Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылшаға қарсы егілу - аурудан сақтанудың тиімді жолы

Қызылшаға қарсы егілу - аурудан сақтанудың тиімді жолы

Республика, облыс, аудан көлемінде қызылша ауруынан эпидемиологиялық жағдай күрделеніп отыр. Арал ауданында тамыз айынан бастап жыл соңына дейін қызылша ауруының алғашқы диагнозымен 407 ауру тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар -310, яғни жалпы ауырғандардың 76,2 пайызын құрап отыр. Ауырғандар негізінен 5 жасқа дейінгі балалар, олардың үлесі ауырғандар арасында 69,5 пайыз құрады, оның ішінде қызылшаға қарсы егу жасына толмаған бір жасқа дейінгі балалар -96, яғни 23,5 пайыз.
Қазіргі қызылшамен ауырған бір жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балаларда ауру ауыр клиникалық белгілерімен ерекшеленуде, дене қызуының жоғары температураларға дейін көтерілуі, соның салдарынан балаларда тырысу белгілерінің пайда болуы, өкпеде қабыну белгілерінің жиілеуі байқалуда. Қызылша ауруы пневмония, бронхит, ми қабығының қабынуы секілді ауыр асқынуларымен қауіпті.
Қызылша ауруының арнайы емі жоқ. Қызылша ауруынан сақтанудың тиімді жолы - 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату. Сонымен қатар 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшаға қарсы егілуге тиіс.
Бір жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауру деңгейін азайту, балаларды қызылша ауруынан қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 01 қараша 2023 ж. №7 қаулысына сәйкес республика бойынша 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы балаларға 2023 жылдың қараша айының 6-шы жұлдызынан бастап қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Сонымен қатар 2 жас - 4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балаларға бұрын қызылшаға қарсы егілгеніне қарамастан 2023 жылдың 27 қарашасынан бастап қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы егу шаралары жүргізілуде. Қызылшаға қарсы егілу аурудан қорғайды, ауырған жағдайда да аурудың асқынуларының алдын алады.
Егу шарасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алған вакцина қолданылады.
Қызылша ауруының алдын алу шараларына мән беріп, Өздеріңізді және балаларыңызды қызылша ауруынан қорғаңыздар!Балаларыңызды егу бөлмелеріне апарып, қызылшаға қарсы егу шарасын жасатуға шақырамын!

А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы

Фото: massaget.kz
05 қаңтар 2024 ж. 412 0