Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданы көлемінде қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы

Арал ауданы көлемінде қызылша ауруының эпидемиологиялық жағдайы

Аудан тұрғындары арасында, оның ішінде балалар арасында қызылша ауруының тіркелу деңгейі күннен -күнге өсіп, эпидемиологиялық ахуал «қолайсыз» боп бағалануда.
2023 жылдың тамыз айынан бастап қазан айының осы кезге дейінгі мерзімі аралығында қызылша ауруының жалпы 73 жағдайы тіркеліп, оның 40-ы лабораториялық жолмен нақтыланды. Аурудың 64 жағдайында, яғни 87,7 пайызында 14 жасқа дейінгі балалар ауырып отыр.
Кәсіби құрамына қарай : мектеп оқушылары- 9, балабақша тәрбиеленушілері -20, жұмыссыз-6,қызметкер-3,жұмысшы-1, ұйымдаспаған топ балалары-34.
Аудан бойынша тіркелген жалпы қызылша ауруының 29 жағдайы, яғни 39,7 пайызы білім беру және мектепке дейінгі балалар арасында тіркелсе, 46,6 пайызы ұйымдаспаған топ балалар арасында тіркеліп отыр. Қызылшаны негізінен балалар ауруы деп білетін болсақ, қазіргі кезде жасқа қарамай бұл аурумен ересек адамдар да ауруда.
Ауданда тіркелген қызылша ауруына талдау жасайтын болсақ, ауру үстіміздегі жылдың тамыз айынан бастап тіркеле бастады, яғни тамыз айында алғашқы диагнозбен-20 жағдай, барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар, қыркүйек айында 34 жағдай,оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны-30, қазан айының 01-ші жұлдызы мен 11-ші жұлдызы аралығында – 19 жағдайы тіркеліп, оның 12-і жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алды. Аурушаңдықтың 83 пайызында науқас балалар қызылшаға қарсы егілмеген немесе егу шарасының толық турын алмаған, 21,8 пайызында жастары келмеуі себепті қызылшаға қарсы егілмеген.
Эпидемиологиялық болжамға сүйенсек, алдағы уақытта қызылша ауруының көрсеткіші өсуі мүмкін.
Қызылша туралы жалпы не білеміз ?
Қызылша – ауа-тамшы жолымен берілетін, кең таралған жіті инфекциялық ауру, көбінесе балалар ауырады. Қызылша бүгінгі күні ең жұқпалы аурулардың бірі. Бұл инфекцияға шалдыққыштық 100% - ол дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
Ауру алғашқы кезде суық тию белгілері сияқты басталады,яғни дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы, іріңдеуі, тамақтың қабынуы тәрізді белгілер болады. Аурудың 2-4-ші күнінен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы ауру жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін созылады.
Қызылшамен ауырған науқас дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті емін алмаса, ауру асқынып, құлақ ортасының қабынуына (отит), бронхопневмонияға, мойын лимфа түйіндерінің қабынуына, ларингитке, энцефалитке ұласып кетуі мүмкін. Асқыну көбінесе 5 жасқа дейінгі балаларда немесе 20-дан асқан ересектерде болады.
Егер Сіз немесе Сіздің балаңыз ауырған жағдайда:
- катаралды құбылыстармен (дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік) байқалып және бөртпе шығып аурудың бірінші белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралып, жоғарыда аталған ауруларға тексеруден өтіңіз және дәрігердің барлық нұсқауларын орындаңыз
- ауыр жағдайларда жедел жәрдем шақыртыңыз
- дәрігер келгенге дейін туыстарымен, таныстарымен және басқа адамдармен байланысты шектеңіз
- жөтелген және түшкірген кезде бет орамалды немесе сулықты пайдаланып, ауызды және мұрынды жауып, қолды сабынмен жиі жуыңыз
- тыныс алу ағзаларының қорғаныш құралдарын (мысалы, бетперде немесе дәке таңғыш) пайдаланыңыз
Алдын алу шаралары : Жоғарыда аталған инфекцияларға қарсы ең нәтижелі шара-қызылшаға қарсы алдын ала егілу болып табылады. Елімізде егу шараларының күнтізбесіне сәйкес жоспарлы түрде баланың 1 жасында, 6 жасында қызылша, қызамық, шошқа мойынға қарсы құрамдастырылған ҚҚП вакцинасы егіліп келеді. Бұдан басқа қызылшамен ауыратын адаммен тығыз байланыста болған 30 (отыз) жасқа дейінгі бұрын егілмеген, егілгені туралы деректері жоқ немесе осы инфекцияға қарсы екінші профилактикалық егуі жоқ адамдарға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы егу шарасы жүргізіледі. Егу шарасы шұғыл түрде науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 (жетпіс екі) сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі.
Егілген адамдарда 95 пайызда иммунитет қалыптасып, осы инфекциялармен ауру қаупі төмендейді.
Құрметті аудан тұрғындары, ата-аналар!
Қызылшаға қарсы егілу Сізді және Сіздің балаларыңызды аурудан қорғайды және болашақтағы дені сау ұрпақтың кепілі болып табылады.
А.САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық Сэбб басшысы 


Сурет: ​baq.kz​​​
12 қазан 2023 ж. 435 0