Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жұқпалы ауруларға қарсы егілудің маңыздылығы

Жұқпалы ауруларға қарсы егілудің маңыздылығы

Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша қазіргі таңда әлемде вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар бас көтеруде. Әлемнің 167 мемлекетінде қызылша ауруы тіркелуде. Сонымен қатар көкжөтел ауруы да балалар арасында жиі тіркеле бастады.

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А.Сатекеевамен вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар туралы болмақ.
Сұрақ: Вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар қатарына қандай аурулар жатады?
Дүние жүзінде жұқпалы аурулардың түрлері мыңдап саналады, соның ішінде құрөзек, сіреспе, көкжөтел, туберкулез, қызылша, қызамық, шошқа мойын, туа біткен қызамық синдромы,вирусты гепатит «В»,пневмококк , Б-типті гемофильді жұқпаларға қарсы профилактикалық егу шараларын жүргізу арқылы ауру деңгейін азайтуға, өлім көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік туды, ал тиімді вакцинаның арқасында шешек пен полиомиелит аурулары жойылды.
Сұрақ: Жұқпалы ауруларға қарсы егілудің қандай маңызы бар?
Вакциналар балаларды жұқпалы аурулармен табиғи жолмен ауырып, қиналу, аурудан соң асқыну, тіпті өліп кету жағдайларынан сақтандыра отырып, балада осы жұқпалы ауруларға қарсы иммунитет , яғни ауруға қарсы тұру білу қабілетін қалыптастырады.
Сұрақ: Анадан балаға иммунитет қандай деңгейде беріледі?
Ана сүтін еметін балаларға да вакцинация жасалуға тиіс, себебі ана сүтіндегі антиденелер ананың иммундық жүйесімен өндірілген, олар бірнеше апта ғана әсер етеді де қысқа мерзімді қорғанысты ғана бере алады. Сондай-ақ мұндай антиденелердің түрі аз болуына байланысты сәби кейбір инфекциялардан қорғанғанымен басқаларына бейім болуы мүмкін. Әдетте вакцинациядан кейін дамитын антиденелер баланың имммундық жүйесімен өндіріледі және сәйкесінше иммунологиялық түрде есте сақталады, иммунитеттің бұл түрі белсенді иммунитет деп аталады, яғни иммундық жүйенің есінде сақталып, қоздырғышты танып, оны жояды.
Сұрақ: Жаңа кіріспе сөзіңізде көкжөтел ауруы балалар арасында тіркеле бастады дедіңіз, оның алдын алу үшін не істеу керек?
Балалар арасында жиі таралған жұқпалы ауру – көкжөтел ауруы. Бұл жұқпалы ауру ауа арқылы таралады. Көкжөтелде жөтел бірте-бірте жиілеп, күшейіп ақырында ұстамалы сипатқа ие болады. Ұстаманың соңы тұтқырлы қақырық бөлу немесе құсумен тынады. Көкжөтел бактериясы балаларда қалың, жабысқақ шырыш дамуын тудыратын, кеңірдекті бітейтін және жөтелдің ауырсынып тарылуларын тудыратын бірнеше уытты бөліп шығарады.Көкжөтел ауруының асқынуларынан балада өкпе қабынуы және мидың зақымдануы болады. Көкжөтелге қарсы арнайы ем жоқ. Сенімді әрі тиімді әдіс –балаларды 2,3,4 және 18 айлығында құрөзек, сіреспемен бірге көкжөтелге қарсы ектіру.
Сұрақ: Ауа арқылы таралатын қандай аурулар бүгінгі таңда жиі тіркелуде?
Ауа арқылы көп таралатын жұқпалы аурулардың қатарына қызылша, қызамық, шошқа мойын ( эпидемиялық паротит) аурулары жатады. Бүгінгі таңда қызылша ауруы Арал ауданында да тіркеліп отыр. Қызылшадан асқынулар-өкпенің, тыныс жолдарының, мидың қабынуы болады. Қызылшаға қарсы 1 және 6 жасында егіледі. Қызамыққа қарсы егілмеген әйелдер жүктіліктің алғашқы 3 айында ауырса 50 пайыз жағдайда түсік тастайды, 70 пайыз жағдайда олардың сәбиі саңырау, соқыр, мылқау, ақыл –есі кем болып туылады. Республикамызда 2005жылы 15-25 жас аралығындағы жастар, 2006 жылы 18-39 жас аралығындағы әйелдер қызамыққа қарсы жаппай егілді. Бүгінгі таңда күнтізбеге сәйкес балалар 1 және 6 жасында қызамыққа қарсы егіледі.Шошқа мойынмен ауырған балаларда мидың қабынуы болады, бала есту қабілетінен айырылады, ал ер балаларда белсіздікке апарып соқтырады. Шошқа мойынға қарсы балалар 1 және 6 жасында егіледі.
Сұрақ: Егу шараларына қай мемлекеттердің вакцинасы қолданылады?
Егу шараларына Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының арнайы тексеруінен өтіп, қауіпсіздік талаптарына сай сертификат берілген вакциналар қолданылады, оның ішінде Франция, Англия, Жапония, Ресей, Бельгияның озық технологиямен жасалған вакциналары бар, бұл вакциналар дүние жүзінің 120 мемлекетінде қолданылады.

Сұхбатыңызға рахмет
Сұхбаттасқан: Арал аудандық"Толқын" газетінің тілшісі Н.БАҚЫРАН
Сурет: ашық дереккөзден алынды 
05 маусым 2024 ж. 1 758 0