайдарман тобы бар екен. Бірақ олар орыс тілді команда. Енді қазақша жайдарман тобын құру керек болды. Оған арнайы кастинг өтті. Мен бақ сынап көрдім. Өттім. Командада ойнап жүрдім. Кейін сол команданың жетекшісі болдым. Осылай "Жайдарманға" деген алғашқы баспалдақ жасаған болатынбыз. Ал Ғалыммен мектеп қабырғасында жүргенде оқушылар үйінің үйірмелеріне қатысып жүріп танысқан болатынбыз. Сол таныстық үзілген емес. Мен озім ойнап жүрген команданың тәжірибесін алып келіп, Ғалым екеуміз ойласып жүрдік. Бірде Ғалым командаға «Арал-АС» деп ат бергізі келетінін айтты. Осылай командаға жігіттер жинай бастадық. Бір жылдай команданың негізгі құрамын жинақтадық. 2006 жылдары ең алғаш аудандық, облыстық жарыстарға қатыса бастадық. 2007 жылы республикалық жарыста өнер көрсетіп, екі жыл шыңдалып, 2009 жылы сүзгіден өтіп эфирге шықтық.
– Әзілдеріңіз өтімді, саяси астары бар. Автормен жұмыс істейсіздер ме?
– Біз көбіне ауылдың тақырыбын қозғаймыз. Күнделікті қасымызда жүрген адамдардың өзіне тән ерекшелігі болады, соны әзілге айналдырамыз. Кейінгі жылдары ғана авторлармен жұмыс істей бастадық. Онда да өзіміз жазған әзілдерді сүзгілеп, өңдеп, өз ойымызды қосып отырамыз. Ал жалпы өзіміз жазамыз. Елдің ішіндегі адамдар мен жағдайдарды сөз еткендіктен болар деп ойлаймын әзілдердің халыққа жетіп жататындығы.
– Осыдан төрт жыл бұрынғы сұхбатымызда сізге «Төребекті мемлекеттік қызметкер ретінде көреміз бе?» деген сауал қойған едім. "Жоқ, ешқашан" деп жауап берген едіңіз. Қазір депутатсыз? Қалай келдіңіз?
– Кейде өмірде мүмкін емес деген нәрселер мүмкін болып жатады. Шынымен де мен депутат боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Ресмилікті аса ұната бермейтін адаммын. Еркіндікті жақсы көремін. Жастармен жұмыс жасаған ұнайды. Оларды дамытқым келеді. Осындайда кейде кейбір мәселені шешуде өзіңнің қоғамдағы статусың болуы керек екендігін түсіндім. Кәсіпкер, жайдарманшы Төребектің ауқымды мәселені шешуде әттеген-ай деген дәрменсіздігі болды. Сосын депутаттыққа келдім.
– Депутат ретінде қандай мәселені шешуге себепші болдым деп айта аласыз?
– Ел арасында проблема өте көп. Оның бәрі бір сәтте шешіле кетпейді. Уақыт, қаржы керек. Өзіме көмек сұрап, мәселе көтеріп келген адамдардың ұсынысын ескерусіз қалдырмауға тырысамын. Өзіме белгіленген мөлтек ауданның халқымен кездесіп, жол, жарық, басқа да мәселесін шешуге атсалысып жүрмін. Ананы жасадым, мынаны істедім деп марқайып айта алмаймын. Өйткені мен депутат ретінде жоғары билікке жеткіземін. Ал қалған мәселе сонда шешімін табады.
– Тәлімгерлік жұмысыңыз қалай болып жатыр? «Арал-АС-тан» кейін жұлдызды жайдарманшылар шыға ма?
– Оқушылар үйінде жайдарманнан сабақ беріп жүргеніме 10 жылдан астам уақыт болды. Қазір қызығатын жастар көп. Соған қарай қысым да көп. Ата-аналар балаларды бірнеше үйірмеге қатар беріп тастайды. Сосын баланың бос уақыты қалмайды. Сондайда көбі тастап кетіп жатады. Солардың ішінен іріктеліп шыққандар бар. Оларды жарқыратып көрсету үшін қаражат қажет. Өзім бірнеше мәрте облыстық, республикалық жарыстарға апарып жүрмін. Тіпті кейде несие алып апарған кездерім де болды. Негізі жарысқа түсіп, сахна көрген бала ғана шыңдала түседі. Ал бізде бұл жағынан кемшіліктер бар.
– Әуесқойлардан құрылған «Порт» футбол командасына жетекші екендігіңізді білеміз. Футболшыларыңыз үмітті ақтап жүр ме?
– Бұл команда әуесқой футболшылардан қүрылған. Олардың негізгі қызметі бар. Бірақ футболды жаны сүйеді. Маған келіп "команда болсақ, сіз жетекшіміз болыңыз" деп ұсыныс жасады. Мен қолдадым. Спорттық формаларын алып беріп отырамын. Әр кезеңде жаңартып. Аудандық жарыстарға қатысады. Биыл үшінші мәрте көршілес Қазалы ауданының лигасына қатысып жүр. Қазалыда «Порттың» ойынын көру үшін келетін жанкүйерлері бар. Біздің өз мақсатымыз бар. Жайлап соған жетіп келеміз. Одан бөлек Қызылорда қаласында әуесқой футболшылармен жолдастық кездесу өткіздік. Жалпы бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып жатырмыз. Әзірге кубок жоқ. Дегенмен болашақта менің командамның спорт саласында өздерін мойындатып, жетістікке жететініне сенемін. Себебі бұл командаға футболды шын сүйетін жандар жиналған.
– Әке ретінде бала тәрбиесінде неге мән бересіз?
– Қазіргі жасап жатқан жұмысымның бәрі болашақ ұрпақтарым үшін. Балаларым менің жақсы ісіммен мақтанса екен деймін. Айтады ғой "Аты шыққан ұлдарың, аты шықпаған қыздарың болсын" деп. Алланың берген үш қызым бар. Жарым Жұлдыз екеуіміз оларға жақсы тәрбие беруге тырысып жүрміз. Кейде үлкен қызым ауыр сұрақтар қояды. Ойланып қаламын. Анасы қыздарға аналық ақылын береді. Мен әкелік қамқорлығымды көрсетемін. Мейлі сабағын "алтынға" бітірмей-ақ қойсын. Топ жарып, жұлдыз болмай-ақ қойсын. Тек өз-өзіне жауап бере алатын болса болғаны. Жауапкершілікті сезіне білуді, жоқты-барды түсінуді осы бастан саналарына сіңіруге тырысып жатырмыз.
– Тәуліктен сіз үшін 25-ші сағат берілсе не істер едіңіз?
– Өзіме арнаймын. Өзімді дамытуға арнаймын. Қазір шыны керек кәсіп, жұмыс, басқа да тірлік деп жүріп өзімізге мүлде көңіл бөлмей жатамыз. Өзімді демалдырып, миымды артық ойдан арылтып, тыныққым келеді. Аз ұйықтаймын. Ол да денсаулыққа зиян екенін білемін. Сондықтан сондай уақыт болса өзімді дамытуға арнаған болар едім.
– Әңгімеңізге рақмет. Табысты болыңыз!

Әңгімелескен Н. МАРАТҚЫЗЫ
07 қаңтар 2023 ж. 2 933 0