Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жұқпалы ауруларға қарсы егілудің маңыздылығы

Жұқпалы ауруларға қарсы егілудің маңыздылығы

Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша  қазіргі таңда әлемде вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар бас көтеруде. Әлемнің 167 мемлекетінде  қызылша ауруы тіркелуде. Сонымен қатар көкжөтел ауруы да балалар арасында жиі тіркеле бастады. Бүгінгі  біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен  вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар туралы  болмақ.

Сұрақ: Вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар қатарына қандай аурулар жатады?
             Дүние жүзінде жұқпалы аурулардың түрлері мыңдап саналады, соның ішінде  құрөзек, сіреспе, көкжөтел, туберкулез, қызылша, қызамық, шошқа мойын, туа біткен қызамық синдромы,вирусты гепатит «В»,пневмококк , Б-типті гемофильді  жұқпаларға қарсы профилактикалық егу шараларын жүргізу арқылы ауру деңгейін азайтуға, өлім көрсеткішін төмендетуге мүмкіндік туды, ал тиімді вакцинаның арқасында шешек пен полиомиелит аурулары жойылды.
 Сұрақ: Жұқпалы ауруларға қарсы егілудің қандай маңызы бар?
Дүние жүзінде бүгінгі таңда 1,5 млрд адам түрлі жұқпалы ауруларға қарсы егілуде, 173 мемлекетте профилактикалық егулер жүргізілуде, егулердің арқасында жыл сайын әлемде 3 миллионға жуық адамның өмірін сақтап қалуға, 750 мың баланы мүгедектіктен қорғап қалуға мүмкіндік туды. Дүние жүзінде жыл сайын бес жасқа дейін 12 млн бала түрлі аурулардан қайтыс болады, солардың 2,5 милионға жуығын қажетті вакциналарды уақытында егу арқылы бұл балаларды өлімнен аман алып қалуға болар еді.
Сұрақ : Жұқпалы ауруларға қарсы уақытында егу күнтізбесіне сәйкес егілмеудің зардаптары қандай?
    Жер шарында жыл сайын 10 млн адам туберкулезбен ауырып, 1 млн адам туберкулездің асқынуынан қайтыс болады. Балалар туберкулездің ең ауыр - туберкулезді менингит түрімен ауырып, 100 пайыз жағдайда бұл өлімге әкеліп соқтырады. Сондықтан балаларды туберкулезден қорғау үшін сәби өмірге келгенде перзентханада  туберкулезге қарсы егіледі.
    Ауа арқылы таралатын жұқпалы дерттің бірі – құрөзек. Жыл сайын жер шарында 5 мың адам құрөзектен қайтыс болады.  Құрөзек ағзаның барлық мүшелерін зақымдайды, клиникалық белгілері тез дамып, ең көп асқыну жағдайын береді. Құрөзекке қарсы  балалар 2,3,4,18 айлығында егіледі, ал қайталап егу шаралары 6,16,26,36,46,56 жаста жасалады.     
Сұрақ: Жаңа кіріспе сөзіңізде көкжөтел  ауруы балалар арасында тіркеле бастады дедіңіз, оның алдын алу үшін не істеу керек?
    Балалар арасында жиі таралған жұқпалы ауру – көкжөтел ауруы. Бұл жұқпалы ауру ауа арқылы таралады. Көкжөтел бактериясы балаларда қалың, жабысқақ шырыш дамуын тудыратын, кеңірдекті бітейтін және жөтелдің ауырсынып тарылуларын тудыратын бірнеше уытты бөліп шығарады.Көкжөтел ауруының асқынуларынан балада өкпе қабынуы және мидың зақымдануы болады. Көкжөтелге қарсы арнайы ем жоқ. Сенімді әрі тиімді әдіс –балаларды 2,3,4 және 18 айлығында құрөзек, сіреспемен  бірге көкжөтелге  қарсы ектіру.
Сұрақ: Полиомиелит ауруын жою үшін қандай пәрменді жұмыстар жүргізілді?
    Дүние жүзінде 10 млн адам полиомиелит ауруынан соң мүгедек болып арбаға таңылып  отыр, 1995-2000 жылдар аралығында дүние жүзі бойынша Ұлттық Егу күндерін өткізу нәтижесінде аурушаңдық 80 пайызға төмендеді, кейін әлем бойынша бұл ауру жойылды, тек  Пәкістан ,Ауғанстан, Нигерия секілді  дамушы мемлекеттерде ғана тіркелуде, басқа елдер бұл аурудан ада.
 Полиомиелит ауруының қоздырғышы әсіресе егілмеген балаға өте қауіпті. Аналар өз сәбилерінің аяқ-қолын күнделікті қарап, егер кішкене аяғын баса алмай немесе қолын қозғай алмай тұрса тез арада дәрігерге көрсету керек, уақытында арнайы емін алса, балада салданудың  алдын алуға болады. Жаңа күнтізбеге сәйкес полиомиелит ауруына қарсы балалар 2,3,4 және 12 айлығында егіледі.
Сұрақ: Ауа арқылы таралатын қандай аурулар бүгінгі таңда жиі тіркелуде?
    Ауа арқылы көп таралатын жұқпалы аурулардың қатарына қызылша, қызамық, шошқа мойын ( эпидемиялық паротит) аурулары жатады. Бүгінгі таңда қызылша ауруы Арал ауданында да тіркеліп отыр. Жер шарында жылына қызылшадан 900 мыңға жуық бала қайтыс болады, қызылшадан асқынулар-өкпенің, тыныс жолдарының, мидың қабынуы болады. Қызылшаға қарсы 1 және 6 жасында егіледі. Қызамыққа қарсы егілмеген әйелдер жүктіліктің алғашқы 3 айында ауырса 50 пайыз жағдайда түсік тастайды, 70 пайыз жағдайда олардың сәбиі  саңырау, соқыр, мылқау, ақыл-есі кем болып туылады. Республикамызда 2005 жылы 15-25 жас аралығындағы жастар, 2006 жылы 18-39 жас аралығындағы әйелдер қызамыққа қарсы жаппай егілді. Бүгінгі таңда күнтізбеге сәйкес балалар 1 және 6 жасында  қызамыққа қарсы егіледі. Шошқа мойынмен ауырған балаларда мидың қабынуы болады, бала есту қабілетінен айырылады, ал ер балаларда белсіздікке апарып соқтырады. Шошқа мойынға  қарсы балалар 1 және 6 жасында егіледі.
Сұрақ : Егу шараларына қай мемлекеттердің вакцинасы қолданылады?
       Егу шараларына Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының арнайы тексеруінен өтіп, қауіпсіздік талаптарына сай сертификат берілген вакциналар қолданылады, оның ішінде Франция, Англия, Жапония, Бельгияның  озық технологиямен жасалған вакциналары бар, бұл вакциналар дүние жүзінің 120 мемлекетінде қолданылады.
Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан: К. ЗДЕНОВА 
Фото: egemen.kz
26 наурыз 2024 ж. 3 740 0