Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мен еркіндікті жақсы көремін

Мен еркіндікті жақсы көремін

Ол – жастар жанашыры. Ол – шығармашылық үшін жаралған. Оның пайымдауынша, Аралда қолға алынбаған мәселе көп. Ол бар жақсылықты туған жеріне тарту еткісі келеді. Жастарды қолдау, олардың көкірек көзін ашу үшін бар уақыты мен қаражатын сарп етуге бар. Өйткені ол осы жұмысынан рахат алатын жан. Жайдарманшы, жас кәсіпкер, Төребек Дәрмағамбетовпен еркін әңгіме өрбіттік.
– Төребек, ең алдымен әңгімені танысудан бастасақ? Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз...
– Мен 1987 жылы 11 қыркүйекте Арал қаласында өмірге келдім. Отбасында 3 баланың кенжесімін. Білімім жоғары. Қазіргі таңда Арал қаласындағы оқушылар үйінде жұмыс жасаймын. Жұбайым – Жұлдыз, екі қыз тәрбиелеп отырмыз.
–Шыны керек, көпшілік Төребекті қазақша КВН арқылы таниды. Жайдарманға жаңа толқын болып келген «Арал-АС» тобы жайлы толық айтып беріңізші?
– Негізінде, мен ең алдымен Ақтөбе қаласының құрама командасында ойнап жүрдім. 2007 жылы сол кездегі қазақша жайдарман ойындарын көрсететін жалғыз арна– «Еуразия» бірінші арнасында біздің ойынымыз эфирге шықты. Осы кезден бастап Аралда да осындай команда болса деген жан-жақтан ұсыныстар келіп түсе бастады. Сөйтіп, ең алғаш Ғалым екеуміз жолықтық. Онда да бұрыннан бері осындай топ құру ойында жүрген екен. Команданың атын «Арал-АС» деп Ғалым қойды. Осылайша ауылдан өнерлі балалар іздей бастадық. Бас-аяғы 7-8 айдың ішінде құралдық. Басында 10-11 бала болды. Арасында азайды, көбейді. Ақырында 2 жылда ғана команда мүшелері тұрақталды. Сонымен 2008 жылы Ақтөбе қаласына алғаш рет республикалық батыс лигаға қатыстық. Мұнан соң, 2009 жылы Қызылорда қаласындағы Сыр елі орталық лигасы біздің бағымызды ашты. Бұл ойын телеэкраннан көрсетіліп, осы жылы біз чемпион болдық. Осыдан кейін бірден Астана қаласына кеттік. Өзіңіз білетіндей, мұнда «Жайдарман», КТА ойындарының чемпионы атандық.
– Әзілдеріңіз өткір. Қоғамдағы маңызды мәселелердің қиюын келістіріп көрерменге ұсынғанда халық талай рет күлкіге көмілді. Сценарийді кім жазады?
– Басында бізде автор болған жоқ. Біз көбіне ауылда көргенімізді, жүрген жеріміздегі болған оқиғаны әзілге айналдырып қойып жүрдік. Біздің қойылым кейіпкерлерінің 50 пайызы өмірде бар. Ал көрінісіміздің 30-40 пайызы болған оқиғалар. Ол кезде біз жан-жақта жүрдік. Басымыз тек пойызда бірігетін. Сол сәтте ғана біз дайындықты бастап, барлығымыз өз идеямызды ортаға салып, жинақтап бір жүйеге келтіріп, сосын барып қойылым етіп жасайтынбыз. Соңғы 3 жылдықта ғана автормен жұмыс жасай бастадық.
– «Арал-АС»-тың алғашқы қадамына кімдер қолдау көрсетті?
– Бізді бастапқыда әкем қолдады. Бірінші жылдықта санаулы ғана кәсіпкер қаржылық жағынан көмек көрсетті. Жетпеген қаражатты концерт қойып, түскен ақшаға билет алатынбыз. Бізге сол сәтте пойызға отырсақ болды еді. Әрі қарай қайда қонам, не ішіп, не жейміз? – деген сұрақтарға бас қатырған жоқпыз. Ең бастысы, біз үшін ойынға үлгеріп бару болды. Тіпті кейде несие де алатынбыз. Үстеме ақша да алдық. Әйтеуір шақырған ойыннан қалмай барып жүрдік.
– «Арал-АС» өз көздеген биігін бағындырды ма?
 – Орындады деуге болады. Бастысы, чемпион болу еді. Оны алдық. Негізінде, осындай команда құрып жатырмыз дегенде, сенімсіздік танытқандар көп болды. Түрлі әңгімелер естігенімізді жасыра алмаймыз. Сол әңгімелер шыны керек ашуға тиді. Бізді сахнаның бір бұрышында ғана елеусіз қалады деп ойлады. Бірақ уақыт өте келе, соны айтқан жігіттер келіп қолымыздан алды. Мойындату деген осы шығар...
– Расымен де, бүгін біз сіздермен мақтанамыз. «Арал-АС»-тың жігіттері теледидар арқылы қазақстандықтарға танылып үлгерді. Бүгінде түрлі бағдарламаларда, отандық кинода төбе көрсетіп жүр. Ал сіз әлі Аралдасыз. Болашақта Төребек те астаналық болуы мүмкін бе?
 – Ондай әзірге ой жоқ. Әрине ең алғашқыда ондай арман болды. Уақыт өте келе есейдік. Ел көрдік, жер көрдік. Біртіндеп ойымыз өзгере бастады. Бәлкім, ақыл тоқтаттық па? Қазір әке-шешемнің жанында қара шаңырақта отырмын. Ұсыныс жоқ емес, бар. Бірақ мен үшін қала – әрі кетсе бір апта қыдырып демалып жүретін жер. Ал ауылда ашылмаған нәрсе көп. Мүмкіндік мол. Мен тіпті көршілерімнің өзін қимаймын. Аралда халықтың 70 пайызы – танысың. Тойтомалақ, ойын-сауық, жұмыс бәріне үлгеріп жүресің. Қалада олай емес. Ешқашан уақыт жетпейді. Маған ондай өмір ұнамайды. Мен еркіндікті жақсы көремін. Ауылда жүріп те жұлдыз болуға, бағдарламаға түсуге, жұмыс жасауға болады. Қаладағыдай көп мүмкіндік болмаса да. Десе де, бұл менің қалауым.
– Сатирадағы Төребек саясаткер бола ала ма?
– Жоқ. Саясатқа мүлде жоқпын. Ол жаққа жолағым да келмейді. Шынымды айтсам, жиналыс деген нәрседен ішім пысып кетеді. Мені кейде жиналыстарға шақырып жатады. Барам, қатысам. Кейбірінің маған тіпті қатысы болмайды. Сосын одан шыққан соң талқылау, мынау былай болу керек екен. Мынау дұрыс немесе мынау бұрыс екен деген нәрсе жоқ. Ондай ортада өзімді ыңғайсыз сезінемін. Негізі, менің әкем де, анам да мемлекеттік қызметкер. Басында мені де осы салаға тартып, жұмыс жасағанымды қалаған. Кейін олар түсінді адам жүрегі қалаған нәрсемен айналысу керек екендігін. Мен бір орында отырып жұмыс жасай алмаймын. Тіпті галстук таға алмайтын қазақпын. Классикалық үлгідегі киім кию ұнамайды. Онда өзімді жайсыз сезінемін. Маған осы жұмысым ұнайды. Көбі маған «саған осы жұмыс неге керек. Күні-түні ұйқысыз жүресің. Ұйымдастырасың, өзіңе қаржылық жағынан шығын болмаса, пайдасы жоқ» дейді. Мен бұл жұмысты пайда көру ішін жасамаймын. Өсіп келе жатқан жастарға қолдау көрсеткім келеді. Олардың жолын ашып берсем деймін. Ойымда жүрген жобаларымды жүзеге асырып жатырмын. Сол арқылы өнерлі жастарды іріктеудеміз. Мен ойлаймын, әрбір адам жұмысты тек пайда үшін емес, жан рахаты үшін жасаса,қаражат та табылады.
– Жастарға көп қолдау көрсетесіз. Бұрынғы жастар мен қазіргі өскелең ұрпақтың арасында қандай айырмашылық бар? Бүгінгі жастар өздерінің мүмкіндігін пайдаланып жатыр ма?
– Әр адамның жолы әр түрлі. Олар біз жеткеннен де асып түсуі мүмкін. Бізден өзгеше жасауы мүмкін. Десе де, мектеп оқушылары ерте есеюге асығады. Тез ренжігіш. Тез ашуланғыш. Сосын оларға әлеуметтік желілерден басқа ештеңе қызық емес. Тіпті олар қоғамда не болып жатқанын да білмейді. Теледидар да көрмейді. Кітап жайлы сөз қозғаудың өзі артық. Сосын мынадай нәрсе бар, бір бала жақсы танылып, өзінің өнерін көрсетер болса, оған қасындағылар кері әсер етеді. Мазақ қылатындар бар. Содан барып жаңағы бала бәрін тастай салады. Яғни, ортаның кері әсері тиеді. Әйтпесе, бізде мықты әнші де, биші де, суретші де бар.
– Өзіңіз айтып отырған осындай жастармен қалай жұмыс жасауға болады?
 – Бізді құртатыны болмайды деген нәрсе. Жастарға тәрбиелік мәні бар нәрсе жасаймыз дейміз, бірақ оған қызығушылық танытатын жандар аз. Мен өткен жылы заманауи би жарысын ұйымдастырып бастадым. Сол кезде көбі «бұл не береді, керек дүние емес» деп қарсылық танытты. Сенесіз бе, сол кезде жастар ағылып келді. Билеті қымбат болса да, күні бұрын өтіп кететін. Қатысуға ниеттілер де көбейді. Біз болмайды деген нәрседен арылып, жастарға не керек деген сұраққа жауап іздеуіміз керек сияқты. Біз қорқақпыз. Нәтижеге емес, тыныштыққа жұмыс жасаймыз. Тәуекел жасап үйрену керек. – «Арал-АС» шығармашылық орталығының жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Қазір біздің 2 тобымыз бар. Үлкен және кіші топтан тұрады. Мұнда ерікті жастар жұмыс жасайды. Оларға мен ешқандай айлық төлемеймін. Бірақ атаулы мереке күндері үлкен етіп дастарқан жайып, бір орта қалыптастыруға тырысамын. Түрлі кештер ұйымдастырамыз. Сол кезде олардың әрқайсысының жасайтын жұмысы бар. Олар осы арқылы жауапкершілікті сезініп үйренеді.
– Әңгіменің арнасын футболға бұрсақ. Сіздің жетекшілігіңізбен құрылған «Порт» футбол командасының қазіргі деңгейі қалай? Жігіттер сенімнен шыға ала ма?
– 5 жыл бұрын өзіммен құрдас жігіттер футбол командасын құрайық деп ұсыныс жасады. Мен қолдай кеттім. Атауын өзім қойдым. Бұл атау Аралға жақын болғандықтан өзімнің ойымда жүрген еді. Солай толығымен жігіттердің формасын алдық. Содан бері аудан көлеміндегі ала доп додаларына қатысып келеді. Олар кубок алмаса да, үлкенді-кішілі жеткен жетістіктері баршылық. Мен өзім де футболдан көп нәрсе түсініп қалдым. Қазір бұл жігіттерді де түрлі жарыстарға апарып жүрмін. Өткен жылы Қызылордаға барып қайттық. Жақында Қазалыға барып, жолдастық кездесу өткіздік. Жоспар көп. Енді Байқоңыр, Тараз, Астана қалаларына барсақ па деп отырмыз. Бірақ мен оларға аса бір үлкен көлемде демеушілік жасап жатқан жоқпын. Олар өздері ұсыныс жасап келеді. Мен беттерін қақпаймын.

– Жастар жылына қандай жоспарларыңыз бар?
– Биыл «Арал-АС» шығармашылық орталығын заңдастырсам деймін. Ойда жүрген жоба көп. Заңдастырған соң, осы шараларды біртіндеп ұйымдастыруға жол ашылмақ. Бірінші кезекте әншілер сайысы, мектептегі жас мамандар арасында өтетін сайыстар бар. Әзірге осылар алдыңғы қатарда тұр. Қалғандары біртіндеп бола береді. – Ауылдағы жастар назардан тыс қалып жатқан жоқ па? – Дұрыс айтасыз. Ауылда да ашылмай жатқан таланттар жетерлік. Оларды табу үшін біз алдымен сол ауылдардан бір адамды өзіміздің жанымызға жақын етуіміз керек. Касымызда алып жүріп, барлық нәрсені үйрету керек. Сосын ол өзінің достарын алып келеді. Солай-солай ауылда жастар командасы пайда болады. Бұл жастар да өздерін көрсетуге мүмкіндік алады. Маған бір жас келер болса, мен оларды қуана қарсы алар едім. Керек болса жарыстарға да алып барам. Бірақ бәрі бірден бола бермейді.
 – Сізді не толғандырады? Не қызықтырады?
– Мені жастардың мәдениетінің төмендігі ойландырады. Бізде әлі концерт көру мәдениеті жоқ деп айтуға болады. Қазір жастар ондай кештерге танысуға, өздерін көрсетуге барады. Ал қызықтыратын нәрсе өте көп. Мейрамханадағы даяшының жұмысынан бастап, өзім отырған жердің безендірілуі– бәріне қызығушылық танытам. Үлкен қалаға барғанда міндетті түрде қонақ үйге барып, бір күн қонамын. Себебі мұндағы тұсқағаздар мен ішіндегі жиһаздың орналасуы, бәрін қалай үйлестіргендігін, қызметшілердің қонақпен сөйлесу мәдениетін өз көзіммен көргім келеді. Осындай талғампаз дүниелерден үлгі алып, бізге де алып келгім келеді.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Мақсаттарыңыз орындалсын.
Сұхбаттасқан Назерке Маратқызы
27 маусым 2019 ж. 1 278 0