Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылшаға қарсы егу шарасы - ауруды еңсерудің жолы

Қызылшаға қарсы егу шарасы - ауруды еңсерудің жолы

Республика, облыс, аудан көлемінде қызылша ауруынан эпидемиологиялық ахуал күрделеніп отыр. Арал ауданында қазіргі таңда қызылша ауруының 398 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балаларсаны -334, яғни жалпы ауырғандардың 83,9 пайызын құрап отыр. Ауырғандар негізінен 5 жасқа дейінгі балалар, олардың үлесі ауырғандар арасында 52,6 пайыз құрады, оның ішінде қызылшаға қарсы егу жасына толмаған бір жасқа дейінгі балалар -72, яғни 18,1 пайыз, 27 бала денсаулығына байланысты егу шарасын ала алмаған, яғни 7,6 пайыз, ата-анасының қызылшаға қарсы егу шарасынан бас тарту себепті егілмеген 72 бала, яғни 18,1 пайыз құрады. Қызылшаны негізінен балалар ауруы деп білетін болсақ, қазіргі кезде жасқа қарамай бұл аурумен ересек адамдар да ауруда. Жалпы тіркелген 354 жағдайдың 66 жағдайы ересектер арасында тіркеліп отыр.
Аурушаңдықтың 113 жағдайы облыс орталығындағы вирусологиялық лабораторияда имунноферменттік зерттеу жолымен нақтыланды, басқа диагнозға өзгертілгендері-23, қалғандары лабораториялық жолмен тексерілу үстінде. Вирусологиялық лабораторияда имунноферменттік зерттеу жолымен нақтыланған 113 науқастың 14 жасқа дейінгі балалары – 94, ересектері – 19.
Аудан бойынша тіркелген жалпы қызылша ауруының 130 жағдайы, яғни 32,7 пайызы білім беру және мектепке дейінгі балалар арасында тіркелсе, 46,3 пайызы ұйымдаспаған топ балалар арасында тіркеліп отыр.
Қазіргі қызылшамен ауырған жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балаларда ауру ауыр клиникалық белгілерімен ерекшеленуде, дене қызуының жоғары температураға дейін көтерілуі, соның салдарынан балаларда тырысу белгілерінің пайда болуы, өкпеде қабыну белгілерінің жиілеуі , жалпы иммуниттетті әлсіретуі, соның салдарынан басқа да созылмалы ауруларды қоздыру қаупі ұлғаюда.
Қызылша ауруынан сақтанудың тиімді жолы - 1 жасында және 6 жасында қызылшаға қарсы жоспарлы егу шараларын жасату. Сонымен қатар 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы егілмеген, егілгені жөнінде дерегі жоқ адамдар да қызылшаға қарсы егілуге тиіс.
Қазіргі кезде жасқа толмаған және 5 жасқа дейінгі балалар арасында ауру деңгейін азайту, осы жастағы балаларды қызылша ауруынан қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 01 қараша 2023 ж. №7 қаулысына сәйкес аудан бойынша 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы балаларға және бұрын қызылшаға қарсы егілгеніне қарамастан 2 - 4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балаларға қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы егу шаралары жүргізілуде.
Арал ауданында қызылшаға қарсы егу шарасына 6 ай мен 10 ай 29 күн аралығындағы 1066 бала жоспарланып, бүгінгі таңға 759 бала егіліп, қамту пайызы 71,2 пайызды құраса, 2-4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы 4559 бала жоспарланып, 2269 бала егілді, яғни 49,7 пайыз қамтылды. Бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасынан тағы да 2000 доза қызылшаға қарсы егу вакцинасы жеткізіледі. Егу шаралары неғұрлым ерте аяқталса, егу шарасынан соң 21-28 күнде балалардың ағзасында қызылша ауруына қарсы тұру қабілеті қалыптасады.
Егу шарасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алған вакцина қолданылады.
Қызылша ауруының алдын алу шараларына мән беріп, Өздеріңізді және балаларыңызды қызылша ауруынан қорғаңыздар!
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы:


Сурет: ашық дереккөз 
11 қаңтар 2024 ж. 239 0