Қызылша ауруының алдын алу жолдары қандай?

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы Сатекеевамен Арал ауданында қызылша ауруының тіркелу деңгейі, оның алдын алу шаралары туралы болмақ.
– Ауданымызда қазіргі кезде қызылша ауруының тіркелу деңгейі қалай?
– Арал ауданында 2023 жылдың тамыз айынан бастап жылдың аяғына дейін қызылша ауруының алғашқы диагнозымен 407 ауру тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар -310, яғни жалпы ауырғандардың 76,2 пайызын құрап отыр.2024 жылдың қаңтар айынан бастап қызылша ауруының алғашқы диагнозымен 94 ауру тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар -80, яғни жалпы ауырғандардың 85,1 пайызын құрап отыр.
Ауырғандар негізінен 5 жасқа дейінгі балалар, олардың үлесі ауырғандар арасында 72,2 пайыз құрады.Осы ауырғандар арасында қызылшаға қарсы егілмеген адамдар 75,1 пайыз құраса, ата-анасының қарсылығына байланысты егілмеген балалар 25,2 пайызын құрап отыр. Балаларын қызылшаға қарсы ектірмеген ата-аналар балаларының денсаулығын қатерге тігіп отырғанын ойласа екен деген өтінішіміз бар.
– Қазір тіркеліп жатқан қызылша ауруының клиникасының ерекшелігі неде?
– Қызылша ауруының вирусы өзінің аса жұқпалылығымен ерекшеленуде, вирус өте қауіпті және клиникалық белгілері өте ауыр өтуде.
Қазіргі қызылшамен ауырған жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балаларда ауру ауыр клиникалық белгілерімен ерекшеленуде, дене қызуының жоғары температураларға дейін көтерілуі, соның салдарынан балаларда тырысу белгілерінің пайда болуы, өкпеде қабыну белгілерінің жиілеуі , жалпы иммуниттетті әлсіретуі, соның салдарынан басқа да созылмалы ауруларды қоздыру қаупі ұлғаюда.
– Айтыңызшы , қызылша ауруынан қорғанудың қандай тиімді тәсілдері бар?
– Әрине,қызылша ауруынан қорғанудың тиімді жолы - 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату. Сонымен қатар 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшаға қарсы егілуге тиіс.
– Қызылша ауруынан балаларды қорғау мақсатында қосымша екпелер қаралды ма?
Жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауру деңгейін азайту, балаларды қызылша ауруынан қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 01 қараша 2023 ж. №7 қаулысына сәйкес республика бойынша 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы балаларға 2023 жылдың қараша мен 2024 жылдың сәуір айларының аралығында және бұрын қызылшаға қарсы егілгеніне қарамастан 2 - 5 жас аралығындағы балаларға 2023 жылдың 27 қарашасынан бастап қызылшаға қарсы егу шаралары жүргізілуде.
Арал ауданында қызылшаға қарсы егу шарасына 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы 1125 бала жоспарланып, бүгінгі таңға 1107 бала егіліп, қамту пайызы 98,4 пайызды құраса, 2-5 жас аралығындағы 5250 бала жоспарланып, 5218 бала егілді, яғни 99,4 пайыз қамтылды. Егу шаралары неғұрлым ерте аяқталса, егу шарасынан соң 21-28 күнде балалардың ағзасында қызылша ауруына қарсы тұру қабілеті қалыптасып, бұл балалар қызылша ауруынан қорғалады.
Егу шарасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алған вакцина қолданылады. Ауруды еңсерудің нақты жолы - балаларды қызылшаға қарсы егіп, 6 айлық сәбилерден бастап 5 жасқа дейінгі балаларды қызылша ауруынан қорғау.Балаларыңызды қызылшаға қарсы ектіріңіздер!
Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен,: Гүлмарал САҚТАПОВА Сурет: ашық дереккөз