Қызылша ауруынан сақтаныңыз!

Қызылша ауруы – жедел дамитын жұқпалы ауру. Қызылша ауруының қоздырғышы ауру адамнан сау адамға ауа арқылы жұғады. Қызылша ауруының жасырын өту кезеңі 7-21 күн аралығында, орташа 7-10 күн, аурудың басталу кезеңі 3-5 күнге созылады, науқастың дене қызуы көтеріледі, жоғарғы тыныс жолдары қабынып, құрғақ, қақырықсыз, қатқыл жөтел пайда болады. Мұрнынан су ағып, дауысы қарлығады, ентігу, ауыз-жұтқыншақтың алаулап қызаруы, көздің қызаруы, жасаурауы, іші өтуі мүмкін. Айрықша белгілерінен бұл кезеңде ұрттың сілекейлі қабығында кіші азу тістер деңгейінде дақтар пайда болады. Қатты таңдайда, бадамша безде, жұтқыншақтың артқы жағында да қызарған дақтар пайда болады. Ал аурудың нағыз қызған кезеңінде дене қызуы жоғары деңгейге дейін көтеріледі, ағзаның улануы байқалады. Осы кезеңде денеде бір-бірімен қосылған анық қызыл бөртпелер пайда болып, бірінші күні бетке, құлақ артына, мойынға, кеуденің жоғарғы бөлігіне, екінші күні кеудеге, қолдың жоғарғы жағына, ал үшінші күні қол мен аяққа тегіс тыстап бөртпелер шығады. Үшінші күннен кейін бөртпелер біртіндеп қайтады, теріде дақтар қалады. Аурудың айналасындағыларға денесінде бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн, бөртпе пайда болғаннан кейін 4 күн ішінде ауру жұқтыру қаупі жоғары. Қызылшамен ауырған адамдар арасында өкпенің жедел қабынуы, құлақтың естімей қалуы, көздердің көрмей қалуы, мидың жедел қабынуы секілді асқынулар кездеседі. Сондықтан ауру белгілері байқалғанда тез арада дәрігерге көріну қажет. Қызылшаның арнайы емі жоқ.
Қызылша ауруынан сақтанудың тиімді жолы - 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату. Сонымен қатар 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшаға қарсы егілуге тиіс. Егу шарасына дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алған вакцина қолданылады. Қызылша ауруының алдын алу шараларына мән беріп, өздеріңізді және балаларыңызды қызылша ауруынан қорғаңыздар!
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы