Қызылшаға қарсы егу шарасы - ауруды еңсерудің жолы

Қазіргі қызылшамен ауырған жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балаларда ауру ауыр клиникалық белгілерімен ерекшеленуде, дене қызуының жоғары температураларға дейін көтерілуі, соның салдарынан балаларда тырысу белгілерінің пайда болуы, өкпеде қабыну белгілерінің жиілеуі , жалпы иммуниттетті әлсіретуі, соның салдарынан басқа да созылмалы ауруларды қоздыру қаупі ұлғаюда.
Қызылша ауруынан сақтанудың тиімді жолы - 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату. Сонымен қатар 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшаға қарсы егілуге тиіс.
Жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауру деңгейін азайту, балаларды қызылша ауруынан қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 01 қараша 2023 ж. №7 қаулысына сәйкес республика бойынша 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы балаларға 2023 жылдың қараша мен 2024 жылдың сәуір айларының аралығында және бұрын қызылшаға қарсы егілгеніне қарамастан 2 - 4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балаларға 2023 жылдың 27 қарашасынан бастап қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы егу шаралары жүргізілуде.
Арал ауданында қызылшаға қарсы егу шарасына 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы 969 бала жоспарланып, бүгінгі таңға 741 бала егіліп, қамту пайызы 76,4 пайызды құраса, 2-4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы 4842 бала жоспарланып, 1345 бала егілді, яғни 27,7 пайыз қамтылды. Егу шаралары неғұрлым ерте аяқталса, егу шарасынан соң 21-28 күнде балалардың ағзасында қызылша ауруына қарсы тұру қабілеті қалыптасады.
Егу шарасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алған вакцина қолданылады.
Қызылша ауруының алдын алу шараларына мән беріп, Өздеріңізді және балаларыңызды қызылша ауруынан қорғаңыздар!
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы:
Сурет: egemen.kz