Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вакцинация – инфекциялық аурулардың алдын алудағы тиімді жолы

Вакцинация – инфекциялық аурулардың алдын алудағы тиімді жолы

Дүние жүзінде жұқпалы аурулардың түрлері мыңдап саналады, соның ішінде сал ауруы, құрөзек, сіреспе, көкжөтел, туберкулез, қызылша, қызамық, шошқа мойын, туа біткен қызамық синдромы, вирусты гепатит «В», Б-типті гемофильді жұқпаларға қарсы профилактикалық егу шараларын жүргізу арқылы ауру деңгейін азайтуға, өлім көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік туды, ал тиімді вакцинаның арқасында шешек пен сал аурулары жойылды.
Жер шарында жыл сайын 10 млн адам туберкулезбен ауырып, 1 млн. адам туберкулезден қайтыс болады. Балалар туберкулездің ең ауыр-туберкулезді менингит түрімен ауырып, 100 пайыз жағдайда бұл өлімге әкеліп соқтырады. Сондықтан балаларды туберкулезден қорғау үшін перзентханада және 6-7 жасында мектепке барғанда балалар туберкулезге қарсы егіледі.
Ауа арқылы таралатын жұқпалы дерттің бірі–құрөзек.Жыл сайын жер шарында 5 мың адам құрөзектен қайтыс болады. Құрөзек ағзаның барлық мүшелерін зақымдайды, клиникалық белгілері тез дамып, ең көп асқыну жағдайын береді. Құрөзекке қарсы балалар 2,3,4 айлығында егіледі, ал қайталап егу шаралары 1,5 жасында,6,16,26,36,46,56 жаста жасалады.
Жыл сайын 50 мыңға жуық сәби алғашқы үш аптада сіреспе ауруынан қайтыс болады, 30 мыңға жуық әйелдер босану кезінде осы жұқпалы дерттен көз жұмады, жер шарында жыл сайын 410 мың адам сіреспеден қайтыс болады. Сіреспе қоздырғышы күшті у бөліп шығарады, соның салдарынан адамның бұлшық еттерінде селкілдеу болады, жан шыдатпас ауру пайда болып, кейін бұлшық еттер өз қызметін тоқтатады. Сіреспеге қарсы арнайы дәрілер жоқ. Егу күнтізбесі кұрөзек ауруына қарсы егу шараларымен бірге жүргізіледі, әсіресе бала туу жасындағы әйелдер сіреспеге қарсы жоспарлы егу шарасын уақытында алуы қажет.
Балалар арасында жиі таралатын жұқпалы ауру–көкжөтел ауруы. Бұл жұқпалы ауру ауа арқылы таралады. Көкжөтел ауруының асқынуларынан балада өкпе қабынуы және мидың зақымдануы болады. Көкжөтелге қарсы арнайы ем жоқ. Сенімді әрі тиімді әдіс–балаларды 2,3,4 және 18 айлығында құрөзек,сіреспемен бірге көкжөтелге қарсы ектіру.
Дүние жүзінде 10 млн адам сал ауруынан соң мүгедек болып отыр, 1995-2000 жылдар аралығында дүние жүзі бойынша Ұлттық Егу күндерін өткізу нәтижесінде аурушаңдық 80 пайызға төмендеді. Сал ауруының қоздырғышы әсіресе егілмеген балаға өте қауіпті. Аналар өз сәбилерінің аяқ-қолын күнделікті қарап, егер кішкене аяғын баса алмай немесе қолын қозғай алмай тұрса тез арада дәрігерге көрсету керек, уақытында арнайы емін алса, балада параличтердің алдын алуға болады. Жаңа күнтізбеге сәйкес сал ауруына қарсы балалар 2,3,4 және 12 айлығында егіледі.
Ауа арқылы таралатын жұқпалы аурулардың қатарына қызылша, қызамық, шошқа мойын аурулары жатады. Жер шарында жылына қызылшадан 900 мыңға жуық бала қайтыс болады, қызылшадан асқынулар-өкпенің, тыныс жолдарының, мидың қабынуы болады. Қызамыққа қарсы егілмеген әйелдер жүктіліктің алғашқы 3 айында ауырса 50 пайыз жағдайда түсік тастайды, 70 пайыз жағдайда сәбиі саңырау, соқыр, мылқау, ақыл–есі кеміс болып туылады. Шошқа мойынмен ауырған балаларда мидың қабынуы болады, бала есту қабілетінен айырылады, ал ер балаларда белсіздікке апарып соқтырады. Бүгінгі таңда күнтізбеге сәйкес балалар қызылшаға, қызамыққа ,шошқа мойынға қарсы 1 және 6 жасында егіледі. Бүгінгі таңда жұқпалы ауруларға қарсы егу тегін жасалады, республикамызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандарымен сертификатталған, денсаулық сақтау министрлігінің тендерлік комиссиясынан өткен вакциналар сатып алынуда, оның ішінде Франция, Англия, Жапония, Бельгияның озық технологиямен жасалған вакциналары бар, бұл вакциналар дүние жүзінің 120 мемлекетінде қолданылады.
Мүмкіндікті жіберіп алмаңыз, жұқпалы ауруларға қарсы егіліңіз және балаларыңызды ектіріңіз!
М. Садықова,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бас маманы
11 сәуір 2023 ж. 505 0