Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұмаудан сақтаныңыз!

Тұмаудан сақтаныңыз!

Тұмау – өте тез жұғатын, әрі  тез  тарайтын, тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде маусымдық эпидемиялар кезінде тұмау вирусынан жыл сайын 250-500 мың адам қайтыс болады.Статистикалық деректер бойынша,ересектердің 40 пайызы осы жұқпамен ауырса, балалар арасындағы көрсеткіш 60 пайызға жеткен.
Жедел респираторлық вирусты жұқпалармен  және тұмаумен көп жағдайда  қарт адамдар, жоғары тыныс алу жолдарының және бронх-өкпе жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар, иммунитеті төмен, әлсіз және жиі ауыратын ересектер мен балалар  ауырады.
 Тұмау жұқпасының қауіптілігі сонда, тұмаудан кейін қайталап ауырып, әртүрлі күрделі асқынуларға жалғасып,оның жедел және созылмалы түріне өтуі мүмкін. Бірінші кезекте жүрек-қан тамырлары  мен тыныс алу жолдары ағзаларының ауруларын туғызады, қызметін қиындатады. Бұл көп ретте  науқастардың төсек тартып жатып қалуына, еңбектен қол үзуіне әкеліп соқтырады. Асқынулар мүгедектікке, ауыр жағдайларда өлімге әкелуі мүмкін.
Тұмаудың немесе оның ауыр зардаптарының алдын алудың ең тиімді жолы-тұмауға қарсы егу болып табылады. Ең бірінші кезекте халықтың неғұрлым осал топтарына (медицина қызметкерлері, 60 жастан асқан адамдар,созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры аурулары, иммундық жетіспеушілігі бар ересектер мен балалар, әлсіз және жиі ауыратын балалар, жүкті әйелдер) тұмауға қарсы  егу шарасы жүргізіледі. Вакцина ауру басталған кезде оның өршуіне тосқауыл болып, аурудың кең тарап кетуіне кедергі келтіреді. Дені сау ересек адамдардың арасында вакцинация тұмаумен сырқаттанушылықты 70-90%-ға төмендетуге, ал қарт адамдар арасында асқынулардың даму мүмкіндігін 60%-ға, өлім жағдайларын 80%-ға азайтуға қабілетті.
Тұмаудан дұрыс жүргізілген вакцинация вирустың таралуына кедергі жасайды, оның тасымалдау тізбегін үзеді. Тәжірибе көрсеткендей, егер ұжым мүшелерінің 40% - дан астамы тұмауға қарсы екпе алса, онда егілмеген адамдардың арасында сырқаттанғандар саны 10% - дан аспайды.Егер адам вакцинациядан кейін ауырған болса, онда бұл жағдайда тұмау жеңіл түрде өтеді.
Тұмаудың асқынуы өте қауіпті болғандықтан, бұл ауруға  жеңіл қарамаңыз, әрқашан сақ болғайсыз! 


А. САТЕКЕЕВА,
басқарма басшысы
05 мамыр 2022 ж. 703 0