Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұқпалы ауруларға қарсы егілудің маңыздылығы

Жұқпалы ауруларға қарсы егілудің маңыздылығы

    Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша  қазіргі таңда әлемде вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар бас көтеруде. Бүгінгі  біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен  вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар туралы  болмақ.
         –Вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар қатарына қандай аурулар жатады?
             –Вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар қатарына  құрөзек, сіреспе, көкжөтел, полиомиелит,  туберкулез, қызылша, қызамық, шошқа мойын, туа біткен қызамық синдромы, "В"вирусты гепатит , "А" вирусты гепатит, пневмококк  жатады. Осы ауруларға  қарсы профилактикалық егу шараларын жүргізу арқылы ауру деңгейін азайтуға, өлім көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік туды, ал тиімді вакцинаның арқасында қара шешек  ауруы  жойылды.
         –Жұқпалы ауруларға қарсы егілудің қандай маңызы бар?
         –Вакциналар балаларды жұқпалы аурулармен табиғи жолмен ауырып, қиналу, аурудан соң асқыну, тіпті өліп кету жағдайларынан сақтандыра отырып, балада осы жұқпалы ауруларға қарсы иммунитет , яғни ауруға қарсы тұра білу қабілетін қалыптастырады.
         –Анадан балаға иммунитет қандай деңгейде беріледі?
         –Ана сүтін еметін балаларға да вакцинация жасалуға тиіс, себебі ана сүтіндегі антиденелер ананың иммундық жүйесімен өндірілген, олар бірнеше апта ғана әсер етеді де қысқа мерзімді қорғанысты ғана бере алады. Сондай-ақ мұндай антиденелердің түрі аз болуына байланысты сәби кейбір инфекциялардан қорғанғанымен басқаларына бейім болуы мүмкін. Әдетте вакцинациядан кейін дамитын антиденелер баланың имммундық  жүйесімен өндіріледі және сәйкесінше иммунологиялық түрде есте сақталады, иммунитеттің бұл түрі белсенді иммунитет деп аталады, яғни иммундық жүйенің есінде сақталып, қоздырғышты танып, оны жояды.
         –Көкжөтел  ауруы балалар арасында тіркеле бастады , оның алдын алу үшін не істеу керек?
         –Балалар арасында жиі таралған жұқпалы ауру – көкжөтел ауруы. Бұл жұқпалы ауру ауа арқылы таралады. Көкжөтелде жөтел бірте-бірте жиілеп, күшейіп ақырында ұстамалы сипатқа ие болады. Ұстаманың соңы тұтқырлы қақырық бөлу немесе құсумен тынады. Көкжөтел бактериясы балаларда қалың, жабысқақ шырыш дамуын тудыратын, кеңірдекті бітейтін және жөтелдің ауырсынып тарылуларын тудыратын бірнеше уытты бөліп шығарады.Көкжөтел ауруының асқынуларынан балада өкпе қабынуы және мидың зақымдануы болады. Көкжөтелге қарсы арнайы ем жоқ. Сенімді әрі тиімді әдіс –балаларды 2,3,4,18 айлығында және  6 жасында   көкжөтелге  қарсы ектіру.
         –Полиомиелит ауруын жою үшін қандай пәрменді жұмыстар жүргізілді?
         –Дүние жүзінде 10 млн адам полиомиелит ауруынан соң мүгедек болып арбаға таңылып  отыр, 1995-2000 жылдар аралығында дүние жүзі бойынша Ұлттық Егу күндерін өткізу нәтижесінде аурушаңдық 80 пайызға төмендеді, кейін әлем бойынша бұл ауру жойылды, тек  Пәкістан ,Ауғанстан, Нигерия секілді  дамушы мемлекеттерде ғана тіркелуде, басқа елдер бұл аурудан ада.
 Полиомиелит ауруының қоздырғышы әсіресе егілмеген балаға өте қауіпті. Аналар өз сәбилерінің аяқ-қолын күнделікті қарап, егер кішкене аяғын баса алмай немесе қолын қозғай алмай тұрса тез арада дәрігерге көрсету керек, уақытында арнайы емін алса, балада салданудың  алдын алуға болады. Жаңа күнтізбеге сәйкес полиомиелит ауруына қарсы балалар 2,3,4 және 12 айлығында егіледі.
         –Ауа арқылы таралатын қандай аурулар бүгінгі таңда жиі тіркелуде?
         –Ауа арқылы таралатын  қызылша, көкжөтел аурулары бүгінгі таңда жиі тіркеліп отыр. Арал ауданында жыл басынан бері қызылша ауруының 182 жағдайы тіркелсе, оның ішінде 75 ауруда диагноз зертханалық жолмен нақтыланды. Көкжөтел ауруына күдікті 2 ауру тіркеліп, бір балада диагноз зертханалық жолмен нақтыланды .  
         –Егу шараларына қай мемлекеттердің вакцинасы қолданылады?   
         –Егу шараларына Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының арнайы тексеруінен өтіп, қауіпсіздік талаптарына сай сертификат берілген вакциналар қолданылады, оның ішінде Франция, Англия, Жапония, Ресей, Бельгияның озық технологиямен жасалған вакциналары бар, бұл вакциналар дүние жүзінің 120 мемлекетінде қолданылады.
Сұхбатыңызға рақмет!


Сұхбаттасқан О.Жолдасов
12 шілде 2024 ж. 139 0