Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданы бойынша тұмау ауруының тіркелу деңгейі және алдын алу шаралары

Арал ауданы бойынша тұмау ауруының тіркелу деңгейі және алдын алу шаралары

Арал ауданы бойынша үстіміздегі жылдың қаңтар айы мен 22 сәуір аралығында аралығында аудан тұрғындары арасында жедел респираторлық вирусты жұқпалардың 566 жағдайы тіркеліп, оның 296-ы 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болса, 46 жағдайы жасөспірімдер, 7-еуі екіқабат әйелдер арасында тіркелді. Сонымен бірге 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы  аурушаңдық көрсеткіші 52,3 пайызды құрады.     
Аудан бойынша: қалада 274 жағдай тіркеліп, оның 167-і 14 жасқа дейінгі балалар болса, 24-і жасөспірімдер арасында тіркелді,  ауылдық жерлерден– 292 жағдай тіркеліп, оның 129-і 14 жасқа дейінгі балалар болса,22-сі жасөспірімдердің үлесінде.
Тіркелген жедел респираторлық вирусты жұқпалардың ішінде стационарлық жағдайда емделгені-15, оның ішінде екіқабат әйелдер саны – 7, 1 жасқа дейінгі бала саны –2.  Тұмау жұқпасы тіркелген жоқ.
Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау ауруы жылдың  барлық мезгілдерінде тіркеледі. Дегенмен жұқпаның жиі тіркелуі және көтерілуі күз, қыс мезгілдеріне тән. 
Тұмаумен  бір уақытта өте көп адам ауырады, өйткені ауру жылдам тарайды. Тұмаудың қоздырғышы – бірнеше түрлі вирустар. Екі-үш жылда бірнеше рет қайталанып тұруы және оны әр жағдайда әр түрлі вирус туғызуы мүмкін.
Тұмауға жеңіл-желпі ауру деп қарау қате әрі зиянды. Ол жұқпалы да қатерлі сырқат. Халық арасында «Тұмау түбі – құрт» деген сөз бар. Себебі бұл аурудың алдын алып, ем жолдарын қолданбаса, түрлі қосымша дерттердің тууына және асқынуына әкеліп соқтыруы ықтимал.
Тұмау науқас  адамнан сау адамға вирус арқылы жұғады. Яғни, инфекция көзі – ауру адам. Ол тыныс жолдарының жоғарғы жағына күшті зақым келтіреді. Тұмаумен ауырған адам жиі түшкіріп, жөтеледі де, оның сілекей тамшыларындағы вирустар жан-жаққа шашырайды. Тұмаудың бірінші белгілері бір-екі күнде санаулы сағаттың өзінде байқалады. Сөйтіп барып кенеттен, күтпеген жерден қатты басталады. Ауруға шалдыққан адам қалтырап тоңады, денесінің ыстығы 38-40 градусқа дейін көтеріледі. Және басы ауырып, кейде құсады. Тамақтың жыбырлап ауруы және жөтелу сияқты тұмауға тән белгілер көбінесе ауру басталғаннан кейін байқалады. Құрғақ жөтел екі-үш күннен кейін пайда болады. Мұндай кезде ауыз-мұрынның айналасы қызарып, ашып мазалайды.
Тұмау, әсіресе, жасы ұлғайған қарт адамдарға өте қауіпті, өйткені олардың ағзасының жас адамдардың ағзасымен салыстырғанда жұқпалы аурулардан қорғану мүмкіншілігі төмен. Тұмаумен ауырған науқас тұмаудан жатып емделмесе, ауру асқынып өкпенің немесе ми қабығының қабынуы мүмкін.
Сақтану жолдары: науқас аурудың алғашқы белгілері біліне бастағаннан бөлек бөлмеде жатып, дәрігер шақырту керек. Сырқаттың жанында болып, оған емдеу қолданатын адам бірмәртелік бетперде киіп, мұрын ішіне оксолин майын жаққан дұрыс. Науқас басқа адамдармен байланыстан аулақ болуы қажет, көпшілік орындарға баруды тоқтатқаны жөн.  Қолды сабынмен жуып, антисептикпен өңдеуі тиіс. Бөлмелерді, әсіресе жалпы пайдаланудағы орындарды әлсін-әлі желдетіп, үй-жайларды таза ұстауы қажет.
Егер өзіңіз немесе отбасыңыздың мүшелерінің бірі сырқаттанса, жұмысқа немесе балалар болса, балабақшаға, мектепке бармай, үй жағдайында жатып, дәрігер бақылауымен тиісті емдеріңізді алсаңыз, өзге адамдарға жұқтыру қаупінің төмендейтінін ескергеніңіз жөн.
А.САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы
25 сәуір 2022 ж. 622 0